Жарнама
Жарнама

Түнгі жарыс, орыс қыздары және метро туралы — футболдан ӘЧ

17.06.2018, 01:00
Жарнама
Жарнама
Ресей құрамасы өз алаңында Сауд Арабиясын 5-0 есебімен ойсырата жеңді. 2002 жылы Жапония мен Кореяда өткен ойындарда 2:0 есебімен Тунистен басым түскен ресейліктер араға 16 жыл салып Әлем чемпионаттарындағы екінші ірі жеңістеріне қол жеткізіп отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Мәскеуден. Ресми дерек бойынша «Лужники» стадионына 78011 жанкүйер жиналып, ӘЧ ашылу салтанаты мен алғашқы мачты тамашалаған. «Метромен жүрмеңдер!» Мәскеудегі метро станциялары мен вагондардың ішінде де ығы-жығы халық, оның басым бөлігі шетелдік жанкүйерлер. Осыған байланысты қала билігі жергілікті тұрғындарға метромен емес, жердің үстіндегі қоғамдық көліктермен жүруге кеңес беріп жатыр. Ал дүниенің төрт бұрышынан келіп жатқандардың саны күн санап көбею үстінде. Жапониядан 10 мыңнан аса жанкүйер келе жатқандықтан Саранск, Волгоград, Екатеринбург қалаларында күншығыс елінің арнайы өкілдіктері ашылып жатқанға ұқсайды. Қызым саған айтамын… Ресей Госдумасының депутаты Тамара Плетнева ресейлік қыздарды шетелдіктермен тым жақын қарым-қатынасқа бармауға, яғни олармен жыныстық қатынастан аулақ болуға шақырғаны туралы мәлімдеме қазір екінің бірінің аузында жүр. Плетневаның айтуынша, Ресей жерінде бұған дейін де, осындай әлемдік деңгейдегі спорттық шаралар өтіп, нәтижесінде жалғыз басты аналардың саны көбейіп кеткен. «Бұл Кеңестің кезеңнен бері қайталанып келе жатқан үрдіс. Бұдан әкесі белгісіз балалар пайда болып, кейін ол зардап шегетін болады. Мен ұлтшыл емеспін, бірақ сонда да…» дейді ол өзінің мәлімдемесінде. Осыған байланысты Ресейдің көптеген танымал саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері Плетневаның ойына қатысты өздерінің сыни пікірлерін білдірген. 10 мың рубль айыппұл салынуы мүмкін Алдын-ала есеп бойынша Ресейде өтетін Әлем чемпионатына 1,5 миллионнан астам адам келеді деп жоспарланыпты, көбі Аргентина, АҚШ, Германия, Ұлыбритания мен Швецияның делегациялары. Айтпақшы, бүгінгі жеңіске қанаттанған Ресей жаңа жобаны қолға алсақ деп жатыр. Енді Чемпионат қожайындарын, яғни Ресей командасын балағаттап тіл тигізгендерге 10 мың рубль айыппұл салынуы мүмкін. Аталмыш мәселені Ресей Госдумасының депутаты Виталий Милонов көтеріпті. Айғайлаудан жарыс… Мундиальдың алғашқы ойыны аяқталған түні жанкүйерлер Қызыл алаңның маңындағы Никольская көшесін думан мен дүрмекке бөледі. Ұзын көшенің басынан аяғына дейін лық толған жұрттың көңілдері көтеріңкі. Әсіресе жарыс қожайындарының дауыстары жер жарады. Бұл жерде жанкүйерлер жарысы жүріп жатқандай. Жеңіс тойын тойлатқан ресейліктер қанша сырнайлатып кернейлетсе де Перу құрамасының жанкүйерлері , айғайлау жағынан қайта-қайта асып кетіп жатты. Алғашында «Россия, Россия!» деп ұрандатқан жеңімпаздар перуліктерге жете алмаған соң,«Катюшаға» басты. Лама жануары кейпіндегі ойыншықты барабан ретінде соққылаған перуліктерге айғайлау жағынан әзірге ешкім тең келе алмай тұр. «Бұлардың Қызыл алаңдағы өнерлерін көрдік, енді жасыл алаңдағы өнерлерін көреміз»,-деп күлді «катюшалатып» жатқан жанкүйерлердің бірі. altaynews.kz
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров