Андрей Мартин - "Ордабасыны" орнына қойған бапкер

20.07.2024, 15:55

Молдовалық маманды ҚПЛ-дің топ-клубына шақырудың бірнеше себебі

Андрей Мартин - "Ордабасыны" орнына қойған бапкер
Андрей Мартин "Петрокуб" бас бапкері

Александр Седневке Конференция Лигасында мүмкіндік беріліпті. Орнында қалуға тағы бір шанс қой. Көреміз енді. Бірақ көпшілік әлі де "Ордабасыға" Еуропадан бапкер керек деген идеядан танбай тұр. Мұның арты қайда апарып соғар екен. Әліптің артын баққан басқа амал жоқ. 

Мысалы, кешегі "Петрокубтың" бас бапкері Андрей Мартин жақсы вариант болады деп топшылаймыз. Жоқтан бар еткен жаттықтырушы Седневтің орнында болса, "Петрокуб секілді қарсыластан еш қиналмай өтер ме еді? 50-ді енді еңсерген жаттықтырушының Хынчешты қаласының намысын қорғайтын команда тізгінін ұстағанына көп бола қоймаған еді. Алайда, жақсы мамандарға бір жылдың өзі де жеткілікті екен. Былтыр тамызда келген бапкер шағын бюджетпен бәсекеге төтеп бере алатын ұжым жасақтап шықты. Қаржылай мүмкіндігі өзінен 15 есе үлкен әрі біріншілігі қызып, тонусқа кіріп алған"Ордабасыны" бұйым көрген жоқ. Бір кездесу болса жарайды дейсің ғой. Кәдімгі екі матчта сан соқтырып кетті. Андрей Мартин міне осындай қысқа уақытта-ақ нақты нәтиже беріп, футболда кейде ақшаның бәрін шеше бермейтінін көрсетіп кетті. 

Неге Андрей Мартин? Мұның бірнеше обьективті себебін ұсынуға болады. Ең алдымен - молдовалық маман біздің біріншілікпен таныс. ҚПЛ-ді бес саусағындай біледі деуден аулақпыз, алайда, біраз мәліметке ие екені анық. Мартин футболшы кезінде"Жетісуда" бір маусым доп теуіп кеткен болатын. Аз болса да ҚПЛ-де өнер көрсетудің қалай екенінен хабары бар деген сөз. Демек, ішкі кухняның иісі мұрнына барады. Демек, шартты түрдегі сол Италия, Нидерланд асып келген әріптестеріне қарағанда біз жаққа бой үйретуі жеңілірек түседі. Иә, 2006 жылы ойнапты ҚПЛ-де. Бірақ одан бері де бас айналдырарлық өзгерістерді көп орын ала қоймағаны да түсінікті. 

"Ордабасымен" бәсекеде бір тілші Андрей Мартиннен, "Қарсылас мықты, келесі кезеңге өтіп жатсаңдар, сыйақы дегендей бола ма, осындай жанкештіліктің себебі не деген ауандағы сұрақ қойса керек. Сөйтсе оған "Петрокуб" бапкері, "Бізге еурокубоктерде жақсы ойнау ақшадан маңыздырақ. Мен тегін ойнап, тегін жаттықтыруға да дайынмын. Біз "Петрокуб" қана емес, бүкіл Модова Республикасының намысын қорғаймыз, - деген жауап қатыпты. Молдовалық маманның "тәбеті" де сондай керемет болмауы тиіс. Оның қазіргі жалақысы жайлы нақты мәлімет қолымызда жоқ. Алайда оның Седнев, Кержаков, Парфеновтің жалақысынан әлдеқайда аз екенін топшылау қиын емес. Қысқасы, сапа мен баға қатынасы лайық болады. 

Андрей Мартин нағыз кәсіби маман. Ондай қасиетін баспасөз-мәслихаттарында қарсыласқа деген құрметімен, сөзімен, ал ең бастысы ісімен дәлелдеп берді. Артымнан жақсы сөз ерсін дейтіндер барлық жағынан үздік болуға талпынады. Мартиннің тәжірибесі де толысып қалған. Ол бапкер көмекшісі болып Молдова құрамасында да тер төкті. "Ордабасыны" орнына қойған (Жалпы ҚПЛ-ді де) жаттықтырушы отанында "Петрокубтен" бөлек "Дачия" секілді тағы біраз клубта бас бапкер, бапкер ассистенті ретінде еңбек етіпті. Біраз жыл осылай шеберлігін шыңдап келіп енді міне еурокубоктерде соның жемісін жеуде. Оның қызығын өзі ғана емес сол өзі адалдық танытқан Модовасымен бірге көріп отыр.

Иә, Андрей Мартин біздің командаларды бірден Еуропа Лигасының жартылай финалына шығара қоймас, десе де жерге қаратпайтын команда жасақтайтынына күмән жоқ. Қысқасы, молдовалық маман осындағы "жүргендердің" біразынан жаман болмас деп есептейміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×