Жарнама
Жарнама

Талғат Байсуфинов: «Жоао Пауло секілді ойыншылардың ұлттық құрамада ойнауына ешкім қарсы болмайды деген ойдамын»

24.03.2021, 03:36
Қазақстан құрамасы 28 наурызда Франция құрамасын қабылдайды, 31 наурызда Украинаға қонаққа барады.
Жарнама
Жарнама

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындарына дайындық туралы, Бауыржан Исламханның жағдайы мен Жоао Паулоны ұлттық құрамаға тарту мәселесі туралы пікір білдірді.

- Кеңейтілген тізімге сегіз жаңа ойыншы қосылды - бұл мәжбүрлі түрде жасалған шара ма?

- Ия, қазір көп ойыншылар жарақат алған. Тіпті Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында көптеген ойыншылар жарақат алды, ал бірінші айналымнан кейін Артур Шушеначев жарақат алды. Ол ұлттық құраманың шабуылшы позициясына нақты үміткер болған еді. Чемпионат енді басталғандықтан бәрінің жағдайы бірдей. Көбінде ойын практикасының болмауы да заңды нәрсе. Бізде ойыншыларды таңдау кезінде үлкен қиындықтар туындаған жоқ - біз барлық ойыншыларды білеміз, бәрі біздің назарымызда. Рас, қазір командада болашаққа бағытталған жаңа вектор бар. Қажетті ақпаратты жинадық, селекция жұмыстарын жүргіздік. Бұл біздің осы жылғы алғашқы жиынымыз, келешекте командада жаңа ойыншылар пайда болады деп ойлаймын.

- Матчтарға дайындық қалай жүріп жатыр? Жаттығулар Футбол үйінде және «Астана Аренада» өте ме?

- ФИФА-ның жиынға арналған ресми мерзімі бар - 21-31 наурыз аралығы. Жаттығу процесі Футбол үйінде басталды. 26 наурыздан бастап жаттығулар «Астана Аренада» өтеді. Бір алаңнан екіншісіне ауысу ауыртпалықсыз өтуі керек. Біз «Астана Аренада» техникалық және тактикалық бағыттағы жаттығуларды, сондай-ақ ойын алдындағы жаттығуды өткіземіз.

- Франциямен кездесу жасанды алаңда өтеді. Бұл фактор ұлттық құрама үшін пайдасын тигізе ме?

- Біз әлем чемпиондарымен ойнаймыз, сондықтан біз ұлттық құрамаға пайдасы тиеді деген барлық нюанстарды қолдануымыз керек. Футболда ұсақ-түйек нәрсе жоқ. Жасанды төсеніш бізге көбірек таныс. Ол аз болса да Қазақстанға басымдық береді. Қарсыласымыз өте байсалды команда, біз оны құрметтейміз. Біздің бұл ойында үлкен артықшылығымыз болмайды. Алайда, таныс орта мен өз алаңымыз бізге көмектеседі.

- Георгий Жуков пен Александр Меркельдің төлқұжаттарына қатысты ақпарат бар ма? Олар әлі де ұлттық құрамаға шақыртылуы мүмкін бе?

- Барлық қазақстандық футболшылар ұлттық құрамаға үміткер. Әркімнің мүмкіндігі бар, есік бәріне ашық. Құжаттарға сәйкес мен бұл жағдайды былай түсіндіремін: бұл әрбір қазақстандықтың жеке мәселесі.

- Дисквалификацияланған Исламханның позициясында кімді ойнатуды жоспарлап отырсыз?

- Исламханның жоқтығы сөзсіз үлкен шығын. Бұл команда капитаны, алаңда да, алаңның сыртында да. Бізде Бауыржанның орнын баса алатын ойыншылар бар. Оның позициясына бәсекелес ойыншылар да бар. Біз Бауыржан туралы ұмытқан жоқпыз. Ол ұлттық құраманың дайындық жұмыстарына көмектеседі.

- Зайнутдинов ЦСКА-да қорғаныстың сол қапталында ойнайды. Ол ұлттық құрамада қандай позицияда өнер көрсетеді? Немесе бәрі матчтың сипатына байланысты бола ма?

- Мен барлық жоспарымды дәл қазір айтқым келмейді. Қарсылас онсыз да мықты, егер олар біздің барлық қимылдарымызды алдын-ала біліп отырса, онда бұл бізге одан да қиын болады. Сіз қазір Интернет пен ақпараттық технологиялардың заманы екенін және барлық ақпараттың өте тез таралатынын білесіз. Мен былай айтайын: Зайнутдинов - бұл бірнеше позицияда ойнай алатын жан-жақты футболшы.

- Ұлттық құрамаға 39 жастағы қақпашы Александр Мокин шақыртылды. Осы шешіміңіз туралы нақтырақ айтсаңыз.

- Мен ойыншылардың төлқұжатына қарамаймын. Кім жақсы ойнайды, сол ұлттық құрамаға шақыртылады. Буффонның әлі күнге дейін ойнап жүргенін мысал ретінде айтуымызға болады, дегенмен ойынның сапасы туралы айтатын болсақ, онда біз еуропалықтардың деңгейінен әлі алыспыз. Бірақ, соған қарамастан, егер олар жасына қарамастан осындай деңгейде ойнаса, онда неге ұлттық құрамаға шақырмасқа?! Тағы да қайталаймын: ұлттық құраманың есігі барлығына ашық. Бізде қақпашылардың арасында үлкен бәсекелестік бар.

- Шетелдік футболшыларды жерсіндіру мәселесі туралы не ойлайсыз?

- Қазір «қолдаймын» немесе «қарсымын» деп айту қате болады. Мысалы, бірнеше маусым бойы Қазақстанда ойнап жүрген «Ордабасының» шабуылшысы Жоао Пауло онсыз да біздің халықтың мәдениетін, менталитетін біледі, чемпионаттың ерекшелігін түсінеді. Ақылды, және, әрине, жоғары деңгейлі футболшы. Менің ойымша, егер мұндай шабуылшы Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайтын болса, онда жанкүйерлер, мамандар және бапкерлер құрамы бұған қарсы болмайды.

- Сіз құрамаға Премьер-лигадағы алғашқы қадамдарын жасап жатқан Рамазан Кәрімов пен Эльхан Астановты шақырдыңыз. Бұл ойыншылар сіздің назарыңызға қалай ілікті?

- Кәрімов - болашағы зор шабуылшы. Эльхан Астанов қазір жастар құрамасына үміткер. Біз оны Түркиядағы ОЖЖ-да бақыладық, ол жаттықтырушылар құрамының көңілінен шықты. Перспективалы орталық жартылай қорғаушы екен. Бұл Рамазан Кәрімов сияқты біздің футболдың және ұлттық құраманың болашағы. Ең бастысы босаңсымай, көп жұмыс жасау керек, әйтпесе олардың орынын ертең басқа ойыншылар басады.

- Франция мен Украинаға қарсы ойындарда қандай тактика қолданасыз?

- Мен қорғанысқа баса назар аударып, аз гол жіберуді ойламаймын. Мен бұған қарсымын. Мұндай ойлар ешкімде болмауы керек. Жаттығуда біз допты өз алаңымыздан алып шығу мәселесі бойынша жұмыс істеудеміз. Команда ойынның өзінен ләззат алуы керек. Ол үшін бізге физикалық жағдай, командалық рух пен сенімділік қажет. Ия, қарсыласымыз өте мықты, олар әлем чемпиондары, бірақ олар да адам емес пе?!. Сондықтан, сізге футбол ойнау керек және алаңға бір оймен - жеңіске жету үшін шығу керек.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров