Франция ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Адриен Рабьо 2022 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстанмен болатын матч туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Франция футбол федерациясының баспасөз қызметі:
- Алдағы ойынның қиын болатынын білсек те, біз өзімізге келуіміз керек. Қазақстанға өте алыс сапар, жасанды алаң сияқты мәселелер өзімізді жүз пайызға көрсетуге мүмкіндік бермейді. Бірақ біздің басқа таңдауымыз жоқ. Украинамен ойында біз үшін күтпеген жайттар орын алды, сондықтан қалған екі ойында жеңіске жетуіміз керек. Сайып келгенде – бұл футбол, әр команданың жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. Мұндай жағдай бұрын да біздің басымыздан өткен. Дегенмен, біз алаңға жақсы көңіл-күймен әрі ойынға сақадай сай болып шықсақ, бәрі ойдағыдай болуы тиіс. Тіпті матч белгілі себептерге байланысты бізге қиын болса да, біз бәрібір фаворитпіз.
Бізді тек қорғаныста ойнап, қарымта шабуылдарға иек артатын командамен ойнағалы жатырмыз. Бізге барынша сақ қимылдап, олардың жоспарын жүзеге асыруларына жол бермеу керек. Украинамен болған матчтағыдан жақсырақ ойнауымыз қажет. Мұндай матчтарда гол соғатын мүмкіндіктер аз болады. Сондықтан әр мүмкіндікті өз пайдамызға асыруымыз қажет. Бәлкім, ойында 2-3 гол соғатын мүмкіндік болар. Көп жағдайларда осындай ойындар нәтижесі кішігірім қателіктерге байланысты 1:0 есебімен аяқталып жатады. Біз матчтың 80-ші минутында стандартты жағдайдан ғана гол соғуымыз да мүмкін.
Біздің серіктес: FONBET