Тоғыз жыл Мадрид клубының сапында тер төккен футболшының келісім-шарт мерзімі маусым айында аяқталады. Ал "Атлетико" басшылығы футболшымен келісім-шартты ұзартуға ниетті емес. Уругвайлық қорғаушы өз шешімі туралы арнайы баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Годин «Атлетикоға» 2010 жылы «Вильярреалдан» ауысып келген-ді. осы уақытқа дейін 33 жастағы ойыншы "Атлетико Мадрид" командасы сапында 387 матчқа қатысып, 27 мәрте мергендік танытқан. Годиннің көмегімен «Атлетико» араға 18 жыл салып, Испания чемпионы атанды. Клубтың 2014 жылы Ла Лигада топ жаруына Годин де өз үлесін қосып, шешуші голдардың бірін соқты.
Диего ГОДИН – «Атлетико» ФК қорғаушысы:
"-Мен өз шешімімді барлық достарыма айттым. «Атлетико» сапындағы соңғы маусымымды өткіземін. Сіздер осы хабарды өзімнен естісін деп жинап отырмын. Мен үшін – бұл жай ғана клуб емес, мұнда өмірімнің бір бөлшегі өтті. Сондықтан бұл жер менің отбасыма айналды. Қоштасу қиын. Бірақ кеудемді биік ұстап кетемін. Себебі осында келген алғашқы күннен бастап, команда үшін аянып қалған жоқпын. Бұл менің спорттық мансабымдағы ең жарқын кездер болды. Клуб тарихындағы айтулы сәттердің бір бөлшегі болғанымды мақтан етемін".
Алайда, Годин спорттық жолын қайда жалғастыратынын айтқан жоқ. Ақпарат құралдары футболшы Италияның «Интеріне» баруы мүмкін дейді. Уругвай құрамасының ойыншысы Мадридтен кеткен екінші қорғаушы. Бұған дейін қорғаушы Люк Эрнандес «Бавариямен» келісім-шартқа отырған болатын.
Энрике СЕРЕСО – «Атлетико» ФК президенті:
-
Сіз біз үшін мыңдаған футбол сайыстарына қатысып, қиын сәттерде командадағы жігіттерге жігер бердіңіз. Клубқа адалдық таныттыңыз. Сіз нағыз капитан болдыңыз. Сол үшін шын жүректен алғыз айтамыз. Келесі маусымда қандай командада жүрсең де сәттілік тілейміз. Біздің «Атлетиконың» шынайы жанкүйері бар екенін біліп жүреміз".
Диего Годин "Атлетикомен" бірге Испания чемпионатынан бөлек, Еуропа лигасында екі мәрте топ жарды. Испания кубогы мен суперкубогының иегері атанды. Еуропа суперкубогын да үш рет иеленді. Чемпиондар лигасының финалында екі мәрте ойнап, кубокқа сәл ғана жетпей қалды.
Шамкен БАЙЫРБЕК.