
Еркебұлан Сейдахмет бұрынғы командасы «Қайратқа» қарсы өтетін Қазақстан Суперкубогы үшін болатын бәсеке туралы пікірін айтты.
Сондай-ақ, жартылай қорғаушы жаңа клубтағы мақсаттарымен де бөліскен.
«Иә, «Қайратпен» өтетін ойын мен үшін ерекше, бұл командада бес жыл доп тептім ғой. Жанкүйерлерге сол кездегі қолдауына алғыс айтамын, алайда қазір жаңа кезең басталды. Жаңа командаммен жеңістер мен чемпиондыққа ұмтыламын.
Маусымдағы мақсат па? Жеңістен жеңіске жетіп, «Ақтөбе»-нің табысына өзімнің үлесімді қоссам деймін. Содан кейін әрине Құдай бұйыртып маусым соңында жанкүйерлермен чемпиондықты тойласақ», - деді Е. Сейдахмет.
Еркебұлан Сейдахмет өткен маусымда «Қайрат» сапындағы чемпиондық маусымда 18 ойында алаңға шығып, бір гол салған болатын. Жалпы, алматылықтар сапында 107 кездесуде өнер көрсетіп, сегіз гол салып, 10 ассист берген. Бұдан бөлек талдықорғанның «Жетісуі» мен ресейлік «Уфа» жейдесінде доп тепті, питерлік «Зениттің» қаралымында болды және Болгария чемпионатында «Левски» командасының намысын қорғады.
Айта кетейік, бүгін санаулы сағаттардан кейін «Ақтөбе» мен «Қайрат» Қазақстан Суперкубогін сарапқа салады. Кездесу 15:00-де басталады.
Біздің серіктес: FONBET