![Чемпиондар лигасы: "Астана" - "ЧФР Клуждан" ары аса алмады](https://aladop.kz./cache/imagine/1200/uploads/post_items/2019/07/18/5ef3d513059855ae520262e95576eda5.jpg)
"ЧФР Клуж" - "Астана" 3:1.
Гол авторлары: Б. Омрани, 10, 73 мин, Е. Постников, 26 мин (автогол) - Р. Муртазаев, 4 мин.
Өкінішке қарай, жалпы екі ойынның қорытындысы бойынша 3:2 есебімен Румынияның клубы екінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.
Негізі қарымта матч "Астана" үшін тіпті керемет басталды. Небәрі 4 минутта Роман Мұртазаевтың айып алаңының сыртынан тепкен добы тордан бір-ақ шықты. Жалпы есеп 2:0 болып чепмиондарымыздың мүмкіндігі арта түскен.
Алайда, іске жылдам кіріскен алаң иелері 10 минутта таразы басын теңестіріп тынды. Оң қапталдан әуелете берген пасты Бийель Омрани сәтті түйіндеді. Осыдан соң "ЧФР" футболшыларының қарқыны екілене түсті. 26 минутта "Астана" қорғанысы сыр беріп, Евгений Постников өз қақпасына гол соғып алды. Бірінші тайм 2:1 -мен аяқталды.
Ал 2 таймда Дан Петреску шәкірттері өздеріне ауадай керек үшінші голды да соғып тынды. 73 минутта алаң қожайындары Абзал Бейсебековтің оң қапталын тағы бұзып өтті. Бұл жолы Абзалдың өзі де "көмекке келіп", Омранидің дубль жасауына септігін тигізді.
Өзіне қажет есепке қол жеткізген соң "ЧФР Клуж" қорғанысқа көбірек мән берумен болды. Ал "Астана" қанша тырысқанымен матчтағы екінші голды соға алмай кетті.
Шамкен БАЙЫРБЕК.
Біздің серіктес: FONBET