Еркебұлан Сейдахмет - "Қайрат" ойыншысы атанды

26.06.2019, 02:19
Еркебұлан Сейдахмет - "Қайрат" ойыншысы атанды
Тараз футбол мектебінің түлегі елге қайтып оралды. Бүгін "Уфа" клубы өзінің ресми сайтында қазақстандық ойыншы Еркебұлан Сейдахметтің "Қайрат" сапына ауысқанын хабарлады. Жас шабуылшымен "Қайрат" арасындағы келісім-шарт 3+2 жүйесінде жасалған. Айта кетейік, 20 жастағы жартылай қорғаушы үлкен футболдағы алғашқы қадамын "Тараз" клубынан бастап еді. Қазақстан премьер-лигасында алғашқы ойынын 2017 жылдың 1 сәуірінде "Тобылға" қарсы өткізді. ҚПЛ-да жалпы алғанда 15 ойын өткізіп, 1 гол салған.

Содан соң 2018 жылдың ақпанында "Уфа" сапына ауысқан болатын. Ал өткен маусымның соңын Болгарияның "Левски" командасында жалда өткізген-ді. Ресей біріншілігіндегі тұсаукесер матчын 2018 жылдың наурыз айында "Анжиге" қарсы өткізді. Осылайша, Еркебұлан Ресей чемпионатында 2000 жылы дүниеге келіп, алаңға шыққан бірінші жас футболшы атанды. 

София қаласының ұжымы жейдесінде бірінші ойынын 2019 жылдың 15 наурызында "Вереи" клубына қарсы өткізді. Біріншілік қорытындысы бойынша Еркебұлан Сейдахмет Болгарияның чемпионатының қола жүлдегері. Ал ұлттық құрама сапында Еркош гол соққан ең жас футболшы екенін де айта кетуіміз керек. (Венгрия құрамасына қарсы жолдастық кездесу кезінде жасы 18 жас, 1 ай, 19 күн болған).

Шамкен БАЙЫРБЕК.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×