Нұралы Әліп 1999 жылы, Маңғаз Маңғыстау өлкесі, Ақтау қаласында дүниеге келді. Футболдағы алғашқы қадамдарын 2008 жылы жергілікті “Каспий” футбол клубында бастаған. Ол кездегі 9 жасар Әліптің алғашқы бапкері - Ержан Жаңбыров, қатал әрі талапшыл бапкердің арқасында күнделікті өмірде де, футбол аланыңда да өзін кәсіби деңгейде ұстай бастады.
2015 жылдың жазында 15/16 жастағы жеткіншектер арасындағы ел біріншілігі ойындарының бірінде ақтаулық “Каспий” алматылық "Қайратты" өз алаңында 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Сол ойыннан кейін Павел Петрович Черепановтың шақыртуымен, “Қайраттың" академиясына сынақтардан сүрінбей өтіп, үш жыл бойы академияның қабырғасында тәлім алады.
2015 жылы "Қайрат" - "Бордо" ойыны кезінде аланның ортасында жалауды ұстап тұрған Нұралы Әліп 5 жылдан кейін чемпион боларын кім білген?
Үлкен футболдағы алғашқы ойынын 2018 жылы “Қызылжарға" қарсы өткізеді. Бүгінгі таңда Нұралы Әліп ұлттық құрама сапына шақырту алып, 3 ойын өткізіп үлгерді. “Қайрат” сапында толық үш маусымда: 47 ойын өткізіп, соңғы маусымда 4 голмен көзге түсіп, ел біріншілігінде чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Бүгінгі таңда Нұралы Әліпке қазақ футболы үлкен үміт пен сеніммен қарап отыр!
Біздің серіктес: FONBET