Жарнама
Жарнама

Украинадағы ушыққан финал

04.11.2020, 07:27
Финалдан кейін Кариус пен Рамос «жұлдыз» болды. Көпшіліктің аузынан біразға дейін түспеді. Ал сол қақпашының ойыннан кейін жылап тұрып айтқан сөздері есіңізде ме?
Жарнама
Жарнама

Салахты Серхио сындырған,

Жанкүйер шулап шыңғырған

Бенземаның бақайы

Кариусты іштен тындырған... 

 

Иә, 2018 жылы Киевте өткен сол маусымдағы «Чемпиондар лигасының» финалын осы бір шумақты оқыған адам бірден көз алдына келтіреді. Сол шешуші ойында испандық клуб Ливерпульден 3-1 есебімен басым түскен болатын. Бұл «корольдік клубтың» турнирдегі 13 жеңісі болып тіркелді. Еуропада клубтық деңгейде мұндай жетістікке жету оңай емес, оның үстіне қатарынан 3 рет алу, әрине, үлкен еңбек пен табандылықты талап етеді. Бұл жағынан «Реалдың» мықтылығына финалға дейінгі жүріп өткен жолына ешкім дау айта алмас. Десе де, ақырғы айқаста Зидан баптаған жігіттер жеңіске 100 пайыз лайықты болды деп айту қиын. Осы мәселеде қос клуб жанкүйерлері, сонымен қатар басқа да футбол жанкүйерлері екі түрлі пікірде. Неге?

Біріншіден, «тұманды альбионнан» келген команданың ойынды тәп-тәуір бастап, мадридтіктерді біраз састырғаны әлемнің әр бұрышынан осы ойынға көз тіккен барша футбол жанкүйерлеріне мәлім. Испандықтар да қарап қалмады, әрине. Дегенмен, басымдық Ливерпуль ойыншыларында болды. Бірінен соң екінші қауіпті сәттер туындап жатты. Сосын «Реал» не істеді? Команда капитаны Серхио Рамос алаң ортасындағы допқа таласқан болып ағылшындық клубтың ең мықты шабуылшысы Мохамед Салахты қолын әдейілеп қысып алып, жерге құлатты. Бұл әдісті тіпті, бүкіләлемдік дзюдо федерациясы да назардан тыс қалдырмай, таңданыстарын жасырмады. Сол сәттен бастап Салахтың иығы ауырып, оның жоғарғы деңгейлі ойынын көрсетуге мүмкіндік бермеді. Рамос онысымен қоймай, кезекті стандартты жағдайлардың бірінде Мохамедті әуедегі допқа таласта тағы соқты. Осылайша, ойынды жүргізетін футболшылардың бірін жарақаттау арқылы мадридтіктер жағдайларын түзеп алды.

Мысырлық ойыншының алаңнан кетуімен мерсисайдтықтардың мысы басылып қалды. Оның айқын дәлелі – қақпашы Лорис Кариустың допты лақтыру кезіндегі өрескел қателігі. Екіншіден, Қолында тұрған допты Кәрім Бенземаның балтырына тигізіп, қақпасына күлкілі гол кіргізгені бар. Осы гол Ливерпуль ойыншыларының көңілін одан әрі құлазытты. Алайда, қайсар мінезді Садио Мане бұрыштамадан басталған шабуыл кезінде есепті теңестіген. Міне, осыдан соң ғана бұл ойынағы Кариустың қателігінен болмаған жалғыз гол «Реалға» басымдық алып келді. Гарет Бэйлдың тамаша голы жанкүйерлердің есінен ешқашан кетпестей өте әдемі болғаны рас. Үшінші голды да осы ойыншы салды. Бірінші қатесінен және Бэйлдың қайшылап тепкен добынан соң есеңгіреп қалған Кариус Бэйлдың бұл оңай соққысын қақпасына өз қолымен ұрып енгізді. Осы екі қателікті есептемесек, ойын тең аяқталып, бәлкім тең аяқталар ма еді...? Салах соңына дейін ойнаса, таблода мүлде басқа есеп тіркелуі ықтимал болатын. 

Үшіншіден, ойынның 49-минутында (сол баяғы лас пиғылды) «Реал» қорғаушысы Рамос қарсылас қақпашысының білдірмей басынан шынтағымен ұрып кеткені ойын біткеннен кейінгі бейнежазбалардан белгілі болды. Яғни, ойынның тағдырын тікелей капитан шешті деуге болады. Бірақ ойын ережесін бұзу арқылы. Бұл пікірге мадридтік клуб жанкүйерлері қалай жауап қайтаруы мүмкін?

Серхио Рамостың көшбасшылық қасиеті ерекше. Ол өз командасын талай қиын сәттерден алып шыға білетін бірегей ойыншы, нағыз капитан. Оған дәлел 2014 жылғы «Атлетико» Мадрид клубына қарсы «Чемпиондар лигасының» финалдық ойынында 0-1 есебімен «Реал» ұтылып жатқан болатын. Финалдық ысқырыққа санаулы секундтар қалғанда Рамос бұрыштама добынан баспен гол ұрып, сөнгелі тұрған үміт отын тұтатып, өз командасына керемет рух және жеңіске жетуге деген мүмкіндік сыйлаған. Нәтижесінде 4-1 есебімен ұтып, «қалқанқұлақ» кубокты қоржындарына салған болатын. Ал Салахтың жарақатына келер болсақ, оның ниетін Рамостың өзі ғана біледі. Мейлі, әдейі жасаса да оны жанкүйерлері мақтан тұтады. Себебі, ол командасының жетістікке жетуі үшін ештеңеден тайынбайтын нағыз капитан. Төрешілерге білдіртпей, ойыншыны әдемі құлату да көп адамның қолынан келе бермейтін іс. Сол көптің арасында клубтың бас бапкері Зидан да бар.

Финалдан кейін Кариус пен Рамос «жұлдыз» болды. Көпшіліктің аузынан біразға дейін түспеді. Ал сол қақпашының ойыннан кейін жылап тұрып айтқан сөздері:

«Мен қазір ештеңе сезбей тұрмын, өз командамның жеңілісіне себепкер екенімді білемін. Өзімді кінәлі сезінемін. Барлық жанкүйерлерден, клубтан кешірім өтінемін. Бұл орны толмас қателіктер болды. Егер уақытты кері қайтаруға мүмкіндік болса, мен бәрін өзгертер едім. Әріптестерімнен ұялып, оларды аяп тұрмын. Өте ауыр жағдайда тұрмын. Бірақ қақпашының өмірі осы.Еңсемді тіктеп, алға жылжуым керек!» - деді ауыр күрсініп.

Иә, отырып алып Кариусты да, Рамосты да жамандай беру оңай. Сондықтан ақылға салып, бұл матчтағы жағдайларға қақпашылардың көзімен қарап көрейікші. Ойыннан соң бірнеше атақты қақпашылар өз ойларын ортаға салды. Әйгілі неміс қақпашысы Оливер Канн: «Кариустың финалдағы ойыны оның бүкіл мансабын құртуы мүмкін. Қақпашылардың футболдағы өмірі әділетсіз. Ол жерде еш жұбаныш таба алмайсың. Лорис Бұл жағдай жайлы күндердің бір күнінде ұмытуы мүмкін бе? Ол үлкен физикалық және психикалық тұрғыда күшті талап етеді.» - деп қорытындылады.

Ал әлі күнге дейін алаңға шығып жүрген аңыз қақпашы Джанлуиджи Буффон былай дейді: «Қақпашылардың қателігі әрдайым болатын нәрсе. Оның дәл осы матчта орын алуы, әрине, өкінішті. Мұндай олқыдықтардың себебін түсіндіру қиын. Ол ойыншының жүйке жүйесінен болуы мүмкін. Бірінші голды өздеріңіз көрдіңіздер. Екінші голды қайтару мүмкін емес. Ал үшінші голға келер болсақ,бұл таза техникалық жағдай. Соққының мықты шыққанын айтпаса болмайды. Гареттың тепкен добы бағытын екі жақты айналу осімен, яғни төменге және солға қарай бағытын өзгерте ұшты. Кариусте екі таңдау тұрды: допты қағып алу немесе сыртқа қарай қағып жіберу. Қақпашы доп оның көз алдында бағытын өзгерткен кезде оны қағып жіберемін деп шешті. Кариустың басты қателігі осы үшінші гол кезінде көрінді. Себебі, қақпашылар қақпа сызығына арқасын қаратып түзу тұруы керек. Қырымен немесе жартылай қырымен тұрып қалмауға тиіс. Солай дұрыс позицияны ұстаса, ол допты оңай қағып жіберетін еді, алайда Кариус қақпа сызығына жартылай қырымен қарап тұрғандықтан оның қолынан серпілген доп қақпаға бағытталып кетті. Өте өкінішті, әрине. Бізде қақпашылар дәстүрінде бір-бірін қолдау деген бар. Ол жаза басқан қақпашылардың алғашқысы да, өкінішке орай, соңғысы да емес. Мұндай жағдай барлығының да басынан өтеді. Ол жас, сондықтан Құдай жазса ол бұл қиындықтарды жеңеді. Ең бастысы, оның жақындары мен командадағы әріптестері мен бапкерлерінің қолдауы маңызды.» - деді.

