Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Францияға қарсы матч алдындағы баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
- Талғат Маруаұлы, ертеңгі кездесу туралы не ойлайсыз?
- Біз жақсы дайындалып жатырмыз, ертең матч біздің қаншалықты дайын екенімізді көрсетеді. Әлем чемпиондарына қарсы ойын жігіттерге тәжірибе болады. Біз жақсы ойын көрсетіп, футболдан ләззат алғымыз келеді.
- Виктор Гончаренко Зайнутдиновті ЦСКА-да қорғаныстың сол қапталында пайдаланды. Сіз ертең Бахтиерді қай позицияда қолданғыңыз келеді?
- Зайнутдинов бізге жарақатпен келді, ЦСКА бізге бұл туралы хабарламады. Біз ұлттық құраманың жаттығуы кезінде оның физикалық жағдайына зерттеу жүргіздік, ультрадыбыстық сканерлеу мен рентгенография жасадық - оның ескі жарақаты қайта сыр берді. Кеше оған бір күн демалыс бердік. Таңертең сөйлестік, ол ойынға қатыса алмайды.
- «Тобылдың» орталық алаңында үш қазақстандық футболшы өнер көрсетеді - Нұрғалиев, Мужиков және Тағыберген. Олар ертең негізгі қүрамда шыға ма?
- Құрам туралы айта алмаймын - шешім ертең ғана қабылданады. Біз тек «Тобылдың» емес, әр түрлі ҚПЛ командаларында ойнайтын жігіттердің қарым-қабілеттерін білеміз.
- Украина құрамасының бас бапкері Андрей Шевченко бірнеше күн бұрын Францияға қарсы ойында қорғаныс футболын көрсетті және бұл оларға сәттілік әкелді. Біз қалай ойнаймыз?
- Мен қазір барлық құпияны аша алмаймын. Біздің әңгімемізді француз тіліне аударып жатыр ғой (күліп). Бір нәрсені анық айта аламын - біз үйде ойнаймыз, демек, біз әдемі футбол көрсетуге тырысамыз. Шабуыл жасауды да ұмыт қалдырмаймыз.
- Сіз бұл жиынға көптеген дебютанттарды шақырдыңыз. Жігіттерге ертең мүмкіндік бересіз бе?
- Біз бәрінен мықты шыққан жігіттерді шақырдық. Ертең үлкен матчтың атмосферасын сезіну үшін бір-екі жас жігіт алмасып шығуы мүмкін.
- Неліктен бұл кездесуге дайындық Нұр-Сұлтандағы Футбол үйінде өтті?
- Бұл біздің, жалпы жаттықтырушылар құрамының ортақ шешімі. Онда да, «Астана-Аренада» да жасанды төсеніш, бұл басты себеп емес. Біз стадионда бірнеше жаттығулар өткіздік - бұл бізге жеткілікті болады деп ойлаймын.
- Ертең команда капитаны кім болады?
- Мен жігіттерге капитанның кім болатынын әлі айтқан жоқпын. Біз бүгін-ертең шешім қабылдайтын боламыз. Бұл туралы ойыншылар бірінші болып білсе дұрыс болады (жымиды).
- Қай француз ойыншысы сізге ерекше әсер қалдырды?
- Біз әлем чемпиондарымен ойнаймыз, сондықтан олардың біреуін бөліп көрсету дұрыс емес. Ұлттық құрамада жеке қабілеті мықты ойыншылар көп, бірақ Франция командалық ойын көрсетеді.
- Франция жасанды алаңда ойнауға дағдыланбаған. Бұл Қазақстан үшін артықшылық бола ма?
- Менің ойымша, чемпиондар кез-келген жерде ойнауы керек. Тағы да қайталаймын, біз тыңғылықты дайындалып жатырмыз және жақсы ойын көрсетуге ниеттіміз.
Біздің серіктес: FONBET