Жарнама
Жарнама

Жалғанды шын еткен - спорттық симуляторлар

16.05.2020, 05:20
FIFA мен PES-тің бұл жылғы сериялары қандай жаңалықтарға толы? Бірге оқып біліңіз!
Жарнама
Жарнама

Ерте заманда адамзат баласы өз бейнесін тек айнадан ғана көретін. Тек ХІХ ғасырдың соңында ғана ең алғашқы пленкалық фотоаппараттар дүниеге келді. Ал қазір ХХІ ғасыр -зияткерлік білім мен күрделі техниканың қарыштап дамыған уақыты. Ендігі сәтте адам баласы экраннан өз бейнесін көріп қана емес, тіпті түйме, батырмалармен әрі-бері қозғалтып, басқара да алады. Бұл теңдессіз ғылым жетістігіне бір мысал - спорттық симуляторлар!

Қазір, әлемге қатерлі дерт төніп, тегіс ғаламшардың түкпір-түкпірінде "карантин" атауымен тыйым дабылы қағылғалы бері, спорттық іс-шаралар мен біріншіліктер толық тоқтатылды. Алайда, спортшы мен жанкүйер арасындағы байланыс еш тежелген емес. Әлеуметтік желіде бір-біріне ұсынған неше түрлі челлендж, парилердің саны біраз. Осы тұста 2018 жылдың, 28 маусымында Қазақстанда ресми түрде спорт ретінде қабылданған "КИБЕРФУТБОЛ" – карантин уақытында қажетімізге жарай кетті. Қашықтықтан өткізілетін болғандықтан, бұл спорт түріне тыйым салуға еш негіз жоқ.

Киберфутболда терлеп-тепшіп жүгірудің, аспандап секіру қажет емес. Жәй ғана, теледидар мен ойын приставкасын іске қос та, жеңімпаз атан!

Өзге мемлекеттер бұл саланы әбден зерттеп, біраз тәжірибе жинап үлгерген. Тіпті, жаңа спорт симуляторларын дүниеге әкеліп, ойыншылар назарына ұсынуда. Нақтылай кетсек, қазір желіде Final Soccer VR, United Football, Striker Superstars, Dream League Soccer сынды танымал футболдық симуляторлар спорт сүйер қауымға аты мәлім. Алайда, аудитория ауқымдылығы жөнінен бұл симуляторларға қарағанда айқын басымдыққа ие - PES пен FIFA-ның орны бір бөлек! Екі видеоойын бәйгеде оза шапқан тұлпарларша, алдыңғы қатарды ешкімге бермей келеді.

Pro Evolution Soccer 2020

(қысқ. PES 2020) - Жапониялық Konami гейм-студиясының өнімі. Қалың жұртқа "Winning Eleven" атымен танымал бұл симулятор - алдыңғы бөлімдерге қарағанда біраз жаңа ерекшеліктерге толы.

1. Жаңа лицензиялар

PES - тің 2014-2015 жылдарда геймерлер тарапынан "репрессияға" ұшырауының басты себептерінің бірі - лицензиясыз командалар болатын. Аты әлемге мәлім:

Реал Мадрид - MD White

Арсенал - Норт Лондон

Ливерпуль - Мерсисайд Ред

Манчестер Сити - Мэн Блу

секілді ойдан шығарылған, түсініксіз беймәлім есімдермен аталушы еді. Бұл жылғы шығарылымда жапондықтар Ювентус, Бавария Мюнхен, Манчестер Юнайтед сынды азулы клубтарды толығымен лицензиялады.

P.S: Және алғаш рет Konami компаниясы ҚФФ-мен келісе отырып, ойынға Қазақстан ұлттық құрама командасы да қосылды.

2. Жаңа анимациялар.

Ойынға бақандай 4389 анимация орнатылған. "Мастер лига" яғни - бапкер мансабын өту режимі біраз жаңа өзгерістерге ұшырады, және олардың біразы жақсы тұсқа!

3. Графика.

