ДАНИЯ ҚҰРАМАСЫНДАҒЫ ДАУ-ДАМАЙ  

13.09.2018, 06:05
ДАНИЯ ҚҰРАМАСЫНДАҒЫ ДАУ-ДАМАЙ  
Дания құрамасында шу шықты. Дау-дамайды бастаған ұлттық команда футболшылары. Олар алдағы жолдастық және ресми кездесулерге қатысудан бас тартып жатыр. Дау-дамайға себеп болған жағдай қаржыға келіп тіреледі. Дания футбол федерациясы ұжымдық әріптестік негізінде жарнама агенттігімен келісім-шарт жасасқан. Алайда ұлттық құрамадағы көшбасшы футболшылардың өзге компаниялармен келісім-шарты бар. Сондықтан қаржылық мүддеден бөлек, компаниялар арасында да дау тууы мүмкін. Футболшылар федерацияның шешіміне қарсы шығып, ұжымдық келісімге қол қоюдан бас тартты. Дания құрамасының көшбасшы Кристиан Эриксен қауымдастық басшыларын айыптап, өз пікірін жеткізді. «Федерация футболшыларды ақшаға құныққан адамдар деп көрсеткісі келеді. Бірақ олай емес. Біз тек өз құқығымызды қорғап, жеке-жеке келісім-шартқа отырғымыз келеді. Әркім өз-абырой беделіне жауап бергені дұрыс. Біздің қалауымыз осы ғана» - дейді Эриксен. Дау-дамай ұзаққа созылатын түрі бар. Федерация да өз шешімінен бас тартқан жоқ. Нәтижесінде Словакиямен болған жолдастық ойынға төменгі лигада доп тебетін футболшылар қатысты. Олардың арасында әуесқойлар мен Данияның футзал құрамасында ойнаған төрт футболшы да бар. Бас бапкер Оге Харейде мен оның көмекшілері де уақытша шеттетілді. Ұлттық құраманың тізгінін әзірге Йон Йенсен ұстады.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×