Болашағынан үлкен үміт күттіретін Юссуфа Мукоко күні кеше 16 жасқа толып, Бундеслигада ойнау құқығына ие болған еді. Бүгін 8-турда Берлинге қонаққа барған дортмундтық «Боруссия» жергілікті «Гертаны» 2:5 есебімен ойсырата ұтты. Ал матчтың 85-минутында Юссуфа Мукоко алаңға шығып, Нури Шахиннің 15 жыл бойы қаймағы бұзылмаған рекордын жаңартты. Осыған орай Aladop.kz сайты назарларыңызға аладопты ұршықша иірген вундеркинд жайлы азды-кем ақпаратты ұсынбақ.
Юссуфа 2004 жылы қараша айының 20-шы жұлдызы Камерун астанасы Яундеде дүние есігін ашып, 2014 жылы әкесінің ықпалымен Гамбургке қоныс аударады. Сөйтіп жергілікті «Санкт-Паули» клубына қабылданып, ол жерде екі жыл тер төгеді. Екі жыл ішінде өзін жақсы қырынан көрсетіп, дортмундтық команданың көзіне ілінеді. 13 жасында 15 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы турнирде 15 ойын өткізіп, 33 гол соғады. 15 жастағы ойыншыларды бұйым көрмеген Мукоко 17 жасқа дейінгі жастар арасына қосылады. Ол жақта 28 ойында 50 допты қақпаға тоғытып, 14 жасында U-19 сапына ауысады. Өзінен бес жас үлкен ойыншылар арасында 20 матч өткізіп, 34 голдың авторы атанады. Жастар арасында барлығы 88 ойынға қатысып, 141 гол соғып, 27 нәтижелі пас берген. Осылайша өте қысқа уақыт аралығында түрлі жас мөлшеріндегі деңгейлерді «қызылмен» бітіріп, 2020 жылдың қаңтарында негізгі құраммен жаттығып бастайды. Ол кезде 15 жаста болған соң Бундеслигада ойнай алмады. Өйткені 16 жастан асқан ойыншылар ғана алаңға шыға алады деген ережесі бар Бундеслиганың.
Жоғарыда айтқандай, Юссуфа «Гертаға» қарсы ойында 85 минутта покер авторы атанған Эрлинг Холандтың орнына алаңға шығып, Бундеслигада өнер көрсеткен ең жас ойыншы саналатын Нури Казым Шахиннің рекордын бұзды. Шахин 16 жас 335 күн дегенде «Вольфсбургке» қарсы кездесуде алаңға шықса, Мукоко 16 жасынан небәрі бір күн асқанда Бундеслига матчына қатысып отыр.
Мукоконың бет-әлпеті, физикалық тұрғыдан Ер Төстікке ұқсап ерте дамығаны, құрдастарынан әлдеқайда мықтылығы «Юссуфа шын мәнінде мұндай жас емес, Африкада туған соң жалған құжат істетіп алған» деген сияқты әңгімелердің шығуына себеп болды. Германия футбол федерациясы осы жөнінде арнайы зерттеу де жүргізді. Бірақ Мукоконың жасын өзгертіп алғандығы жөнінде ешқандай ақпарат табылмады. Осы жайында әкесі: «Сеніңіздер! Бұл оның шынайы жасы. Мери оны 16 жасында дүниеге әкелді. Одан ерте болуы мүмкін емес. Оның жасында мен одан да ересек көрінгенмін», - дейді.
Мукоко оң қолындағы білегін ылғи да сары байлауышпен байлап жүреді. Бұл ешқандай да тылсым күштерге сену емес. Оң білезігі ауырсынатын болған соң әдейілеп солай орап жүреді.
2019 жылы спорттық тауарлар өндіретін ірі компания NIKE-пен арнайы келісімшартқа қол қойған. Келісім бойынша Мукоко Бундеслига һәм Чемпиондар лигасында алаңға шығатын болса, бас-аяғы 10 миллион еуро сыйақы алады. «Санкт-Паулиге» алғаш келген кезінде аяғына киер аяқ киімі де болмапты. Сол кезде командалас досы өзінің бір бутсасын беріпті Мукокоға. Ал қазір Юссуфа әлемдік брендпен арнайы келісімге отырған. Сол досының жақсылығын ұмытпас деген ойдамыз.
Муки әлемге танымал ойыншы Лео Мессидің жанкүйері. Бір сұхбатында: «Ол басқалардан ерекше ойнайды. Мен оған ұқсағым келеді», - деген екен. Месси де өз жанкүйерін назардан тыс қалдырмаған. Мукоко 15 жасқа толғанда Месси өз жейдесін сыйлап, жеке құттықтау жолдаған.
20 жасқа дейінгі Германия ұлттық құрамасында ойнайды. Өзі туып-өскен Камерун құрамасына ойнауына да болушы еді, бірақ Мукоко Германия құрамасын таңдады. Негізгі құраманың бапкері Йоахим Лев: «Мукокода әркімнен кездестіре бермейтін ерекше талант бар», - дейді. Йоахим жас талантқа көз қырын жақсылап салып жүр. Сондықтан жақын күндері Германия ұлттық құрамасындағы дебютін де тамашалап қалуымыз әбден мүмкін.
Қазіргі таңда әр ойыннан голсыз кетпей жүрген «Боруссияның» тағы бір жас таланты норвегиялық Эрлинг Холанд: «Мен көрген 15 жасар футболшылардың ең үздігі. Оның жасында мен мұндай дүниелер істей алмағанмын», - деп таңданысын жасырмады. Шынында да Мукоконың өз қатарластары түгілі өзінен әлдеқайда үлкендерден де асып түсер шеберлігі бар. Оң аяқ болсын, сол аяқ болсын таңдамай соққы жасай береді. Негізі оңақай, бірақ сол аяғымен көптеп соққы жасайды.
Лондондық «Арсеналдың» ойыншысы Пьер-Эмерик Обамеянгпен достығы жайлы: «Оны 2016 жылы кездестірдім. Бірге фотоға түсіп, инстаграмға салдық. Содан кейін мен Обамеянгқа жаздым, бірақ ол менің хабарламамды оқымады да. Мен 2017 жылы U-17 сапында гол соға бастағанымда бәрі өзгерді. Обамеянг инстаграмдағы жазбаларыма лүпіл басып, менімен сөйлесе бастады. «Арсеналға» ауысып кетсе де, байланысымыз үзілген емес. Ол менің үлкен ағам іспеттес», - дейді Бундеслиганың ең жас ойыншысы.
«Шынымды айтсам, менің мақсатым – «Боруссиямен» бірге Чемпиондар лигасын және Бундеслиганы ұту. Сонымен қатар «Алтын допты» да қанжығама байлағым келеді», - дейді 16 жасар вундеркинд. Осы бетінен таймай, тынбай еңбек етер болса, «Алтын доптың» бірнешеуін алар қуаты бар бұл жігіттің.
Марғұлан ЖАҚЫП
Біздің серіктес: FONBET