Сарапшылардың пікірі бойынша PES 2020 - да графика тұрғысында аса үлкен қадам жасалынған жоқ. Алайда, алдыңғы бөлімдерге қарағанда жасыл төсеніш алаңы мен аяқдопшылар бейнесі біраз балғын бола бастаған. Егер сіз PES - ті жоғары деңгейдегі графикалық баптауда ойнағыңыз келсе, онда сіздің компьютеріңіз немесе гейм-консоліңізде соған сай, соңғы шыққан бөлшектермен қамтылуы тиіс!


4. Онлайн желі

 Жапондық ойын құрастырушылардың біраз жылдар бойы шипа таба алмаған дерті – осы онлайн режимі еді. Өзге ойыншылармен бақ сынау мақсатында ұйымдастырылған MyClub - бұрын біраз кемшілік тұстарға толы болды. Оларды атап өтсек:

- ойын валютасының қымбаттығы

- бұзақы читерлер

- себепсіз багтар

Бұл жылғы серияда Konami ол қателіктерді мейлінше жеңе білді. Оған дәлел - PES-ке арналған киберспорттық турнирлердің жиі өткізілуі.


FIFA 20

Канадалық "Electronic Arts Sports" компаниясының есеп бойынша 27-ші туындысы. Симулятор PlayStation 4, Nintendo Switch, Xbox One, Windows платформаларында қолжетімді!

Жалпы FIFA көптеген геймерлердің пікірінше, "жылдың нашар релизі" деген номинацияға толықтай лайық! Өйткені, бұл жылғы FIFA графикасында алдыңғы бөлімге қарағанда үлкен өзгерістер байқалмайды.

1.Лицензиялар.

FIFA лицензия бойынша көп мәселеге ұрына бермейтін-ді. Онымен қоса, 2019 жылы жапондықтардан "UEFA Champions League" лицензиясын тартып алды. Алайда, өкінішке орай бұл жылғы бөлімде Италия біріншілігінен іздеп отырып, туриндік Ювентусты таба алмадық ... Анығына келсек, туриндіктер EA Sports-пен ат құйрығын кесісіп тыныпты. Ювентус ендігі FIFA-да атымен жоқ. Олардың орнына "Пьементо Кальчо" атауымен бейресми команда өнер көрсетеді. Барлық ойыншылар өз орнында, тек киім үлгісі мен ұжым атауы ғана басқаша.

2. Жаңа үлгідегі – БАПКЕР МАНСАБЫ РЕЖИМІ

Бұл тұста PES пен FIFA арасындағы жеңімпазды анықтау тіптен қиын! Өйткені, екі симулятор да жаттықтырушы өмір жолын өту режиміне аянбай тер төккен. Испания үшінші дивизионының әлжуаз клубын Еуропаның гранд командаларына төтеп бере алатындай, азулы ұжымға айналдырғыңыз келсе, канадалық өнімді таңдаңыз. Ал егер интерактивті диалогті қолдана отырып, тарихи, маңызды шешімдерді қабылдар вируталды менеджер атанғыңыз келсе, онда PES-ті таңдаған жөн болмақ.

3. Жаңа режим - VOLTA.

FIFA-ның 17, 18, 19-шы серияларында "Алекс Хантердің тарих режимі" естеріңізде шығар. Ал бұл жылғы бөлімде "тарих" жалғаспады. Оның орнына жаңа мини-футбол стилінде ұйымдастырылған VOLTA режимі ойыншылар назарына ұсынылды. 3х3 Rush, 4x4, 4x4 Rush, 5x5 нұсқасында көшеде немесе кіші футбол алаңында армансыз доп тебе аласыз.

3. Онлайн.

Өкінішке орай, Ultimate Team әзірге еш өзгеріссіз қалды. Ойыншылардың рейтингтері де жыл ережесіне сәйкес біраз құбылды. Пирло, Дрогба, Зидан сынды ескі футбол сахнасының жұлдыздарын иемдену арқылы өзге ойыншылардың қақпа торына гол соғып, "кибераяқдоп" ойынының рахатын тамашалауға мүмкіндік бар.


Бұл жылы екі симулятор да - өз стилінде!

Жанкүйерлерді қуанту үшін бар күшін салғандары да көрініп-ақ тұр. Қос ойын да жаңа бастамаларымен бірге гейм-индустрия саласында жарылыс жасап, рекордтар орнатуға толығымен қауқарлы!


Жәнібек ЕСЕНБЕК,

Атырау қаласы

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров