Беранектің Белектегі сынағы

10.02.2011, 19:20
Беранектің Белектегі сынағы

9 ақпан күні Қазақстан ұлттық құрамасы Беларусь футболшыларымен кездесті. Бұл матч біздің уақытпен сәрсенбі күні түнгі сағат 9-да басталды. Сондықтан бұл ойынды егжей-тегжей жазып үлгермейміз. Өйткені Түркияның Анталия қаласында өткен жолдастық кездесу түн жарымында аяқталды. Есесіне, осы матчқа дейінгі жалпы жағдай мен матчтың боладысына кеңірек тоқталып өтпекпіз. 

Баспасөз қызметкерлерінің семинарында

Әуелі еліміздегі футбол клубтарының баспасөз қызметкерлеріне арналып «Бельконти» қонақүйінде өткізіліп жатқан семинарына бардық. Ұйымдастырушы – Қазақстан футбол федерациясы.

Семинарды УЕФА-ның БАҚ департаментінің екі қызметкері жүргізді. Біреуі – кезінде Францияның «Пари Сен Жермен» клубында баспасөз қызметкері болған Хосе Карлин Перез де, екіншісі – Чехия құрамасында қызмет еткен эстон жігіті Маргус Льюик. Маргус орысша да сөйлейді екен. Бірақ олар журналистердің аталмыш семинарға бастан-аяқ қатысуына қарсы болыпты. УЕФА-ның талабы солай. Әйтсе де 20 минут олармен бірге отырып, екі күндік семинардың жұмыс барысымен танысуға рұқсат беріпті. Ішке кіріп отырдық. УЕФА өкілдері семинарды дәріс оқу тұрғысында емес, пікір алмасу үлгісінде өткізуге тырысып бақты. Өздерінің бастарынан өткен жағдайларды да мысал ретінде айтып, әлемдік тәжірибені көлденең тартып отырды. Әр клубтағы баспасөз қызметкерлерінің рөлі маңызды және жоғары екендігін баса айтып, олардың тәуелсіз болуы керектігін де тілге тиек етті. Клуб пен жанкүйерлер арасына дәнекер бола отырып, БАҚ-пен тығыз байланыста болуы қажеттігін айрықша айтып өтті. Сондай футболшылардың өз қабілеті мен мүмкіндігін толық жүзеге асыруына ықпал етіп, жас футболшыларға қолдау көрсету керектігі де әңгімеге арқау болды. Мұндайда БАҚ өкілдерімен сұхбат ұйымдастырып қана қоймай, өздерінің ресми сайттарына да осындай сұхбаттар жариялап отырудың пайдасы көп боларлығы да айтылды. Бізге бөлінген уақыт аяқталған соң, УЕФА өкілдерін тілге тарттық. Орысша сөйлей білетін Маргус біздің сұрақтарымызға жауап берді. Ол біздің клубтарымыздың баспасөз қызметкерлері арасында 15 жыл қызмет етіп келе жатқан, өз ісіне адал мамандардың бар екендігін сүйсіне атап өтті. Баспасөз қызметкерлері басында қысылыңқырап отырғанымен, бірте-бірте белсенділік танытып, бұл басқосуды өздері күткендей қызу пікір­таласқа айналдырып жібергендеріне ризашылығын білдірді. Ең бастысы, мұндай басқосуды УЕФА өкілдерімен бірге шетелде ұйымдастырып жатқан ешбір елді кез­дестірмегендігін де тамсана отырып жеткізді.

