Боранбаев бостандыққа лайық па?

«Қайрат» футбол клубының иегері бүгін 56 жасқа толды. Ол шынымен де қылмыскер ме?
Боранбаев бостандыққа лайық па?

Қайрат Боранбаев елде орын алып жатқан саяси жағдайлардың кезінде уақытша ұсталып, тергеуге алынды. Қазір бұл кісі жайында ақпараттар жиналып, қаржы айналымы түгел тексеріс үстінде. Алайда бұл кісінің қазақ спортына сіңірген еңбегі жайлы айтып өтпеске болмас. 2011 жылдан бастап Қайрат Боранбаев басқарған «КазРосГаз» компаниясы «Қайрат» футбол клубына демеуші болады. Кейіннен Қайрат Советайұлы клубты түгел өз бақылауына алады. Қарамағына өткен соң «Қайрат» түлеп сала берді. Сапалы легионерлер келіп, команда ішкі біріншілікте тұрақты түрде жүлдегер атна бастады. Еурокубок ойындарына қатысып, топтық кезеңнің алдынан қайтып жүрді. Одан бөлек бұл кісінің жасаған ең үлкен еңбегі «Қайрат» футбол клубына академия салып беруі. Бұрын клуб базасы болған ескі стадиондар түгел жаңартылып, заманауи келбетке ие болды. Шет елдерден келген футболшылар мен бапкерлер «Қайраттың» базасын көріп, таңырқап жүрді. Еуропаның көптеген клубтарында мұндай кешен жоқ деп таңданыстарын жасырмады.

Тек бірнеше трансфер кезінде қателік жасады. Бас бапкер Владимир Вайсты қызметінен алып тастауы дұрыс болмады. Кейіннен бір сұқбатында оны қазір қайтып шақыра алмаймын, ол Грузия құрамасының бапкері деп ішкі сырын айтып қалды. Орнына келген Шпилевский аса қатты көзге түсе алмады. Одан бөлек «Уфа» сапында ойнап жүрген Еркебұлан Сейдахметтің трансферін сатып алуы. Жарты миллион еуро төлеп, Ресей мен Болгария біріншіліктерінде ойнап жүрген жас футболшыны елге қайтарды. Қазір Е.Сейдахмет «Қайраттың» қосалқы құрамында жүр. Жас талант дами алмай, бір орында тұрып қалды. Оның шет елде жүре бергені дұрыс болар еді.

Екіншіден Қайрат Боранбаев Параолимпиада комитетінің төрағасы. Көптеген спортшыларға қолдау көрсетті. Параолимпиададағы біздің көрсеткішіміз жақсарып, медаль жеңген параспортшылар Боранбаев мырзаның қолынан бағалы сыйлықтар алды. Зағип жандарға көп көмектесіп, олардың керек жарақтарына да көп қаржы бөлді. «Қайрат» футбол клубының ішінен көз жанарында ақауы бар адамдарға арнайы футбол үйірмесін ашты. Мүмкіндігі шектеулі жандар Қайрат Советайұлын қолдаушысы ретінде көріп, пір тұтты.

Енді қазір қамауға алынған тұлғаның одан арғы тағдыры не болары белгісіз. Әрине, оны сот шешері анық. Алайда, Боранбаев елде ешқандай саяси қызметте болған жоқ. Не министр, не депутат, не әкім де болған жоқ. Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаевпен құда болмас бұрын да республикаға танымал бизнесмен еді. Оның қызы марқұм Айсұлтан Назарбаевтың жұбайы болған. Алматы қаласында «Алмалы», «Макдональдс» секілді ірі бизнестері бар. Егер сот үкімі Боранбаевты абақтыға қамау болса, онда «Қайрат» футбол клубының тағдыры не болмақ? «Супербол» жобасын ұйымдастырып, елдегі футболға атын таныстырып жүрген Тимур Турловтың соңғы кездері «Қайраттың» ойындарынан қалмай жүргенін білеміз. Жас кәсіпкер «Қайрат» клубын сатып алғысы келетін көрінеді. Бірақ, көптеген жанкүйер мен спортшылар, зағип жандар барлығы Қайрат Боранбаевтың ақталып шыққанын қалайды. Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей туысы Қайрат Сатыбалды сот шешімімен 12 миллиард теңге қаржыны қайтарғанын күні кеше ғана естідік. Ендігі кезек Қайрат Боранбаевтың сотына да келіп жеткен сыңайлы. Қазақ спортына, әсіресе футбол мен параолимпиадалық спортқа өте көп көңіл бөлген тұлғаның бостандыққа шыққанын қоғам қалап отыр.

Ермұхамед Мәулен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×