Армения арманына жетті, біз ше?

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылы Латвия мен Литвада өтетін Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңін сәтсіз аяқтады. Шешуші ойында отандастарымыз Армения аяқдопшыларына есе жіберді.

Армения арманына жетті, біз ше?

Дүбірлі додаға тікелей жолдама алу үшін Қазақстан құрамасына тек жеңіс қажет етеді. Бірақ, Еревандағы кездесу мүлдем басқа сценаримен өрбіді. Матч басталысымен ойын тізгінін қолына алған алаң иелері алғашқы он минуттың ішінде-ақ есеп ашты. Қолды-аяққа тұрмайтын шабуылшы Хромыхтың жойқын соққысы қақпа торынан табылды. Араға тағы жеті минут өтіп армяндар қарымта шабуылды ұтымды пайдаланып, Хромых есепті еселеп дубль авторы атанды. Рикарду Кака шәкірттері біршама уақыт есеңгіреп, бірінші таймның соңына қарай ес жиғандай болды. Маңызды матчқа Сауд Арабиясынан арнайы алдыртқан Дуглас ауттан жылдам пас асырып, Дәурен Тұрсағұловтың шиіре тепкен соққысы голға айналды. Осылайша үзіліске командалар 2-1 есебімен тарқасты.

Екінші таймда теледидарға телмірген қазақ жанкүйерлері Қазақстанның бұл ойында оң нәтижеге қол жеткізетініне әлде де сенімі бар еді. Өйткені, қарсыласқа қарағанда тәжірибесі мол, түрлі әлемдік додаларға қатысқан футзалшыларымыз кезінде талай камбэк жасаған. Ойынның 24-минутында тегіс жерде өрескел қателескен Ақжол Дәрібай сорымызға айналған Хромыхтың аяғына допты салып беріп, сұрмерген шабуылшы хет-трик тіркеді. Есеп 3-1. Уақыт өткен сайын жағдай түзелмек түгіл қиындай түсті. Араға төрт минут салып Агаджанов Арменияның төртінші голын соқты. Әрі қарай алаң иелері қорғанысқа жатып, жеңісті есепті ұстауға күш салды. Дегенмен 33-минутта Біржан Оразовтың пас әлде соққысын Агаджанов өз қақпасына дарытып алды. Автогол. Бұл осы ойындағы соңғы нәтижелі соққы болды. Жалпы пакерттегі шайқасқа тас-түйін дайын шыққан Армения аяқдопшылары арманына жетті! Олар 2026 жылы өтетін Еуропа чемпионатына тікелей жолдаманы лайықты иеленді.

Ашығын айтқанда, бұл іріктеу ойындарын футзалшыларымыз өте сәтсіз өткізді. Ең бірінші кезекте әзірге Лео Игитаның орнын басатын қақпашы жоқ екені қатты білінді. Оның үстіне асарын асап, жасарын жасап тастаған бразилиялық отандастарымыз Лео мен Дугластың да қарқыны бұрынғыдай емес. Ал жаңадан қосылған қазақ балаларына шеберлік пен тәжірибе жетіспеді.

Дегенмен, ұлттық құрама үшін Литва мен Латвиядағы байрақты бәсекеге қатысу құқығын беретін тағы бір мүмкіндік бар. Енді іріктеу кезеңінде әр топта екінші орын алған құрамалардың бірі бізге қарсылас атанып, Еуропа біріншілігіне берілетін жолдаманы сарапқа салатын болады.    

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 4
Серіктес жаңалықтары
Алдыңғы жаңалық
PGL Astana-ға кім барады?
Aladop Youtube
×