!["Астананың" іріктеу кезеңіндегі жағдайы: деректер, мықты және әлсіз тұстары](https://aladop.kz./cache/imagine/1200/uploads/post_items/2019/07/11/fe99c8d789b513cb8e8ccedba946bd09.jpg)
Бұл материалда "Астананың" Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңі аясындағы бірінші матчтан кейінгі мүмкіндіктері жайында сөз қозғамақпыз. Оған қоса, дәл бұндай жағдай елорда ұжымының пайдасына шешілуі мүмкін. Қалай дейсіз бе?..
Иә, өз алаңындағы 1:0 есебі түзде босаңсуға мұрша бермейді. Тартысты әрі қиын матч болатыны түсінікті. Дегенмен, бұл жердің өзінде де "Астананың" басымдығы барын ұмытпайық. Себебі, біздің ұжым өз қақпасына гол жіберген жоқ.
Негізі бірінші кезеңдегі дәл "ЧФР"-мен болған қазіргі жағдай "Астанаға" оның ішінде бас бапкер Роман Григорчукке таңсық емес. Тіпті, етене жақын деуге де болады. Неге десеңіз, тура 1 жыл бұрын, яғни, 2018 жылғы іріктеудегі түсаукесер ойында өз алаңында Черногория чемпионы "Сутьесканы" қабылдап, тек 29 минутта пенальтиден Роман Мұртазаев соққан голдың арқасында жеңіске жеткені белгілі. Ал қарымта ойында "Астана" 2:0 есебімен басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Міне, сол кезде "Астана-Аренадағы" ойыннна кейін Роман Григорчук ұжымын сынағандар көп болған-ды. Бірақ араға уақыт салып, "пентакампиондар" айтылған сынның орынсыз екенін дәлелдеп берді.
Одан кейін 2 іріктеу кезеңінде Дания чемпионы "Мидтьюлландпен" де оңай текетірес болған жоқ. Тағы да өз алаңымызда 2:1 есебімен минималды жеңіске жеткенімізбен, сырт алаңда 0:0 есебімен тең түсіп, 3 іріктеу кезеңіне өттік.
Ендеше "ЧФР"-мен болатын қарымта матч жайында украиналық маманның бір түйгені ішінде деп сенейік.
Ал енді қазіргі "Астананың" жағдайын қиындататын кемшін түсіп жататын тұстарына тоқталсақ.
Біріншіден, биылғы маусымдағы ойын дағдарысы өз әсерін тигізбей қоймайды. Шыны керек, ел чемпиондары осы маусымда ҚПЛ-де 19 ойын өткізіп, 5 рет жеңілген және 2 рет тең түскен. Қазір көш бастап келе жатқанымен 2 орындағы "Тобылмен" ұпай саны тең. Осы ретте өткен 2018 жылғы маусыммен салыстырар болсақ, тура өткен жылы 18 турдан кейін "Астана" 6 ұпай айырмашылығымен сенімді түрде көш бастап келе жатқан болатын. Ол кезде 18 турдан соң команда еншісінде тек 2 жеңіліс пен 2 тең ойын болған. Яғни, биылғы нәтиже құлдыраудың қандай деңгейде екенінен хабар береді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін айта кетейік, осы тұста гол соғу мен гол жіберу көрсеткіші бойынша да кері кету байқалады. Биыл 17 турдан кейін "Астана" 34 гол салып, өз қақпасына 17 гол жіберген. Ал өткен маусымда 17 турдан соң 41 гол соғып, 12 ғана гол жіберген. Міне, айырмашылық көз алдарыңызда.
Екіншіден, биыл кешеуілдеген трансферлер тысқары қалуы мүмкін емес. Естеріңізде болса, Роман Григорчук команданы күшейту үшін кем дегенде әлі 2 трансфер жасау керек деген болатын. Расымен, екі жоғары деңгейлі футболшыны қатарған қосқанымен бұл тым кеш жүзеге асырылды. Рунар Мар тек 2 ойын өткізіп, 1 гол соғып үлгергенімен бұл аралық әріптестерімен толық түсінісіп ойнауы үшін аз. Ал Фирмин Мубеле тіпті "ЧФР"-мен ойын болардан 2 күн бұрын ғана "Астанаға" келіп жетті. Бұл ойыншының бір ай доп теппегенін ескерсек, қайта қалпына келу процесі біраз уақыт алатыны анық.
Үшіншіден, Григорий Бабаянның қызметінен кетуі. Осы жайттың өзі ұжымның ішінде әлде бір мәселенің барын аңғартатындай. Неге десеңіздер, 4 жыл Станимир Стойловтың қасында көмекші бола жүріп, 5 жыл чемпиондыққа үлес қосқан, ал өткен маусымда "Астананы" Еуропа лигасының топтық кезеңіне алып шыққан маманнан айырылу "Астана" үшін үлкен проблема.
Шамкен БАЙЫРБЕК.
Біздің серіктес: FONBET