Алексей Шпилевский: «Қарсылас команданың ойыншысы қызыл қағаз алғаннан кейін біз ойын философиямызды көрсете алмадық»

11.04.2021, 04:24
«Қайрат» бүгін бірінші таймның өзінде-ақ төрт гол соқты.
Алексей Шпилевский: «Қарсылас команданың ойыншысы қызыл қағаз алғаннан кейін біз ойын философиямызды көрсете алмадық»

"Қайраттың" бас бапкері Алексей Шпилевский клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында "Тұранға" қарсы матч туралы пікір білдіріп, Ғафуржан Сүйімбаевтың оралуын бағалады.

- Алексей Николайұлы, құттықтаймыз! Ірі жеңіске жеттіңіздер - ойынға көңіліңіз тола ма?

- Біз бүгін жеңіске жеткенімізге және өз алаңымызда маңызды ұпайға қол жеткізгенімізге қуаныштымын. Шындығында, "Таразбен" болған ойында ұпай жоғалтқаннан кейін бізді бүгін не күтіп тұрғанын білмедік. Бүгінгі кездесу соңғы ойындағыдай болады деп ойладық, себебі қарсыласымыз мінез бен агрессивті ойын көрсетеді. Қарсыластың ойыншысы алаңнан қуылғанға дейін команда концентрациясын жоғалтпады. Шабуылда жақсы жылдамдықпен ойнадық, допты тартып алып, комбинациялар жасадық. Өкінішке орай, қарсылас ойыншысы қызыл қағаз алғаннан кейін біз ойын философиямызды көрсете алмадық, допсыз жүргенде агрессивті түрде ойнай алмадық, баяу қимылдай бастадық. Матчтың соңына дейін 11 ойыншыға қарсы ойнағанда жақсы болар еді, менің ойымша, біздің команда мұндай жағдайда мүлдем басқа көзқарас танытар еді. Екінші таймда менің көңілім қалды. Бірақ ең маңыздысы біз жеңіске жеттік.

Өкінішке орай, өткен аптада менің кетуім туралы түрлі сыбыстар болды. Жігіттер осының бәрін оқыды ма, білмеймін. Бірақ біз мұның нүктесін қойдық. Барлығымыз бір-бірімізді құрметтейміз, жақсы көреміз және бірге жұмыс жасай береміз!

- Өткізіп алған гол сізді ренжітті ме?

- Әрине. Мен әрқашан гол жібермеуді және қарсыласқа ешқандай мүмкіндік бермеуді қалаймын. Жіберілген гол біздің пассивті қимылымыздың нәтижесі болды. Бұл мені ғана емес, жігіттерді де ашуландырады. Олар мұны түсінеді, бұл стандартта олар дұрыс ойнаған жоқ. Дұрыс қорытынды жасайық.

- Ұзақ уақыттан кейін Ғафуржан Сүйімбаев алаңға қайта оралды. Сіз оның ойынына қандай баға берер едіңіз?

- Ғафур үшін мүмкіндігінше көбірек жаттығу жасау өте маңызды. Ол ойын ырғағын сезінуі керек. Бұл матчта оған бір тайм ойнауға мүмкіндік берілді. Оның енді доппен және допсыз жүргенде де қақтығысқа барудан қорқатындығы түсінікті жағдай. Бұл ұзақ уақыт бойы алаңға шықпауына байланысты болады. Ең бастысы, біздің капитан қайтып келді! Ол команданың сенімділігін арттырады. Ғафур мүмкіндігінше тезірек өзінің оңтайлы формасын қалпына келтіреді деп сенеміз.

- Алдағы ойын туралы не айтасыз?

- 14 сәуірде біз "Каспиймен" ойнауымыз керек. Ақтауда бізді өте маңызды қарсылас күтіп тұр, біз бұл ойынға дайындаламыз. Жігіттерге есепке қарамастан екі таймды да толық ойнау керектігін айттым. Өзіміздің стильді және философияны көрсету өте маңызды болмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×