Ақылы мен ойыны үйлескен Филипп Лам

06.11.2020, 06:02
Ешқашан қызыл қағаз алмаған ойыншы есебінде тарихқа енген Филип Лам жайлы қызықты деректер өте көп.
Ақылы мен ойыны үйлескен Филипп Лам

Филипп Лам 1983 жылы 11 - қарашада Мюнхен қаласында туған. Спорттық ғұмырын аяқтағанына биыл үш жыл толды. Бойына ойы сай келетін Филиптің лақап аты – кішкентай алып. Германия ұлттық құрамасының капитаны болған. Өз мансабында «Штутгарт» және «Бавария» клубтарының намысын қорғаған. Басында орталық жартылай қорғаушы болып бастағанымен, кейіннен қапталдағы қорғаушы міндетіне көшкен. Өзіне ұнайтын позициясы -  қорғаныстың оң қанаты. «Рекордмайстердің» қатарында ең қымбат ойыншылардың бірі болған. 2010-2017 жыл аралығында неміс командасында капитандық қызмет атқарып, алаңдағы көшбасшы аяқдопшыға айналған. 2010 жылы ұлттық құрамадағы әріптесі Лукас Подольскиймен бірге «Шайтан футболшылар» атты фильмде бой көрсеткен. Жалпы Филипп әлеуметтік ірі жобаларға көп қатысатын адам. 2011 жылы Германия мен Африкадағы жағдайы мүшкіл балаларға арнап «Philipp Lahm-Stiftung» - деп аталатын қайырымдылық қор ашқан. Өзінің жомарттығы мен кеңпейілділігінің арқасында «Bayerischer Sportpreis» марапатын иеленген.

Спорт әлемінде өткізген он алты жылында Филипп Лам 767 матчқа қатысып, 26 гол соққан. 25 допты оң, 1 допты сол аяқпен салған. Бір қызығы баспен гол соқпаған. Қандай жағдай болмасын өзін сабырлы ұстайтын жігіт. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, қорғаушы болса да ойын ережесін көп бұзбайтын футболшы болған. Және ешқашан қызыл қағаз алмаған ойыншы есебінде тарихқа енген. Сары қағаздың көптігінен бір ғана кездесуден шеттетілген. Футболда маңызы жоғары болып саналатын Чемпиондар Лигасы мен Әлем Чемпионатын жеңген аңыздардың бірі. Клубтық деңгейде қанжығасында 21 кубок. 2006 жылы өз елінде өткен мундиальда турнирдің алғашқы голының авторы атанған. Нәтижелі әрекетімен көзге түспеседе, алаңда атқарған қызметі орасан зор. Пеп Гвардиола «Баварияда» бас бапкер болып жүргенде:

- «Мен жұмыс жасаған футболшылардың ішіндегі ең ақылдысы ол – Филипп Лам. Менің бұл клубқа келуіме осы жігіт себепші болған» - деген екен.

Расында ол футболшының ақылдылығы матч барысында көзге оттай жанып тұрады. 2014 жылы ұлттық құрама деңгейінде мансабын тәмәмдәді. Араға үш жыл салып спорттық ғұмырына нүкте қойды. Басшылық пен жанкүйерлер бұл шешімнен бас тартуын талап етті. Бірақ неміс аяқдопшысы бұған былай деп жауап берді:

- «Мен клуб өкілдеріне мансабымды аяқтайтынымды айттым. Менің жұмысым – барлық жаттығулар мен матчтардан нәтиже алу. Маусым соңына дейін солай жасай аламын, бірақ оны қайталай алмаймын. Сондықтан үлкен футболдан кетуді ұйғардым. Маған клубтың спорттық директоры қызметін ұсынуда. Бұл іске бірден кіріспеймін. Кішкене демалыс қажет».

Осылайша аты аңызға айналған қорғаушы нақты әрі сенімді шешім қабылдады. 2017 жылы мамыр айында «Бавария» сапында соңғы ойынды «Фрайбургқа» қарсы ойнап, 4-1 есебімен жеңіске жетті. Лам дәл сол матчта бесінші жыл қатарынан команда капитаны ретінде Бундеслига кубогын көкке көтерді.

Нұрасыл Нұрсұлтан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×