Басталды!

07.03.2011, 18:17
Басталды!
Кеше футболдан Қазақстан біріншілігі өз бастауын алды. Ел күткен той бұл. Алғашқы турда-ақ күтпеген нәтижелер орын алды. “Локомотив” – “Жетісу” матчы. Нағыз орталық кездесуге сұранып тұрған ойын екені айтпаса да түсінікті. Жақында ғана қоржынына суперкубокты салған Холгер Фах шәкірттері бұл ойында үш ұпайды оңай олжалаймыз десе керек. Бірақ маусымаралық үзілісте Сергей Остапенко (”Локомотив”), Сергей Скорых (”Шахтер”),өзбекстандық Ұлықбек Бақаев (”Тобыл”) сынды мықтыларды өз қатарына қосқан жетісулықтар биылғы чемпионатта үлкен табысқа жетуге бел байлаған сыңайлы. “Тәуекел түбі жел қайық”. “Жетісудың” алғашқы талпынысы сәтті. Астанада өз қарсыластарының қақпасына жауапсыз екі доп тоғытты талдықорғандықтар. Есепті Серікжан Мужиков ашты. Ал екінші голды Сергей Остапенко соқты. Ұтымды пас шығарған Бақаев екенін айта кетейік. Бүгінгі ойында “Локоның” белді ойыншысы суперкубок ойынында жарақат алған Андрей Карповичтың жоқтығы көзге ұрып тұрды. ОЙыннан соң сөз алған “Жетісу” бапкері Серік Әбдуәлиев “Бұл матчтың алдында Суперкубок ойынының таспасын бір қарап шықтық. Сол ойынның мәнісіне қарай ойыншыларға тапсырма бердім. Футболшылар өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады. Осының арқасында жеңіске жеттік. Және бүгін сәттілік бізге жолдас болды. Ал командаға жаңадан қосылған Бақаевтың ойыны көңілден шықты. Біріншіліктегі басты мақсатымыз – алтылыққа ену” деп ойын түйіндеді. Ал неміс маманы Холгер Фах: “Бүгін “Жетісу” өздерінің мықты команда екендіктерін дәлелдей білді. Біздің қателіктерімізді ұтымды пайдаланды. Бұл матчта біздің командада кіл жастар ойнады. Негізгі құрамның төрт ойыншысы жарақат алған. Оның ішінде суперкубок ойынында тамаша көзге түскен Драган Богавац бар. Ал Карповичтің орны біз үшін бөлек” деді. Алғашқы ойын Қазақстанның қазіргі чемпиондары үшін сәтсіз. Шымкентте қонақта болған “Тобыл” Азат Нұрғалиев (33 минутта) соққан жалқы голының арқасында үш ұпайдан айырылды. Азат Нұрғалиевта бұрын осы “Тобылдың” жейдесінде жасыл алаңға шыққаны есімізде. Остапенко мен Нұрғалиев өзінің бұрынғы клубтарының қақпасын қаңыратты. Бірінші лигада бір жыл доп теуіп, премьер лигаға қайта оралған “жыл құсы” “Восток” өз алаңында алматылық “Қайратты” жеңді. Ойын барысында соғылған жалқы голды серб Саша Добрич соқты. Сербиялық легионер ел біріншілігіндегі тұңғыш голдын тойлағанында айта кеткен жөн. Кездесуді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп тамашалады. Шығыс футболынан шырай кете бастағанда Бердібек Сапарбаева Өскемен футболының тамырына қайта қан жүгіртті. Былтырлары біраз даудың бел ортасында жүрген “Востокты” осы жылдан бастап облыс әкімдігі өз қамқорлығына алды. Енді кезек ел футболының ұлттық нышанына айналған Семейдің “Елім-айын” тірілтсе… Бүгінде “Спартак” деген атауға ие бұрынғы “Елім-айдың” халі мүшкіл. Бұл басқа тақырыпқа арқау болар үлкен мәселе. Бұл толғақты проблемаға алдағы уақытта қайта оралармыз. Енді ел біріншілігінің беташар туры жайындағы әңгімемізді жалғастырсақ. Өскемендегі ойыннан кейін баспасөз маслихатын өткізген қос бапкер бүгінгі матчқа өздерінше баға берді. “Қайраттың” бапкері Владимир Никитенко “Командам жинақы ойын көрсетті. Бірінші таймда жіберіп алған голға жауап қайтарар сәттер екінші таймда көп болды. Бірақ сол сәттерді ұтымды пайдалана алмадық” десе, “Восток” бапкері Вахид Масудов “Бірінші таймдағы әдемі гол бізге жеңіс сыйлады. Екінші таймда “Қайраттың” есепті теңестірер, тіпті еселер сәттері болды. Бірақ біздің қорғаныс сауатты ойнады” деп қысқа қайырды. Осы Өскеменнің “Востогы” енді екінші турда қызылордалық “Қайсармен” күш сынасады. Ал “Қайсар” өзінің биылғы маусымдағы алғашқы ойынын “Шахтерге” қарсы өткізеді. Ел біріншілігіне тыңғылықты дайындалды деген “Тараз” алғашқы турда шалынды. Ойынның басында Дамир Мемичевичтің автоголы павлодарлық “Ертіске” жеңіс сыйлады. Ал “Ақтөбе” өз алаңында “Атырауды” ұтты – 2:0. “Ақтөбе” бүгін сенімді қимылдады. Ел біріншілігінде топ жаруға басты үміткер саналатын “Ақтөбе” сапынан бүгінгі ойында Сергей Лисенков пен Марат Хайрулин көзге түсті. Премьер-Лига. 1 тур Локомотив– Жетісу – 0:2 Ордабасы– Тобыл – 1:0 Тараз– Ертіс – 0:1 Ақтөбе– Атырау – 2:0 Восток– Қайрат – 1:0 Команда            О Ұ Т Ж Д  Ұп 1 Жетісу            1 1 0 0 2/0 3 2 Ақтөбе             1 1 0 0 2/0 3 3 Ертіс               1 1 0 0 1/0 3 4 Ордабасы     1 1 0 0 1/0 3 5 Восток           1 1 0 0 1/0 3 6 Тобыл            1 0 0 1 0/1 0 7 Тараз              1 0 0 1 0/1 0 8 Қайрат              1 0 0 1 0/1 0 9 Локомотив    1 0 0 1 0/2 0 10 Атырау       1 0 0 1 0/2 0 11 Шахтер        0 0 0 0 0/0 0 12 Қайсар            0 0 0 0 0/0 0 аламан.кз
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Алдыңғы жаңалық
"Ордабасы"-"Тобыл"
Келесі жаңалық
Дәстүр мен жаңашылдық
Aladop Youtube
×