Алғашқы дода, алғашқы сын

18.06.2018, 22:35
Алғашқы дода, алғашқы сын
Көзді ашып жұмғанша, төрт жылда бір келетін футбол додасының түндігі түрілетін күн де келіп жетті. Бүгін Мәскеу қаласындағы «Лужники» стадионында, Футболдан 2018-ші-  жылғы Әлем Чемпионатының ашылу салтанаты болып өтті. Ашылу салтанатынан кейін, Ресей ұлттық құрамасы мен Сауд Арабиясы ұлттық құрамалары арасындағы алғашқы ойын өтіп, алаң иелері 5-0 есебімен жеңіске жетті. Жалпы, осы әлем чемпионаты жайлы жазылған мақалалар да, айтылған әр түрлі пікірлерде, түсірілген бейне-клиптер де аз болмағанын білеміз. Бүкіл әлем бойынша осы әлемдік доданың ерекшеліктерін, өнер көрсететін құрамалар жайлы, арысы мен берісін егжей-тегжейлі айтып та жазып та жатыр. Осы сияқты бізде бүгін оқырман қауымға,  Ресей жерінде өткелі жатқан Әлемдік футбол додасында өнер көрсететін Панама ұлттық құрамасы жайлы азды-кемді ақпарат береміз.          Алдымен Панама елі жайлы, тарихы мен өзіндік ерекшеліктері жайлы сөз етсек. Панама республикасы- оңтүстік және солтүстік Америка құрлығын жалғастырып тұрған ірілі-ұсақты мемлекеттердің бірі. Жер көлемі 77,1 мың км2. Халық саны 4 миллионнан сәл-ақ асады. Адамдары негізінен испан тілінде сөйлейді. Міне, осындай кішентай ғана мемлекеттің атынан өнер көрсететін Панама ұлттық құрамасы, футболдағы шоқтығы биік турнир Әлем чемпионатында бағын сынайды. Бұл елдегі футболды тілге тиек ететін болсақ, Панама Футбол Федерациясы сонау 1938-ші- жылдың көктемінде құрылған болатын. Алғашқы ресми ойынын сол жылы Венесуэла ұлттық құрамасына қарсы өткізіп, жеңіске жеткен екен. Қазіргі уақытта Панама ұлттық құрамасы, солтүстік Америка мемлекеттері футбол қауымдастығының ( КОНКАКАФ) конфедерациясында өнер көрсетеді. Панама ұлттық құрамасының футболдан Ресейде өтетін Әлем чемпионатына жолдама алуының өзі бір тарих. Әлем чемпионатына іріктеу ойындарын, солтүстік Америка мемлекеттері футбол қауымдастығының ( КОНКАКАФ) екінші тобында өткізді. Бұл топта Панама ұлттық құрамасынан бөлек АҚШ, Коста-Рика, Тринидат және Тобаго, Гондурас, Мексика сынды азулы құрамалар болды. Футбол мамандары алғашында бұл топта Мексика және АҚШ құрамаларының бәсі жоғары деп болжап, тіпті Әлем чемпионатына тікелей жолдаманы ұстатып та қойған болатын. Алайда “ бақ шауа ма,бап шауа ма?!”- демекші, бұл топта ешкім күтпеген жағдай орын алды. Топта 21 ұпай еншілеген Мексика құрамасы бірінші, және 16 ұпаймен Коста-Рика құрамасы екінші орынды иеленді. Іріктеу сынында 10 ойын өткізген Панама ұлттық құрамасы, 13 ұпай жинап топта үшінші орынға жайғасты. Бұл не деген сөз? Бұл  “Әлем чемпионатына жолдама” – деген, сөз еді. Үкілеген үмітті ақтамаған АҚШ құрамасы алдына Гондурас құрамасын жіберіп қойып,топтағы бесінші орынды місе тұтты. Ал, Тринидат және Тобаго құрамасы топтағы соңғы орынға нық жайғасты.          Сонымен, Панама ұлттық құрамасы 2017-ші- жылдың 11-ші- қазан күні, Ресейде 2018-ші- жылы өтетін 23-ші- Әлем чемпионатына жолдаманы жеңіп алды. Осыдан кейін елде қызықты  жайттар орын ала  бастады. Панама республикасының президенті 11-ші- қазанды жалпы ұлттық мейрам ретінде бекітті. Кейіннен Панама ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Эрнан Дарио Гомес “жыл адамы”- деп, танылды. Осындай қызықты жайттардың бірден бір себебі Панама ұлттық құрамасының Әлем чемпионатына шығуы болды. Әлем чемпионатында Панама құрамасы Ж тобында Белгия, Англия, Тунис құрамаларына қарсы ойнайтын болады. Алғашқы ойынын 18-ші- маусымда Сочи қаласында азулы Белгия ұлттық құрамасына қарсы өткізеді. Одан кейін, 24-ші- маусымда Нижний Новогород қаласында Англия құрамасына қарсы алаңға шығады. Топтағы соңғы ойынын 28-ші- маусымда Саран қаласында Тунис құрама командасына қарсы өткізеді. Панама ұлттық құрамасының  бас бапкері  Эрнан Дарио Гомес әлемдік додаға 23 футболшыны үкілеп қоспақшы. Олардың қатарында қылшылдаған жасы да, егде тартқан ойыншылары да бар. Панама ұлттық құрамасының тарихындағы үздік сұрмергені Луис Техада (42 гол) жасы 36-ға толғанына қарамастан Ресейдегі Әлемдік додаға барады екен. Бас бапкер тіпті, ұлттық құрама сапында ең көп ойын өткізген Габриель Гоместі де (140 ойын) тізімге қосыпты. Панама ұлттық құрамасы ойыншыларының деңгейін, жеке шеберлік жағын алып қарайтын болсақ, топтан шығуы мүмкін дегенге сенудің өзі қиын. Оның үстіне Белгиялықтар мен Англиялықтардың әлемнін үздік лигаларында доп теуіп жүрген үздік ойыншылар екені белгілі. Және де, Панама ұлттық  құрамасы ФИФА рейтингісінде де әлде қайда төмен (58-ші- орында) орналасқанын айта кеткен жөн. Десек те, мықтылар алаңда анықталары сөзсіз. Алайда, өз тарихында алғашқы рет әлемдік додаға қатысып отырған Панамалықтар, айды аспанға шығарып топтан шығып кетпесіне кім кепіл?!          Футбол- бұл бір сөз етсең таусылмас тарих іспеттес. Сол сияқты Ресей жерінде өтетін Әлемдік доданы тілге тиек етсек, том-том роман болары сөзсіз. Одан да, осы бір қызығы  бітпес әлемдік доданы  таңдана тамашалап, сүйікті құрамамызға қолымыздан келгенше жанкүйерлік еткенге не жетсін, сірә!

Бегалы Бақытжан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×