Әлемдік ТОП лигаларда көптеген сербиялық футболшылар жарқырап жүргені анық. Тіпті біздің елдегі әр командада кем дегенде бір сербиялық футболшы бар. Балқан түбегінің өкілдері күллі Еуропа футболын жаулап алған десек қателеспеспіз. Бірақ ұлттық құрамасы әртүрлі себептермен жарқырап өнер көрсете алмай келеді.
Сербия құрамасының жоғары деңгейде доп теуіп, азулылармен айқасып-ақ жүретін жөні бар. Әлемнің алпауыт командаларында ойнап жүрген сербиялықтар жеткілікті. Алайда соңғы 10 жылдықта бұл құрама көптеген өзгерістерді бастан өткерді. Соның салдарынан тұрақтылықтан айырылған. Мысалы, басында бұл команда Югославия деп аталғанын білесіздер. 2003 жылы құрама Сербия және Черногория деп атала бастады. Сосын 2006 жылы Черногория бөлініп кетті де, жалғыз Сербия қалды. Бұл аралықта құраманың негізгі ойыншылары Черногорияға ауысты да, команда қайта жасақталды. Осындай алмағайып кезеңдер көп орын алған соң, Сербия бірде Еуропа біріншілігіне, бірде әлем біріншілігіне шыға алмай жүрді. Енді міне, Сербия дербес команда болып бірінші рет біріншілікке қатысқалы тұр.
Іріктеу компаниясын Сербия сәтті бастады. Негізгі бәсекелес Аустрия, Ирландия, Уэльстен керекті ұпайдың бәрін алды. 10 ойынның 6-ын жеңіп, 3-інде тең түсті. Бір ғана матчта жеңіліс тапты. Бірақ сол жеңіліс сербтерге өте ауыр тиді. 9-турда Аустрияға қонаққа барған балқандықтар 89-минутта гол жіберіп алып, қоржындары бос қайтты. Осы аралықта Ирландия қарсыластарын жеңіп, ұпайдан шашау шығармады. Соңғы турда Сербия Грузиямен кездесіп, Белградтағы ойында 3 ұпайды матч соңына қарай жұлып әкетті. Әйтпегенде, әлем чемпионатына Ирландия шығар еді. Александр Прийовичтің жалғыз голы бүкіл Белградтағы жанкүйерлерді бақытқа бөледі.
Құраманың ойыншылар тізіміне қарасаңыз, Сербия чемпионатында ойнайтын 3 қана футболшыны көресіз. Олар: қақпашы Стойкович, қорғаушы Милан Родич, жартылай қорғаушы Неманья Радонич. Қалған футболшылар түгелімен шетел чемпионаттарында ойнайды. Және жай шетел емес, кілең Англия, Испания, Германия, Италия секілді әлемнің ең айтулы біріншіліктері. Команданың қорғанысын қайдам, жартылай қорғаушылары «кілең сен тұр, мен атайын» дегендер. Команданың басты жұлдызы «Манчестер Юнайтед» ойыншысы – Неманья Матич. Ол қазіргі таңда орталық жартылай қорғанысты тасқамал ұстайтын ең таңдаулы орындаушы десек артық емес.
Сербия құрамасының тізімі:
• қақпашы: Владимир Стойкович (Партизан), Марко Дмитрович (Эйбар, Испания), Предраг Райкович (Маккаби Тель-Авив, Израиль);
• қорғаушы: Александар Коларов (Рома, Италия), Бранислав Иванович (Зенит, Ресей), Душко Тошич (Гуанчжоу Фули, Қытай), Антонио Рукавина (Вильярреал, Испания), Милош Велькович (Вердер, Германия), Милан Родич (Црвена Звезда), Урош Спаич (Краснодар, Ресей), Никола Миленкович (Фиорентина, Италия);
• жартылай қорғаушылар: Неманья Матич (Манчестер Юнайтед, Англия), Сергей Милинкович-Савич (Лацио, Италия), Лука Миливоевич (Кристал Пэлас, Англия), Адем Ляич (Торино, Италия), Марко Груйич (Ливерпуль, Англия), Неманья Радонич (Црвена Звезда), Душан Тадич (Саутгемптон, Англия), Филип Костич (Гамбург, Германия), Андрия Живкович (Бенфика, Португалия);
• шабуылшылар: Александар Митрович (Фулхэм, Англия), Александар Прийович (ПАОК, Грекия), Лука Йович (Айнтрахт, Германия).
• Бас бапкер: Младен Крстажич – 43 жаста (04.03.74).
Ермұхамед МӘУЛЕН, «Егемен Қазақстан»