«Тараз» командасының бас бапкері клубтың баспасөз қызметіне Қазақстан Премьер-лигасының үшінші турында «Қайратпен» болатын матчқа дайындық туралы айтып берді.
- «Қайратпен» болатын кездесуге дайындық туралы айтып берсеңіз.
- Екінші турдан кейін екі апталық үзіліс кезінде бұл матчқа тыңғылықты дайындалатын уақыт болды. Ол аралықта команда үш күн тынығып алды. Одан соң «Ордабасымен» жолдастық кездесу өткізіп, жастарды байқап көрдік. Ұлттық және жастар құраламаларына шақырту алған ойыншылар да қатарға қосылды. Солардың бірі Абылайхан Жұмабек жарақатпен келді. Өзгелері жаттығу үстінде.
- «Қайрат» - Қазақстандағы мықты ұжымдардың бірі. «Тараз» оған қарсы қандай ойын мәнерін көрсетеді, қандай мүмкіндігі бар?
- Біз өз ойынымызды ойнаймыз. Қарсыластарды мықты не әлсіз деп бөліп қарамаймыз. Себебі әр команданың мықты тұсы да, әлсіз жағы да бар. Біз «Қайраттың» әлсіз тұстарын ұтымды пайдалануға тырысамыз. Жалпы алғанда кез келген командамен ойнап, ұпай алуға болады. Десек те, «Қайратпен» болатын кездесудің оңай өтпейтінін білеміз. Бұл матчта да бізге сенімділік қажет.
- Бұл ойын жанкүйерлерсіз өтетін шығар. Сізге жанкүйерлердің стадионда болғаны не болмағанының айырмашылығы бар ма?
- Әрине, ол сезіледі. Тіпті Еуропада да командалар жанкүйерсіз ойнауда. Ол жақта да матчтар бұрынғыдай керемет өтіп жатыр деуге келмейді... Бірақ командалар ақырындап бой үйретіп келе жатыр. Жанкүйерлер алдында ойнау ерекше әсер қалдырады.
- Жарақат алған ойыншылар бар дедіңіз. Олар бұл кездесуде алаңға шыға алмай ма?
- Абылайхан Жұмабек 90% ойнамауы мүмкін. Ал Әлішер Сүлейдің жағдайы белгісіз.
«Тараз» КФК баспасөз қызметі
Біздің серіктес: FONBET