"Елімай" көш бастай ала ма?

18.05.2024, 08:25

Осы сенбі-жексенбіде ҚПЛ-дің тоғызыншы турындағы алты ойынды тамашалаймыз. Бүгін "Атырау" мен "Астана" ашатын турды, ертең "Елімай" мен "Қайрат" қортындыламақ. 9- турда тағы қандай қызықтар бар? 

"Елімай" көш бастай ала ма?
"Елімай" ФК кездесуінен

"Атырау" - "Астана": Елордалықтар фаворит пе? 

Елордалық клубты анық фаворит деуге аузың бармайды. Биыл "Астана" премьер-лигадағы 12 жыл ішіндегі ең сәтсіз маусымының бірін өткізуде. Бір кездері даусыз гегемон саналған ұжым әзірше тек төрешілердің жұмысына сын айтуымен аты шығып жүр. Мысал үшін, Григорий Бабаян шәкірттері ҚПЛ-дің соңғы 5 бәсекесінде тек бір рет жеңіске жеткен. Жеті ойында 7 ұпай жинаған "мұнайшылардың" да өз ойлағаны бар шығар. Оның үстіне статистика да бүгін алаң иелерінің жағында. Былтыр "Атырау" екі матчта да "Астанаға" дес бермепті. Енді бүгінгі кездесудің қалай өтетінін көрейік. 

"Ақтөбе" - "Ордабасы": Алыптар айқасы

Бұл бүгінгі күннің ғана емес, жалпы турдағы орталық ойын. 10 күн бұрын Кубок бәсекесінде ақтөбеліктер камбэк жасап, шымкенттіктерді тақырға отырғызып кеткен еді. Енді осы жолы" Ордабасы" үшін есе қайтаратын жақсы мүмкіндік бар. Кубокте кеткен есені қайтарып қана қоймай "Ақтөбеден" бірінші орынды неге тартып алмасқа? Шымкенттік команда ол үшін бүгін қарсыласын өз апанында буындырып, 3 ұпайды олжалап қайтуы керек. Айтуға оңай, бірақ өткен жолы "Тобылға" маусымдағы алғашқы жеңілісін "сыйлаған" Седнев шәкірттерінен бәрін күтуге болады. Өз басымыз керемет кездесу күтеміз. Айтпақшы, Умаев пен Самородов үшін голдар санын арттыратын мүмкіндік бар. 

"Шахтер" - "Тобыл": Қарағандылық клуб жеңілсе жағдайы күрт нашарлай түспек

Солтүстік дербиде  "Тобыл" анық фаворит. Милич Чурчич қатарынан екінші рет жеңіліске ұшыраудың салдарының алдын-алып қойған болар. Қостанайлық фанаттар "Ордабасыға" кеткен есені кешірсе, турнирлік кестенің соңындағы қарсыласқа "осечканы" түсіне қоймас. Оның үстіне амбициясы жоғары қостанайлық клуб үшін енді әр ұпай маңызды. Қателесе берсе, "Ақтөбе" бастаған пелатон жеткізбей кетуі кәдік. Одан кейін "Тобыл" үшін "кеншілермен" бәсекенің принципиалды сипаты бар. Былтыр қостанайлықтар Қарағандыда екі рет ұтылыпты. Алдымен Кубок ойынында, сосын ҚПЛ-де "Шахтерге" жол берген. 

"Қайсар" - "Жеңіс": Аутсайдерлер айқасы

Иә, бұл екі команданың теке-тіресіне дәл қазір басқаша тақырып ойлап табу қиын. Командалар 11-12 орындарда көршілес орналасқан. Екі команда жанкүйер мен намысты ойласа, "Көрші ақысы, Құдай ақысы" дегенді ұмыту керек бүгін. Өткен жолы Виктор Кумыков қызылордалық клубтың басындағы ауыр жағдайларды баяндап еді. Енді содан шығудың жолдарын қарастырмаса, "Қайсардың" батқаны батқан. Бірақ, "Жеңістің" жағдайы да мәз емес. Сегіз ойынның бесеуінде жеңістің емес, басқа нәрсенің дәмін татқан астаналықтар үшін бүгін час икс болғалы тұр. Егер бүгін қызылордадан ұпайсыз қайтатын болса, "Жеңіске" келесі маусымда ҚПЛ-ді жоқ дей беруге болады. 

"Жетісу" - "Кызыл-Жар": Қазақстандық бапкерлердің дуэлі

Жексенбідегі қызық бәсекенің бірі. Қайрат Нұрдәулетовтің сүп-сүйкімді  "Жетісуы" Әли Әлиевтің "Қызыл-Жарын" қабылдайды. Екі команданың жағдайы бір-біріне қарама-қайшы. Талдықорғандық клуб соңғы үш турда тек жеңіске жетіп келсе, "Қызыл-Жарда" толықтай керісінше ситуация. Өткен турда "Ақтөбеден" кейін Әли Әлиев мырза салы судан кетіп "Біздің қақпаға бағытталған кез-келген соққы голға айналады" деген. Енді бұл матчтан кейін көңіл-күйі қалай болар екен? Маусымның басын сәтті бастаған петропавл ұжымына қазір жиналу керек. Әйтпесе, көзді ашып-жұмғанша аутсайдерлердің ортасына топ етіп түсіп қалу ықтималдылығы жоғары. Мына бетімен. 

"Елімай" - "Қайрат": Семей көш басына ұмтылады

Андрей Карповичтің көңіл-күйі көтеріңкі. Барлық турнирде барымызды саламыз деген еді "Елімай" бапкері. Бүгін "Спартакта" аншлаг, ерекше атмосфера орнайтын шығар. Қонаққа "Қайрат" келе жатыр. Алаң иелерінің қатарында Никита Корзуннің ойынына ерекше назар аударылады. Беларус футболшысына Семей жаққандай. Бас бапкер таппай, берекесі қашқан "Қайраттың" да аяғын ешкім байлап отырған жоқ қой. Бүгін қарсыласын ұтсын да бірінші орынға көтерілсін. Иә, бірақ бір моментті ұмытып барады екенбіз: ол үшін бүгін "Ақтөбе" "Ордабасыдан" айласын асырып кетпеуі керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 9
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×