Жарнама
Жарнама

Ұпайдан шашау шығармағандар сиреп келеді

24.09.2018, 11:46
Жарнама
Жарнама
    Еуропаның ТОП-5 лигасында ел чемпионттарының кезекті тур ойындары болып өтті. Әдеттегідей, тартысты, қызыққа толы ойындар көп болды. Қарсылас шақ келтірмей осы күнге дейін бірде-бір ұпай жоғалтпай келген каталондық "Барселона" мен лондондық "Челси" қарсыластарымен тең тарқасып, алғашқы ұпайларын жоғалтты.  Премьер-лиганың алтыншы турында "Вест Хэмге" қонаққа барған лондондықтар аса қиын ойында бір ұпай еншілеп қайтты. Ойынның есебі өзгеріссіз қалып, көрермендер ешқандай гол көре алмады. Ярмоленко бірер мүмкіндігінде қателеспегенде, "Челси" бірде-бір ұпайсыз қайтуы бек мүмкін еді. Осылайша Сарри бастаған жігіттер алты турдың қорытындысы бойынша, "Манчестер сити" мен Клоптың "бандасын" алға жіберіп, үшінші орында келе жатыр. Клоптың "бандасы" демекші, ТОП-5 лиганың ішінде әлі бірде-бір ұпай жоғалтпаған бірен-саран клубтың ішінде осы "Ливерпуль" бар. "Саутгемптонды"  өз алаңында қабылдаған алтыншы ойыннан кейін максималды 18 ұпайды жинап, көш тізгінін мығым ұстап келеді. Худтың автоголы (10'), Матип (21') пен Салахтың (45+3') бір-бір голдары "қызылдардың" турнирлік кестедегі жағдайын одан сайын жақсартып қойды. Төрешінің қателігі ме? "Барселона" өзі жақсы ойнай алмады ма? Вальверде дұрыс тактика қоя алмады ма? Бұл сұрақтардың жауабын әркім өзінше топшылай жатар... Не болса да "каталондық гранд" "Камп Ноуда" "Жиронаны" ұта алмады. Өз жанкүйерлерінің алдында қарсыласын ойсырата жеңуі керек каталондықтар, тең тарқасуға мәжбүр болды. 19-минутта Мессидің соққан голынан кейін алаңға алғашқы минуттардан шыққан Ленгле 35-минутта төрешіден қызыл қағазбен "марапатталып", алаңнан ерте кетуге мәжбүр болды. Он ойыншымен қалған алаң иелері бірінші тайм соңында Стуанидің (45') есепті теңестіруіне мүмкіндік беріп қойды. "Қанның дәмін сезген" Стуани көп ұзамай 51-минутта есепті еселеп, таблодағы есепті "Жиронаның" пайдасына өзгертті. Стуанидің бірінші голында қателескен Пике айыбын жуу үшін 63-минутта қонақтардың қақпасын дәл көздеп, есепті теңестірді. Бұл гол "Барселонаның" жеңісіне жетпеді. Есеп 2-2. Ла-лиганың бесінші турынан кейін "Барселона" алғашқы рет ұпай жоғалтып, сонда да 13 ұпаймен көш басында қалды. Ал "Барселонаның" бітіспес қарсыласы  "Реал Мадрид" 41-минутта Асенсионың "Эспаньол" қақпасына соққан жалғыз голдың күшімен келген үш ұпайдан соң каталондықтармен үзеңгілесіп, қатар келеді. Корольдік клуб қоржынында да 13 ұпай. Серия А-ның чемпионы болуға басты үміткер "Ювентус" бес ойын қатарынан жеңіске жетті. Италия чемпионатының бесінші тур аясында "Фрозинонеге" қонаққа барған туриндіктер, соңғы минуттарда соғылған Роналду (81') мен Бернардескидің (90+4') голының арқасында үш ұпай олжалап қайтты. Жалпы 15 ұпайды жиған "Ювентус" "Наполиді" үш ұпайға артқа тастап, көш тізгінін ұстап келеді. Бундеслигада қарсылас шақ келтірмейтін "Бавария", өз жорығын сәтті жалғастыруда. "Фельтинс-Аренаға" қонаққа барған "неміс мәшинесі" Хамес Родригес (8') пен он бір метрліктен мүлт кетпеген Левандовскидің (64') голының арқасында "Шалькеден" сенімді үш ұпайды олжалап қайтты. Төрт турдан кейін қоржынында 12 ұпай бар "Бавария" екінші орындағы "Гертаны" екі ұпайға артқа қалдырды. Бірінші лигада қарсыласының "екі аяғын бір етікке тығатын" "ПСЖ", бұл жолы да ұпайдан шашау шығармады. Реннге қонаққа барған "ПСЖ" кішігірім камбэк жасап қайтты. 11-минутта Рабьо өз қақпасына гол салып алып, "Реннді" есепте алға жіберді. Бірінші тайм аяқталар тұста Дракслерден пас алған Ди Мария есепті теңестіріп кетті. 61-минутта Менье қонақтарды есепте алға шығарды. Бір голдың авторы  Меньенің пасынан кейін 83-минутта Шупо-Мотин мүлт кетпей париждіктерді сенімді жеңіске әкелді. Алты турдан кейін 18 ұпай жинаған "ПСЖ" екінші орындағы "Лилльден" бес ұпай алға озып, сенімді түрде көш бастап келеді.

Марғұлан ЖАҚЫП

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров