Бауыржан Байтана: «Ұлттық құраманы алға жетелейтін кезім келді»

04.06.2021, 15:38
Бауыржан құрамаға алғаш рет 2014 жылы шақырту алған.
Бауыржан Байтана: «Ұлттық құраманы алға жетелейтін кезім келді»

Солтүстік Македония – Қазақстан ойыны алдында Бауыржан Байтана баспасөз мәслихатында тілшілер сауалына жауап берді.

- Ең алдымен, ұлттық құрамаға оралғаныма қуаныштымын. Кезінде шақырту алып, дұрыс ойнай алмаған едім. Ол кезде жарақаттарым да әсерін берді. Өткен жылдан бері «Таразға» оралып, өзімнің ойынымды таптым. Қазір бабыма келіп үлгердім деп те айтуға болады. Десе де, әлі де болса дамуым керек. Өз-өзіммен жұмыс істеп, физика мен техникалық тұрғыда жеке жаттығып жүрмін. Күні кеше ғана үшінші балам дүние есігін ашты. Ес біліп, ақыл тоқтатқан шағым шығар деп ойлаймын. Сондықтан да, енді бар күшімді футболға саламын. Ұлттық құрамада ойнау кез-келген футболшының арманы ғой. Сондықтан да, осы жолы ұлттық құраманы алға сүйреп, жеңістерге жетелеймін деген ойдамын.

- Солтүстік Македония құрамасы жайлы бапкерлер қандай ақыл-кеңес айтты? Дайындықтарыңыз қандай деңгейде?

- Бапкерлер штабы қарсылас команданың күшті және осал тұстарын көрсетіп берді. Түгел түсіндіріп, оларға қарсы қалай ойнау қажет екенін айтты. Ендігі шаруа бізде. Алаңға шығып, қойылған тактиканы орындап берсек жаман болмайды. Әлбетте, Македония құрамасы сапында мықты ойыншылар көп. Мысалы, Англияда, Италияда доп теуіп жүрген танымал футболшылар бар. Оның үстіне бұл команда ЕУРО-2020 додасына қатысқалы отыр. Сондықтан да, Қазақстанмен ойын олар үшін соңғы дайындық десек те болады. Ал біз өз кезегімізде гол салып, ұпай алып кетуге тырысамыз. Бастысы жанкүйерге ұнайтын абыройлы ойын көрсету.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×