Ертең 6 қыркүйек күні Астанада Ұлттар лигасының алғашқы туры аясында Қазақстан мен Грузия құрамасы кездеседі. Осы ойынның алдында бүгін «Астана Аренада» Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов баспасөз мәжілісін өткізді.
- Станимир, ертеңгі ойын қарсаңында футболшыларымыздың физикалық және функционалдық дайындығы қалай?
- Менің ойымша, жаңа турнирде ұлттық құрама жейдесін киіп, доп тебу бақыты бұйырып тұрса жігіттер аянып қалмас. Қазір бізге деген жанкүйерлер тарапынан жоғары қысымның барын сеземін. Сондықтан да, бірқатар қиындықтар болуы ықтимал. Соған қарамастан, құраманың алдыңғы 3 ойынына қарап ертең командамнан жоғары деңгейлі ойын күтемін. Ал енді бастауын алғалы жатқан Ұлттар лигасы бәріміз үшін нағыз футбол мерекесі болмақ.
-
Құрамаға шақырту алған жігіттердің басым бөлігі өз клубтарында негізгі құрамнан жиі бой көрсете алмай жүргенін алдын айтқан болатынсыз. Жаттығу барысында бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырдыңыздар ма?
- Иә, алдыңғы баспасөз жиыны кезінде де осыны айтқанмын. Алайда, дәл қазір бұл мәселені талқылауға уақыт жоқ. Грузия құрамасына қарсы ойынға дейін біздің еншімізде тек 24 сағат қана бар. Егер жанкүйер толы стадионда өз елінің намысын қорғауға мүмкіндік алса, футболшыларыма аталған жайт та кедергі болмауы керек. Айтарым, мен тек бұл жайтты алаңғы шығатын негізгі құрамды бекітерде есте ұстайтын боламын. Қайткенмен де барлығы ойыншыларды арынына да байланысты. Ғайыптан тайып, аталған мәселе қиындық тудырып жатса, бұны командалық ойын арқылы толықтыратын боламыз. Сондықтан, осы мәселені ертерек ойлауымыз керек еді.
- Федерация басшылығы Ұлттар Лигасында алдарыңызға нақты қандай мақсат қойды?
- Нақты мақсат қойылды деп айта алмаймын. Иә, бұл жөнінде федерацияның бас хатшысымен бейресми кездесу өткен. Алайда, мақсат-межені футболшылар өздеріне-өздері қойғандары жөн. Менің қойған мақсатым әрине, топта бірінші орын алу, тек жеңіске жету. Жанкүйерлерімізге жоғары деңгейлі футбол ойнай алатынымызды көрсетіп, жағымды әсерлер сыйлау дер едім.
-
Сіз Қазақстан құрамасын D девизионындағы біздің топта фаворит санайсыз ба? Әлде аутсайдерлер қатарына қосасыз ба?
- Егер УЕФА коэффицентіне қарасақ, топта бізден Грузия мен Латвия жоғары орналасқан. Оған қоса, ойын өрнегі мен мүмкіндігіміз жағынан да аутсайдерлердің қатарына жатқызамын. Дегенмен, бұған қарамастан біз тек жеңіс үшін ойнап, топтан көш бастап шығуға ғана дәмеліміз. Мен осы сөзді ойыншыларымның қазіргі қарқынын және соңғы 3 ойынға қарап бағамдап айтып отырмын.
-
Ал ертеңгі ойында алғашқы минуттардан бастап команданың ойын мәнерімен қандай болмақ? Владимир Вайспен таныстығыңыз оның ойынға деген тактикасын дөп басуыңзға мүмкіндік бере ме?
- Менің командам кез келген тактикаға дайын. Бұл тұста Грузия құрамасы қандай тактика қолданады деп алаңдағым келмейді. Футболда шабуылдайтын кезде шабуылдау қажет. Ал қорғанатын тұста барынша жинақылық танытып, допты өз иелігіңе алуды ойлау керек. Менің тактикам осы.
Шамкен БАЙЫРБЕК.