Елбасының немересі "Локомотивте" ойнайтын болды

10.03.2011, 20:45
Елбасының немересі "Локомотивте" ойнайтын болды

Астаналық "Локомотив" командасы тағы бір ойыншымен толықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Айсұлтан Назарбаев осы маусымда астаналық клубтың намысын жыртатын болады.

Мектеп жасында Австрияның "Адмира" командасында өнер көрсеткен ол, еліміздің жастар ұлттық құрамасына алынады. Уэльспен өткен кездесуде тіпті, капитан болып алаңға шығады. Сол сәттен бастап оған ағылшындық клубтардың назары ауа бастайды. Роман Абрамовичтың клубы "Челси" оны өз сапына тартып, қосалқы командаға алады. Жастар арасында өзінің шеберлігін шыңдай жүріп Айсұлтан "Портсмутқа" ауысуды жөн санайды. Енді міне, тағдырдың жазуымен елбасының немересі астаналық "Локомотив" командасының намысын жыртпақ. Аталған клубтың ендігі қаржылық жағдайы жақсаратын шығар деген ой да жоқ емес. Нұрсұлтан Әбішұлы "Локоның" ендігі әр кездесуін "Астана-Аренадан" тікелей тамашалап отырса, оның өзі қазақ футболына қандай пайды десеңізші.

Әрине бұл жерде оның әкесі Рахат Әлиевтің де ықпалын айта кету керек. Кезінде қазақ футболын ұшпаққа шығарам деп тер төккен азамат, Еуропадағы біршама абройлы кісілермен араласқан еді. Сол таныс-тамырлықтың игі ықпалы болса керек, баласының даңқты клубтардан тәрбие алып, мықты ойыншыға айналуына жағдай жасапты. Қазақ футболы Рахат Әлиевтей тұлғаға қарыздар екенін айта келе, елде жүрген азаматтардың өз балаларын осылайша футболға беріп, қазақ футболының дамуына үлсе қосса екен деймін.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×