Бүгін «Қайрат» Еуропа Лигасы 2-ші іріктеу кезеңіндегі голландиялық «АЗ Алкмаар» клубына қарсы ойын өткізеді. Кездесу қарсаңында Қазақстан футболының ардагері, бұрынғы қайраттық ойыншы Әли Сүймағамбетов алматылықтардың алғашқы ойындағы мүмкіндіктері туралы "Аладоп" тілшісіне өз ойымен бөлісті.
«Қайраттың» сапында деңгейі жоғары орындаушылар баршылық. Олардың арасында болашағынан әлі алары бар ойыншылар да бар. Еуропалық турнирде ойнау барлығына бірдей өзін көрсетуге үлкен мүмкіндік болуы тиіс. Бұл тұрғыда легионерлер барын салып ойнайды. «Қайрат» сапында сәтті ойын көрсетсе, Қазақстан асып кетуі үшін ішкі біріншілікте көрсете бермейтін өнерін осында көрсетеді. Бұл бір.
Екіншіден, Алматының тағы бір ұтатын тұсы, ойын өтетін орынның орта таулық аймақта орналасуы. Бұған дейін де қанша командалар осы мәселеге назар аудармай, діттеген мақсатына жете алмады емес пе? Сондықтан, Алматыда сәтті өнер көрсету үшін қонақтар ойынға 3-4 күн қалғанда немесе ойын қарсаңында бірақ келулері қажет.
«Қайраттың» ардагері ретінде өз командамыздың жеңгенін қалаймыз және келесі кезеңге өту үшін тиімді нәтижеге қол жеткізеріне сенемін», - деп жерлестерімізге басымдық берді.