Футболдан Германия құрамасы осыдан төрт жыл бұрын Бразилияда өткен әлем чемпионатында топ жарып, сол атағын қорғау үшін Ресей жеріне нық сеніммен келді. Тіпті германиялық футболшылар бір жыл бұрын өткен Конфедерация кубогында бас жүлдені жеңіп алып, «неміс машинасы» әлі де істен шықпағанын тағы бір рет дәлелдеді.
Бундестим – жер шарындағы жүлдесі ең көп құраманың бірі. Германиялықтар бұған дейін әлем чемпионатында төрт рет жеңімпаз атанса, (1954, 1974, 1990, 2014), үш рет Еуропада теңсіз деп танылған (1972, 1980, 1996). Сонымен қатар Германия құрамасының еншісінде әлем біріншілігінің төрт күміс және төрт қола медалі бар. Еуропа чемпионатында үш күміс және үш қола жүлде жеңіп алған.
Йоахим Лев шәкірттері биылғы доп додасының басты фавориттері саналады. Жалпы, германиялықтар әр чемпионат сайын жүлдеге үмітті құрама саналады. Бірақ бұл жолғы құрамаға үміт ерекше артылып отыр. Өйткені биыл Лев Германияның ең үздік деген футболшыларын таңдап алды. Әлем біріншілігі алдында Еуропаның футбол сарапшылары, «Егер Германия құрамасы бұл чемпионатқа екі құраммен келсе, екеуі де топтан шығып, финалға дейін жетуге мүмкіндіктері бар», деп жазған еді. Естеріңізде болса, бундестим былтыр Конфедерация кубогына эксперименттік құраммен қатысқан болатын.
2014 жылы Бразилия төрінде өткен чемпионатқа қатысқан футболшылардың тек бір-екеуі ғана жүрді. Ал биылғы тізімге «неміс машинасының» бірнеше мықты футболшысы енбей қалды. Мысалы, 2014 жылы Бразилиядағы ала доп бәйгесінде Германия құрамасының «Алтын добын» соққан 26 жастағы Марио Гетце Левтің негізгі тізімі былай тұрсын, чемпионатқа дейінгі кеңейтілген құрамына да ілінбеген. Сонымен қатар «Арсеналдың» негізгі қорғаушысына айналған Шкодран Мустафи мен шабуылшы Андре Шюррле де төрт жылдықтың басты бәсекесіне қатыса алмады. Есесіне, жыл бойы жарақатына байланысты жасыл алаңға шықпаған қақпашы Мануэль Нойерді құрамаға шақыртты.
Жалпы, Германия әлем чемпионатына үздіксіз қатысып келе жатқан XXI ғасырдың ең тұрақты құрамасы саналады. Мысалы, 2002 жылы финалға, 2006 және 2010 жылдары жартылай финалға дейін жетсе, 2014 жылы бас жүлдені қанжығаларына байлады. Дегенмен, ескере кететін бір жайт бар. Әлем чемпионатына жеңіске жеткеннен кейін келесі біріншілікке дайындалу, атақты қорғап қалу құрамаларға қиынға соғады. Яғни, чемпиондыққа қол жеткізу оңай болмауы мүмкін, бірақ оны қорғап қалу қиынның қиыны.
Өйткені барлық құрама тек жеңімпаз құрамаға қарсы дайындалып, жеңіске жету үшін барын салатыны анық. Осыған байланысты, мысалды алыстан іздемей-ақ, өткен чемпионаттардың тарихына зер салсақ, соның өзі жеткілікті. 1998 жылы әлем чемпионы атанған Франция құрамасы келесі біріншілікте топтан шыға алмаса, 2006 жылы жаһанда теңсіз деп танылған Италия да келесі додада топтық кезеңнен әрі аса алмады. Ал 2008 жылы Еуропа чемпионатында, екі жылдан соң әлем біріншілігінде жеңіске жеткен Испания футболшылары төрт жыл бұрынғы ала доп аламанында қалай масқара болып жеңілгені футбол жанкүйерлерінің әлі күнге дейін есінде шығар.
Сенсацияға толы Ресейдегі әлем чемпионатының алғашқы кездесуінде-ақ «неміс машинасы» «сыр берді». Мексика құрамасына қарсы өткен ойында германиялық футболшылар күтпеген жерден 1:0 есебімен есе жіберді. Бірінші турдан кейінгі турнир кестесінде Германия соңғы орында келеді. Осы біріншілік алдында Германия құрамасы алғашқы турда жеңіліп, топта соңғы орынға түсіп қалады десе футбол жанкүйерлері түгіл, бундестимнің футболшылары да сенбейтін еді. Енді «неміс машинасы» 23 маусымда Швецияға, 27 маусымда Оңтүстік Корея құрамасына қарсы ойын өткізеді. Егер осы кездесуде де немістер жеңіске жете алмаса, жоғарыда біз атап өткен чемпиондар сияқты әлем чемпионатындағы жорығын топтық кезеңінен-ақ аяқтауға мәжбүр болады.
Германия құрамасының тізімі:
• қақпашылар: Мануэль Нойер («Бавария»), Кевин Трапп (ПСЖ), Марк-Андре тер Штеген («Барселона»);
• қорғаушылар: Марвин Платтенхардт («Герта»), Йонас Хектор («Кельн»), Маттиас Гинтер («Боруссия М»), Антонио Рюдигер («Челси»), Матс Хуммельс, Никлас Зюле, Жером Боатенг, Йозуа Киммих (бәрі – «Бавария»);
• жартылай қорғаушылар: Сами Хедира («Ювентус»), Юлиан Дракслер (ПСЖ), Тони Кроос («Реал»), Месут Озил («Арсенал»), Марко Ройс («Боруссия Д»), Леон Горецка, Сабастьян Руди (екеуі де – «Бавария»), Юлиан Брандт («Байер-04»), Илкай Гюндоган («Манчестер Сити»);
• шабуылшылар: Марио Гомес («Штутгарт»), Тимо Вернер («РБ Лейпциг»), Томас Мюллер («Бавария»).
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»