Тибо Куртуа: «Кариусқа не болғанын түсіну қиын. Өйткені ол ойынды керемет бастады. Жақсы сэйвтер жасады. Шабуылшылардың бірнеше рет алдын орады. Ойынға кіріп кете алу маңызды. Сондықтан бұл жағдайды түсіндіру екі есе қиын. Екінші қателік біріншісінің салдарынан болды. Өйткені ондай сәтте қақпашының басында түрлі қорқынышты, түсініксіз сезімдер астаң-кестең болып жататыны түсінікті жайт. Бүгін ол кешегіден де нашар сезінеді, егер, әрине, ол түнде ұйықтай алған болса. Бұл жағдайда мен оған ештеңе дей алмаймын. Қолдау сөздері де артық болады. Себебі, болған жайды ол өзі ғана реттей алады.» - деп ағынан жарылды.

Әлем чемпионы Икер Касильяс: «Ливерпуль қақпашысы өте ыңғайсыз жағдайға тап болды. Кешегі финалды бүкіл әлем көрді және қақпашының екі қателігі ойын тағдырын шешіп кетті. Мұндай жағдайда ойыншы тек сынып қалмауы және футболды тастап кетпеуі қажет. Ливерпульдің басқа қақпашы іздейтініне сенімдімін. Қателік бәрінде болады. Алайда, мұндай матчтарда қателесудің зардабы өте ауыр келеді.» - деген болатын.

Ал клубтың бас бапкері Юрген Клопп болса: «Біз Кариус екеуміз матчтан кейін аз ғана тіл қатыстық. Бар болғаны сол. Бұл жерде айтатын да ештеңе жоқ. Мен оның көңіл-күйін жақсы түсінемін. Бұлай болғанын ешкім де қаламады. Бірақ, жағдайды қалай бар, солай қабылдаймыз. Қателіктер онсыз да көрініп тұр, барлығы түсінікті. Бұны ол да, мен де, қалғандары да жақсы ұғып тұрмыз. Енді ол бұны қабылдау керек, біз де...Оны, әрине, командадан қумаймыз. Бүгін оның сәтсіз күні болды.» - деп жасырмай ойын жеткізді.

Рамостың Салахқа қарсы жасаған әрекетіне қарсы «Барселонаның» даңқты қорғаушысы Карлес Пуйоль былай деді: «Футболда әр ойыншының позициясына байланысты атқаратын міндеттері бар. Ақылды ойыншылар өте аз. Испандық қорғаушының мысырлық ойыншыны әдейі құлатқаны көрініп тұр. Алайда, оны жарақаттау мақсатында құлатты дегенге сену қиын. Салахтың жылдамдығына төтеп бере алмағандықтан ойын ережесін бұзуға мәжбүр болды. Қорғаушының міндеті шабуылды қалай болса да тоқтату. Серхио ол жерде ешкімнің аяғынан теппеді, тек қолынан тартып, допты теуіп жіберісі келді деп ойлаймын. Ал ары қарай қиындықтар пайда болды.»

   Ливерпуль қорғаушысы Эндрю Робертсон: «Менің ойымша мәселе Салахтың жерге ыңғайсыз құлап түсуінде, бірақ Рамос та өте ақылды жігіт қой. «Мо»-ның жолы болмады. Ол маусымды керемет өткізді, аяғы осылай біткені өкінішті. Ол тез арада жарақатынан айығып, бұрынғыдан да мықты күйде оралады және әлем чемпионатына қатысады деген үміттемін.» - деп командаласына қолдау білдірді.

Қорытындылай келе, мынаны айтуға болады. Тарихта эпизодтар емес, таблодағы цифрлар ғана қалады. Сондықтан, қазіргі футболдан, әсіресе финалдық матчтардан әділдік немесе адамгершілік құндылықтарды іздеу қате. Ол жерде тек сәттілік пен ептілік, ақылды шешімдер ғана жеткілікті. Кейіпкерлерге келер болсақ, Салах жазылып Египет құрамасы сапында өз дәрежесінде ойнай алды. Ливерпульдегі жұлдызды сәті әлі күнге дейін жалғасуды. Рамос болса, Испания чемпионатында кейбір шабуылшылардан да көп гол соғып, командасының қорғанысына да жауапты нағыз капитан ролін әдемі орындап жүр. Ал Кариус болса Ливерпульдегі «жылы» орнынан сол финалдан кейін біржола айрылып, бірде түріктердің, енді бірде немістердің чемпионатында қақпа күзетіп, күнелтіп жүр. Бүкіл өмірі бір сәтте өзгерген адам десе де болады. Оның орнын бразилиялық қақпашы Алиссон Беккер басты. Ал Ливерпуль болса, келер жылғы маусымда да ақтық сынға жетіп, өздеріне жақсы таныс «Тоттэнхем» клубын тізе бүктіріп, бір жыл бұрын Салахтың голы мен Кариустың «қолы» жетпеген армандарына қол жеткізді. Кім біледі, егер сол Киевтегі жеңіліс болмағанда Клопптың командасы жеңіске деген жігерін жоғалтып алар ма еді? Тура былтырғы 1/8 финалда Атлетикодан өте алмай қалған кездегідей...    

Наурызбай Сатжанов

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров