Бәсі қызып тұрған футболдың басты біріншілігінде көш бастаған құрамалардың есімдері белгілі бола бастады. Плей-офф сатысына өткен командалар белгілі. Уругвай мен жарыс қожайыны Ресей өз қарсыластарын күтеді. Жақын арада бұл тізімге тағы да екі команда қосылуы тиіс.
Ресейдің жеңісті жолын Уругвай жалғастырды. Әлемнің екі дүркін чемпионы Уругвай Сауд Арабиясын жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Екі ойынды да жеңген ұжымдар «В» тобының серкелері Португалия мен Испанияны күтеді. Олар да өздерінің екінші ойындарында 3 ұпайдан еншіледі. Деңгейі жоғары футболшылар Пиреней түбегінің аяқдопты зор меңгергенін көрсетті. Бір гол соғып, қорғанысты мықтап бекіткен екеуі плей-оффқа бір табан жақындады. Дегенмен Испания-Иран арасындағы ойында Парсы шығанағының шеберлері Пиреней түбегінің футболшыларынан еш қаймықпады. Тіпті жауапты голды да соқты. Алайда азиялық ойыншылар тәртіп бұзып алыпты. Әйтпегенде, «қызылбастар» елінің аяқдопшылары қоржындарына 1 ұпай салып қайтар ма еді?
Уругвай болса күшін аяп, бар ынтасын көрсетпеді. Саудиялықтар өз мүмкіндігін пайдалана алмай, біріншілікпен ерте қоштасты. Топтан шығатын еш мүмкіндік қалмады. Мысыр, Сауд Арабиясы, Марокко командалары топтық кезеңнен әрі өте алмайды. Енді олар үшінші матчтарын тек абырой үшін ғана ойнайды.
Ресей құрамасын жер-жебіріне жеткізіп сынаған жергілікті баспасөз қазір орыс ойыншыларын қолды-аяққа тұрғызбай мақтап жатыр. «Головин шын талант», «бапкеріміз дарын иесі» деп асыра мақтап та жазды. Чемпионат алдында сын садағына іліп, құрамаларын құрдымға жіберіп отырған жазарманның енді бұлайша құбылуының сыры неде? Футбол сарапшылары бұл әрекетті шамамен тұспалдап, «алдын ала жасалған жоспарлы шар- уа» деп баға берді. Бұл шамамен «өзіміз жасаған тойда, мақтаулы қыздың күйін кешпейік» деген қам-қарекет секілді көрінеді. Ресейдің басты командасы өз тобынан шыға алмаған жағдайда масқараның көкесі болар еді. Енді бір сыннан мүдірмеген көршілеріміз плей-оффтың ауыр өткелінен өтуді көздейді. Себебі осы жеткеніміздің өзі қаһармандық деп, Португалия немесе Испанияға қарсы ойында «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегелі отыр. Мойындарынан ауыр жүк түскен соң – ал шауып көр. Ресейлік ойыншылар шын мәнісінде қазір жасыл алаңда шапқылап жүр. Футболды жік-жігімен талдайтын агенттіктер сараптама беріп, сандарды сөйлетті. Ресей ойыншысы Александр Головин осы чемпионатта әзірге ең көп жүгірген футболшы. Ол Сауд Арабиясына қарсы өткен ойында 12 шақырымнан астам қашықтыққа жүгіріп тастапты. Өзге құрамалардан қарар болсақ, бұл тізімнен Кристиан Эриксенді көзіміз шалады. Дат футболшысы алаңда 12 шақырымға жетеқабыл жүгіріпті.
Халықаралық футбол тойларында атой салып үйреніп қалған Криштиану Роналду да тағы бір рекорд жаңартты. Ол 12 ірі жарыста гол соққан футболшы. Марокко қақпасына баспен гол соққан атақты ойыншы қазір біріншіліктің басты сұрмергені. Оның еншісінде 4 гол. Бұл жағдайдан Испания шабуылшысы Диего Коста Иран қақпасына доп соғып қалысар емес. Тегі бразилиялық болғанымен, жүрегі Испания деп соғатын адуынды шабуылшының есебінде 3 гол бар. Шамасы, екеуінің текетіресі ұзаққа созылады-ау.
Соңғы күндері футбол тойында жапониялықтар жайлы көп айтылды. Жапония-Колумбия арасындағы ойынды Күншығыс елінде бүкіл халықтың 63,79 пайызы көріпті. Одан бөлек те елдердің жалпылама рейтингін есептегенде бұл матчты 36,62 миллион адам тамашалаған. Бұл әзірге Әлем чемпионатындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Әрине егер Жапонияның орнында Қытай немесе Үндістан ойнағанда рейтинг одан да жоғары болар ма еді? Себебі өз құрама командасының ойынын әр мемлекет түгелімен тамашалауға тырысуда. Футболмен тыныстайтын Бразилия билігі тіпті Неймарлар жасыл алаңға шығатын күнді демалыс етіп жариялап, кейбір аудандары жұмыс күнін қысқартып тастады.
Ермұхамед МӘУЛЕН, «Егемен Қазақстан»