«Астана» «Ақтөбені» жеңді, «Қайрат» көш басында, ал «Ордабасы» ұпай жоғалтты, енді қайсысы чемпион болмақ?

28.10.2024, 20:26

Кеше Қазақстан премьер-лигасының 24 туры аяқталды. Осы турда өткен ойындарға жеке-жеке тоқталсақ дейміз.

«Астана» «Ақтөбені» жеңді, «Қайрат» көш басында, ал «Ордабасы» ұпай жоғалтты, енді қайсысы чемпион болмақ?
Фото ашық дерек көзден алынды

Премьер-Лига
24-ші тур

26 қазан

«Жетісу» — «Қайрат» 1:2 (1:1)
Голдар: Мужиков 3 (1:0), Мартынович 22 (1:1), Арад 90+2 (1:2).

«Қайрат» негізі бұл ойында жеңіске жетті, алайда мұндай ойыннан кейін чемпиондыққа қол жеткізетіндеріне жанкүйерлерінен басқа кім сенеді? Алматылық клубта "Жетісу" секілді клубтарға келгенде біршама мәселелер бары анық. Алматылықтар бұл маусымда, әрине, сөзсіз мықтылардың қатарында. Бірақ, "алтын" алу "Қайрат" үшін қиынға соғатын секілді. «Жетісу» бұл ойында соңына дейін күресті, дегенмен талдықорғандықтар ештеңелері де кетпейтін болғандақтан бұған да көндіккен болуы керек.

«Атырау» — «Елім-ай» 1:0 (0:0)
Гол: Сигневич 85 (1:0)

«Астанадан» ұтылғаннан кейін «Елім-ай» Андрей Карповичпен келісімшартты ұзартып, келесі маусымға дайындықты бастап кетіп еді. Атыраудағы ойында семейлік клубта ешқандай мотивация болған жоқ. Ойыншылары қысқы демалыстарын асыға күтіп жүргенге ұқсайды. Негізі мотивация «мұнайшыларда» да болған жоқ. Ойын жолдастық кездесу іспеттес сипатта өтті. 

«Ордабасы» — «Жеңіс» 1:2 (1:1)
Голдар: Будинский 7 (0:1), Адилио 28 (0:2), Садовский 66 (1:2)
Соғылмаған пенальти: Исламхан 37

«Ордабасы» Александра Седневті орнынан босатқан соң, тікелей конкуренттерінен бапкер алдырды. Бұл шымкенттік клубтың басшылығының тарапынан қабылданған қате шешім болған сияқты. «Жеңіспен» өткен ойын осыны дәлелдеді. Қонақтардың да жалпы әдемі ойын өрнегін көрсеткенін айта кетуіміз керек. Ал шымкенттіктер болса «алтынның» ауылынан алыстап кетті.

27 қазан

«Шахтер» — «Қызылжар» 1:1 (1:1)
Голдар: Себай 18 (0:1), Абдулла 38 (1:1)
Қызыл қағаз: Адамс 25

Енді бұл командалардың ойыны ешкімге қызық бола қоймаған шығар. Екі команда да бұл маусымда сүреңсіз ойнады. «Кеншілердің» ойынына қарасаң, бір ұпай алуларының өзі үлкен жетістік болып көрінеді. Петропавлдықтар гол соғатын мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алғанында жеңілерлері анық еді. Бір жағынан бұл ойынның да ешбір мәні болған жоқ. «Шахтер» келесі маусымда бірінші лигада ойнайтыны жасырын емес, ал «Қызылжар» премьер-лигадағы орнын сақтап қалғанына біраз болып қалды. Бұл ұжымдар жанкүйерлерін келесі жылы қуантады деген үміттеміз. Ал қазір жағдайлары осы.

«Тұран» — «Қайсар» 0:1 (0:0)
Гол: Жақсылықов пенальтиден 71 (0:1)
Қызыл қағаз: Милойко 59

«Тұран» қызылордалықтарға қарсы өткен үйдегі ойынында негізінен, жақсы ойнады. «Қайсар» да алаң қожайындарын аса қатты қыса қоймады. Матч басталысымен қорғаныста ойнап, матчтың аяқталуына жарты сағат қалғанда 10 ойыншымен қалғанына қарамастан гол соғып, жеңісті жұлып әкетті. Командалар үшін бұл ойын көп пайдасын әкеле қойған жоқ. Дегенмен, жанкүйерлер үшін қызықты әрі тартымды ойын болды.

«Астана» — «Ақтөбе» 2:0 (2:0)
Голдар: Камара 8 (1:0), Грипши 17 (2:0)

«Астана» «Ақтөбеден» мықты екенін білгенбіз. Осы ойында елордалық ұжым мұны тағы бір дәлелдеді. Бірінші таймда-ақ басымдылыққа ие болып, екінші таймда ақтөбеліктерді тыпыр еткізбеді. Енді астаналықтарды тоқтата алар ешкім қалмады. Мегасенсация орын алмаса "Астана" чемпион болуы тиіс. 

Енді 2, 3-ші қараша күндері чемпионаттың 25-тур ойындары өтеді. Осы күндері бәрі шамамен түсініктірек болуы керек.

Мұратбек Нұрасыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 5
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×