Қазақстан - Сербия 2:1.
24-наурыз. 2007 жыл.
Бұл УЕФА-ға мүше болғалы ұлттық құрамамыздың алғашқы жеңісі еді. Ол кезде құраманы голландиялық маман Арно Пайперс басқаратын. Осы ойын менің де есімде жақсы сақталып қалыпты.
Ол кезде мен 9-сыныпта оқитын едім. Наурыз мейрамынан соң жылдағыдай Ақтөбеде облыстық пәндер олимпиадасы өтетін. Барлық аудандардан келген оқушыларды Дарын мектебінің интернатына жатқызды. Сол күні кешкісін қаланы аралап келген соң, интернаттың фойесінде футбол көріп отырған бір топ балаларды көрдік. Олар да телевизорды жаңа қосқан екен.
Ең қызығы, ескі телевизордың дауысы мүлдем шықпайды және экранның кеңдігі (расширение) де дұрыс емес еді. Экранның екі шет жағы көрінбейді, бізге ең керек гол саны да қырсыққанда сол жақ шетте жазулы тұрған еді. Есептің қанша екенін ешкім білмейді, барлығымыз үнсіз футболды тамашалап отырмыз. Әшейінде жылт жылт етіп көрсете беретін есепті де экранның ортасынан көрсетпей жатыр. Шыны керек барлығымыз Қазақстан ұтылып жатқан шығар деп ойладық.
Бір кезде экраннан есепті көрсетті, 1:0 Қазақстан ұтып жатыр екен. Сол жердегі бірнеше бала жаңа ғана гол салғандай қуанып, айқайлап кеттік. Бұл ойынның шамамен 55 минуттары болса керек.
Өз көзімізге өзіміз сенбей дыбыссыз телевизорға әрі қарай телміріп отырдық. Шамамен тағы бір 5 минуттан соң бұрыштамадан Нұрбол Жұмасқалиев баспен гол соқты. Есеп 2:0! Кішкентай бөлмедегі бірін-бірі танитыны бар, танымайтыны бар барлығы дерлік айқайлап, құшақтасып қуанып жатты.
Телевизор бұрынғыдай үнсіз, ал біздің шуымыздан құлақ тұнады. Бірақ трансляцияны дыбыссыз тамашалап жатқанымыз енді маңызды болмай қалды, себебі Қазақстан алда. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созыла қоймады, бірнеше минуттардан соң сербтер есепті қысқартты.
Ендігі тілегіміз тағы бір гол жіберіп алмау болды. Қалағанымыздай Жұмасқалиев, Балтиев, Әшірбеков, Смақов, Бяков сияқты жігіттер намысқа тырысып, ойын соңына дейін есеп өзгерген жоқ. Осылайша еліміз тариxи жеңісіне қол жеткізді. Арно Пайперстің кезіндегі құрама мықты еді. Ойын өрнегі жақсы құрылған болатын. Шабуылға шығуға қорықпайтын еді ойыншылар.
Өкінішке қарай, кейінгі кезде құрамадан бұл қасиетті көре алмай келеміз.
Біздің серіктес: FONBET