Жақында ғана «Тұран» командасына қосылған қазақстандық шабуылшы Абылайхан Жұмабек Түркістанда тұрақтамады. 23 жастағы футболшыға клубтың қазіргі жағдайы мен басшылардың ұсынған келісім-шарты көңілінен шықпаған секілді.
Оның үстіне қазір «Тұранда» шешілмеген сұрақ көп. Өзгелер жаңа маусымға дайындықты бастап кетсе, түркістандықтар әлі бас бапкер де тапқан жоқ. Облыс әкімі ауысып, қаржылық жағдайы да қалай болатыны белгісіз. Сондықтан, командаға келген ойыншыларды осы мәселе алаңдататыны анық. Ал Абылайхан Жұмабек еліміздегі талантты шабуылшылардың бірі. Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алып жүрген футболшы «Тұранда» тұрақтамай, басқа команда қарастыруды жөн көріпті. Әзірге, Абылайханның қай клубтың қатарына қосылатыны белгісіз.