Жамбылдық "Тараз" клубы Қазақстан құрамасының Франциямен болған кездесуіне қатыса алмаған Бақтиер Зайнутдиновқа қолдау көрсетті.
"Тараз футбол мектебінен түлеп ұшқан талай теңбіл доп шебері бүгінде берісі еліміздің маңдайалды командаларында, арысы алыс-жақын шет елдің белді клубтарында ойнап жүр. Солардың бірі – Бахтияр Зайнутдинов.
Өкінішке орай, ол кешегі Франция құрамасына қарсы ойында жарақатына байланысты алаңға шыға алмады. Әрине, Ресейдің ЦСКА командасында негізгі ойыншылардың бірі атанып үлгерген жас футболшы бұл матчта ел құрамасы сапында алаңға шыққанда белгілі бір деңгейде үлес қосар еді деп есептейміз. Дегенмен, кез келген кәсіби спортшы үшін жарақатпен күрес жүргізу келешектегі мансабына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін түсінуіміз қажет. Қазір әлеуметтік желілерде отандасымыздың намысына тиетін, әдейі алаңға шықпады деп арандатып жазылып жатқан пікірлер көп кездесуде.
Кез келген футболшы үшін ұлттық құрама намысын қорғау зор мәртебе. Оны Жамбыл жерінің футболшылары жақсы түсінеді және бар күш-жігерін сарп етуге әзір. Бұл Бахтияр Зайнутдиновқа да тікелей қатысты. Баршаңызды түсіністік танытып, отандасымызға қолдау білдіреді деп сенеміз", - делінген хабарламада.
«Тараз» КФК баспасөз қызметі
Біздің серіктес: FONBET