Беларусь футболшысы Дмитрий Бородин «Қайсардың» үстінен ФИФА-ға талап-арыз тастады. Екі маусым бойы қызылордалық клубтың сапында өнер көрсеткен легионер ойыншы жалақысын толық өтеп беруін талап етіп отыр.
Өз отанына оралған Бородин қазір «Гомель» командасының ойыншысы. Жергілікті басылымға Қазақстандағы өмірі мен футболшылық мансабы туралы сұхбат беріп, біраз сыр ақтарыпты.
- Дмирий, былтыр маусым аяқталысымен елге қайтамын деп шешім қабылдапсыз? Оған не себеп болды?
- Біріншісі, ол қарыз мәселесі. Менің қызым Қызылордада ақылы балабақшаға барды, әйелім қосымша жұмыс істеп, бір жағы оқуын жалғастырды. Былтыр жазға дейін ақшадан тарыққан жоқпыз. Маусым ортасынан бастап, жалақы кешіктіріле бастады. Тіпті, арасы ұзап кетті. Клуб басшылары әне-міне деп уәде беріп келіп, ақырсоңында 3-4 ай жалақы алмаған күйі кеттік. Өте қиын кезең болды. Жағдайды бағамдап, Қазақстаннан кетемін деп шештім. Бірақ, бапкерлерге, спорттық директор Мақсат Байжановқа жалпы клубтағы қызметкерлерге ешқандай тағатын айыбым жоқ. Қаржыландыру жоғары жақтан болмады. Жалпы команда бюджеті аз болса да, бізден де әлеуеті жоғары клубтардан жақсы ойнап, біріншілікті абыроймен аяқтадық.
- Қазір қарызды қайтару бойынша қандай да бір шаралар жасалып жатыр ма?
- Маусым аяқталысымен мен ФИФА-ға арыз жаздым. Және бұл іс-әрекетімді клубтың спорттық директорына ескерттім. Өйткені, сыластығымыз жақсы еді. Бұл менің ел асып, жер асып жүріп тапқан адал еңбекақым. Сондықтан, ақшамды алатыныма сенімді болу үшін ФИФА-ға арыздануыма тура келді. Әзірге, жалақыға берешекті қайтару бойынша ешқандай әрекет жоқ. Мәселеміз шешілетін шығар деп әзірге күтіп отырмыз…
Айта кетейік, беларусь футболшысы Дмитрий Бородин “Қайсар” ФК сапында екі маусымда 10 гол соғып, команданың көшбасшы ойыншыларының бірі болды. Ал биылдан бастап қызылордалық клуб толықтай легионерлерден бас тартты.
Біздің серіктес: FONBET