"Астана" - "ЧФР Клуждан" басым түсті

10.07.2019, 04:02
"Астана" - "ЧФР Клуждан" басым түсті

"Астана" - "ЧФР Клуж" 1:0.

Гол авторы: Е. Постников, 68 мин.

"Астана" Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңі аясында Румынияның "ЧФР Клуж" командасын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Енді араға апта салып қарымта матч Румынияда өтеді.

Төреші ысқырығы шалынысымен пентакампиондар шабуылда ширақ қимылдай бастады. Дегенмен Дан Петреску шəкірттері сауатты қорғана жүріп допты өз қақпаларынан алыста ұстай білді. Тіпті, 14 минутта Постников пен Маевскийдің қателігінен кейін Омрани Эричпен бетпе-бет қалған. Бірақ ЧФР шабуылшысы тепкен доп қақпа бағанасының қасына өтті.  Соған қарамастан уақыт өткен сайын Астана қауіпті бола түсті. 20 минутта бұрыштама добынан кейін Марин Томасов бір ойыншысы алдап өтіп, жақын бұрышқа жерлете тепкен. Алайда, доп жолай қорғаушыға тиіп, қиыс ұшты. 28 минутта тағы бұрыштама добынан соң есеп ашатын мүмкіндік болған. Бірақ алыс бұрышта жалғыз қалған Антонио Рукавинаның допқа аяғи тимей қалды. Бірінші тайм голсыз аяқталды.

Ал ойынның екінші бөлігін қонақтар бірнеше қауіпті шабуылмен белсенді бастады. Алайда, 60 минуттан кейін "Астана" басымдықты толық өз қолына алды. Ал матчтағы жалғыз гол 68 минутта Рунар Мар Сигурьонссон әуелете берген бұрыштама соққысынан соң соғылды, Қақпа алдындағы қарбаласта Евгений Постников дәлдік танытып, допты торда тулатты.

Осыдан кейін алаң иелері қарымта шабуылдан есепті еселейтін мүмкіндік болған. Дегенмен, соңғы сәтте түйіндейтін шабуылшының жоқтығы білініп жатты. Ал "ЧФР" ойыншылары ойын соңына дейін таразы басын теңестіруге барынша тырысқандарымен жолдары болмады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×