Ұлттық құрама жаттығуында

Түркия уақытымен кешкі сағат 5-те (бізде түнгі сағат 9 болғанда) ұлттық құрамамыздың жаттығу жұмысы өтетін «Посейдон» алаңына бардық. Біз барған соң жаттығу жұмысы да басталды. Бас бапкер Мирослав Беранек футболшыларды жіті бақылап, қимыл-қозғалыстарын мұқият қадағалауда. Бірінші бой қыздыру жаттығулары жүргізілді. Содан соң доппен жұмыс істеу жаттығуы өткізілді де, іле-шала футболшылар екіге бөлініп, қақпасыз доп қуып, тер төкті. Бір-біріне пас беріп, әр команда допты өздерінде көбірек ұстауға тырысты. Осы кезде бас бапкердің дауысы өктем-өктем шығып, доп алған және онымен допқа таласқан футболшыға кеңес берумен болды. Ал қақпашылар бөлек жаттықты. Бұдан кейін үш голкипер кезек-кезек қақпаға тұрып, футболшылар оларға допты қарша боратты. Ең артынан футболшылар екіге бөлініп, додаға түсті. Жаттығу жұмысы аяқталған соң бізге футболшылармен тілдесуге жеті минут уақыт берілді. Терлеп тұрған футболшыларға суық тиіп қалмас үшін осынша ғана уақыт бөлінді.

Бізге бәрінен де Самат Смақовтың «мен құрама сапына жаңадан алынған ойыншымын ғой, сондықтан алдымда үлкен сын тұр, өзімнің ұлттық құрама намысын қорғауға лайық екенімді дәлелдеуім керек» деп, өз ойын нық айтқаны ұнады. Нұрбол Жұмасқалиев пен Қайрат Нұрдәулетов жаттығу жұмыстары қызықты өтіп жатқандығын, өздерінің бар ынта­ларымен жаттығып жүргендерін айтты. Саматты да, Қайратты да, Давидті де (Лорияны айтамыз) құрама сапына қайта оралуларымен құттықтап, қазақтілді оқырмандар атынан сәттілік тіледік. Үшеуі де мәз болып қалды. Мұндайды күтпеген болса керек, Лория тіпті зор алғысын аузымен айтып жеткізе алмай, толқыды. Футболшыларымыз «біздің ойыншылар жаңа бапкердің жүктемесіне шыдай алмай жүр екен» деген сөздерді мүлде жоққа шығарды. Ренжімесе де, намыстанып қалды олар бұл сөздерге. Жаңа бас бапкерге өздерінің ұлттық құрама сапында ойнауға лайық екендерін көрсету үшін аянып жатқан жоқ екен ешқайсысы да. Сондықтан осындай екіге бөлініп ойнағанда, барлығы да аяқтарын тартып, аянып қалмай, табан тіресе додаға түсіп жатқан көрінеді. Әлгіндей дүлей дода кезінде бірнешеуі кішігірім жарақат алып қалыпты.

Қонақүйдегі кездесу

7 минуттық кездесуге біз тоқмейілсіген жоқпыз, әрине. Сондықтан Қазақстан футбол федерациясы бізді футболшылармен және бас бапкермен қонақүйде кездестірді. Футболшылардың бәрін шақырған жоқ, әрине. Ресми емес кездесуге Самат Смақов, Нұрбол Жұмасқалиев, Андрей Карпович, Давид Лория және Андрей Сидельников шақыртылды. Оларға сұрақ қойғанымызда бірінші болып Самат сөз сөйледі. Соған қатты риза болып қалдық. Самат жоқта қандастарымыз басқа жігіттердің көлеңкесінде қалып қойғандай болып көрінуші еді. Бұйығып, қысылып-қымтырылып жүретіндей болып көрінетін. Қазақы ұяңдығынан арылмайтын Нұрбол да тартыншақтап жүретіндей болып көрінетін. Екі жыл ұлттық құрама сапынан тыс қалған Самат бұл өзіне берілген соңғы мүмкіндіктердің бірі екендігін жете түсінетіндей. Қалған жігіттеріміз де жаңа бапкерге бәрін де басынан бастап дәлелдеу керек екіндіктерін жақсы біледі. Әрі бәрі де ұлттық құрамамыздың күзде өткен соңғы ойындарында өрнекті де, нәтижелі ойын өрнегін көрсете алмай, жанкүйерлерін жасытып алғаны жандарына батып жүргендігін сездірді. Сондықтан құрамаға жеңіс керек екендігі, ал ол үшін аянбай тер төгіп, азулы қарсыластарынан қаймықпай, «шайқасып», жанкүйерлерімізді қуантуға тырысатындықтарын айтты.

Ал бас бапкермен жарты сағаттай сөйлестік. Ол – өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан оны келесі жолға қалдырайық.

Нұрғазы Сасаев

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×