Англия Премьер-лигасының өткен маусымдағы үздік ойыншысы мен бапкері анықталды

06.06.2021, 01:16
Қос сыйлықты да «Манчестер Ситидің» өкілдері жеңіп алды.
Англия Премьер-лигасының өткен маусымдағы үздік ойыншысы мен бапкері анықталды

"Манчестер Ситидің" қорғаушысы Рубен Диаш Англия Премьер-лигасының өткен маусымдағы үздік ойыншысы атанды, деп хабарлайды турнирдің ресми сайты.

Диаш аталған сыйлық үшін таласта Кевин Де Брюйнені ("Манчестер Сити"), Бруно Фернандешті ("Манчестер Юнайтед"), Джек Грилишті ("Астон Вилла"), Гарри Кейнді ("Тоттенхэм"), Мэйсон Маунтты ("Челси"), Мохамед Салахты ("Ливерпуль") және Томас Сучекті ("Вест Хэм Юнайтед") артқа тастады.

Еске салайық, Диаш "Манчестер Ситиге" өткен жылдың қыркүйек айында "Бенфикадан" ауысқан болатын. Трансфер сомасы 68 миллион еуроны құрады.Өткен маусымда 24 жастағы қорғаушы Англия Премьер-лигасының 31 матчына қатысып, 1 гол соқты, 3 сары қағаз алды.

"Манчестер Ситидің" жаттықтырушысы Хосеп Гвардиола Англия Премьер-лигасының өткен маусымдағы ең үздік бас бапкері атанды.

Гвардиола бұл сыйлық үшін таласта Марсело Бьелса ("Лидс Юнайтед"), Дэвид Мойес ("Вест Хэм Юнайтед"), Брендан Роджерс ("Лестер Сити") және Оле Гуннар Сульшерді ("Манчестер Юнайтед") басып озды. Айта кетейік, "қалалықтар" Гвардиоланың басшылығымен Англия чемпионы атанды.

Ал маусымның ең үздік жас ойыншысы болып "Манчестер Ситидің" жартылай қорғаушысы Филипп Фоден танылды.

Фоден "Манчестер Ситидің" негізгі командасына 2017 жылы келді. Өткен маусымда 21 жастағы футболшы Англия Премьер-лигасының 28 ойынына қатысып, тоғыз гол соқты, бес голдық пас берді. 2020 жылдан бастап Фоден Англия құрамасына шақырту алып жүр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×