Жарнама
Жарнама

Станимир Стоилов: "Қазақстан құрамасы ойыншыларының 50 пайызы мүлдем алаңға шығып жүрген жоқ"

04.09.2018, 19:42
Жарнама
Жарнама
  УЕФА-ның қолға алған жаңа жобасы «Ұлттар лигасы» турнирі басталуға жақын. 6 қыркүйек күні Қазақстан алғашқы ойынын «Астана-Арена» стадионында Грузиямен бастайды. Осы матчтың қарсаңында Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов баспасөз мәжілісін өткізіп, тілшілердің сауалына жауап берді. – Жаңа турнир басталады. Бұл бізге және басқа командаларға 2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатына қатысуға үміт сыйлайды. УЕФА-ның құрамаларды рейтингтегі көрсеткіштеріне байланысты топ-топқа бөлгені жақсы болды. Біздің топта бірінші орынға таласатын командалардың мүмкіндіктері бірдей. Басты фаворит, әрине, Грузия құрамасы. Біз дәл осы командамен алғашқы ойынды өз алаңымызда өткіземіз. Ең бастысы, футболшылардың денсаулығы. Мені алаңдатыны, көптеген қазақстандық футболшылардың ойын тәжірибесінің аздығы. Құраманың 50 пайызы ойнап жүрген жоқ. Енді бар үмітіміз оқу-жаттығу жиынынын сәтті өткізу. Бапкерлер штабы да, футболшылар да жауапкершілікті жақсы түсінеді. Жеңіске жету үшін соңына дейін тырысамыз. Біз нәтиже үшін 100 пайыз жауап береміз және соңғы үш жолдастық кездесудегідей ойынды көрсетеміз. Егер, дәл солай ойнайтын болсақ, қажетті нәтижеге жету мүмкіндігіміз жоғары болмақ. Футболшылар алаңда бар күштерін сарқып ойнайды деп үміттенемін. – «Астана» жақында Еуропа лигасының топтық  кезеңіне өту үшін қиын матч өткізді. Сізді елордалық футболшылардың физикалық күш-қуаты мазаламай ма? – «Астананы» топтық кезеңге шығуымен құттықтаймын. Керемет көрсеткіш! Төртінші жыл қатарынан Қазақстан футболының намысын халықаралық аренада қорғамақ. Мені футболшылардың шаршағаны алаңдатпайды. АПОЭЛ-мен ойында ұлттық құраманың үш ойыншысы ғана алаңға шықты. Керсінше, құрама ойыншыларың қосалқы құрамда отырып қалуы мазалайды. Футболшыларымыз көбірек алаңда ойнаса, соғұрлым жақсы болар еді. – Қорғаныс пен ортада «Астана» ойыншыларына сенім артасыз. Шабуыл шебінде кімдер ойнайды? Бұл мәселе шешілді ме? – Тағы да айтайын, біздегі ең бас проблема футблшылардың ойын тәжірибесінің аздығы. Қүрамаға өздерің жақсы жақтарынан 100 пайыз көрсеткен ойыншылар шақырылды. Оларды қорғанысты және шабуылда ойнайтындар деп бөлуге болмайды. Қорғаныс пен жартылай қорғаныста ойнайтын бірнеше футболшы клубтарында өз орындарын тапқан. Ал шабуылшыларға келетін болсақ, біздің талапқа сай келетін үміткерлер өте аз. Ондай ойыншылар «Астана» тұрмақ, «Қайратта» да жоқ. Бірнеше клубтағы шабуылшылардың деңгейі менің көңілімнен шықпайды. Проблема ашық күйінде қалып отыр. Мәселені футболшылар мен бапкерлер бірлесіп ғана шеше алады. Ойыншыларды өздеріне деген сенімділіктерін арттыру үшін жігерлендіру керек.  шабуылшылардың көбісі бапкерлер штабы тарапынан қолдау таппай жатады. Мұндай кезде мінез де көп рөл атқарады. – Құрамаға Голландия чемпионатында ойнайтын Александр Меркельді шақыру ойыңызда жоқ па? – Мен білетін ақпарат бойынша ол жігітте екі төлқұжат бар. Клубында неміс футболшысы ретінде тіркелген. Сондықтан оны қазақстандық ретінде шақыра алмаймыз. – Соңғы кездері сіздің «Астанаға» қайтып оралуыңыз мүмкін екені жиі айтылып кетті. Екі қызметті қатар алып жүруге көзқарасыңыз қандай? – «Астана» клубында өз бапкері бар, менің көмегім ол жерге қажет емес. Қазір бар ойым Қазақстан құрамасында. Сондықтан артық әңгімемен өзге де ұсыныстарға назар аудармаймын. Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасында жақсы өнер көрсеткені маңызды. Клубтардан маған керегі, қазақстандық ойыншыларға көбірек мүмкіндік бергені.Басқа ештеңе қажет емес. Өзім клубта жаттырушы болғанда, футболшылардың функционалдық дайындықтарына қатты мән бердім. Қазір құрамаға шақырылған ойыншылардың дайындықтарына көңілім толмайды. Ешкімді ренжіткім келмейді, бірақ құраманың жағдайын бәріміз ойлауымыз керек. – Қазақстанда чемпионаттың қызып тұрған кезі. Бірақ сіз легионерлерге байланысты біздің көптеген футболшылар алаңға шыға алмай жүргенін айттыңыз. Нақтырақ бұл кімдерге қатысты? – Зайнутдинов, Бейсебеков, Щеткин, Муртазаев және «Қайраттың» бірнеше футболшысына қатысты. Олар маусымдағы жолдастық кездесуден кейін үш-төрт ойын ғана өткізді. Бұл жеткілікті деп ойлайсыз ба? Мен айтқан футболшылар клубтарында өз орындары үшін таласуы керек, бәсекелес болу қажет.Ешқандай бапкер негізгі құрамға лайық емес ойыншыны алаңға шығармайды.Мен ешқашан бапкерлік карьерамда футболшыларды төлқұжатына байланысты бөлген емеспін. Маған ол жергілікті ойыншы әлде легионер ме аса маңызды емес. Егер кімде-кім өзін кәсіби тұрғыдан көрсете алса, оған мүмкіндік беретінмін. Еуропада футболшылардың қай елдің азаматы екені ешқандай рөл атқармайды, бастысы үздігі ойнауға мүмкіндік алады. – Грузия құрамасын Владимир Вайсс жаттықтырады. Бұрын екеуіңіз Қазақстан премьер-лигасында кездестіңіздер. Енді құрама деңгейінде жолдарыңыз түйіскелі тұр. Осы жағдай қосымша мотивация бере ме? – Біз Вайсспен бұрыннан таныспыз. Ол – өте керемет бапкер және жақсы адам. Өзі жұмыс істеген клубтардың барлығында жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Грузия құрамасы бапкер таңдаудан қателескен жоқ. Өте жақсы маманмен келісімшартқа отырған. Мен тағы бір мәрте көрісетініме қуаныштымын. Бастысы, мықтысы жеңсін. Басқа тілегім жоқ. – Щеткинге қатысты сұрағым бар. Ол «Астана» сапында ел чемпионатындағы соңғы турда хет-трик жасады. Енді, негізгі құрамда шығуға мүмкіндігі бар ма? – Бізде көптеген шабуылшылар жыл сайын хет-трик жасап жатады. Құрамада екі шабуылшы бар. Олар – Бауыржан Тұрысбек пен Алексей Щеткин. Екеуінің біреуі негізгі құрамда шығады.  Екеуін де жақсылап дайындау керек. Қайсысы алаңға шығатынын ойынның алдында шешеміз. Щеткиннің үш гол соққаны, оған сенімділік сыйлауы тиіс. Бірінші кезекте өзіне сенуі керек. Біз оған сенеміз. Оған көп жағдайда сол сенімділік жетіспей жатады. Ойын мінезі жағынан өте жақсы футболшы. – Грузия құрамасының қандай артықшылығы бар? Кімді атап өте аласыз? – Грузия – жинақы команда. Қорғаныста Еуропаның, Ресейдің үздік командаларында ойнайтын футболшылар бар. Бірақ футболда үнемі жеңіске жете бермейді. Бізде тек Сейдахмет ғана басқа чемпионатта ойнайды. Біз енді өз кезегімізде футболшыларды қорықпай ойнауға бейімдеуіміз керек. Тіпті, Грузияны жеңіп, Андоррадан ұтылуымыз қалуымыз да ықтимал. Сондықтан әр ойынға максимальді түрде қарау керек.
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров