«Челси» капитаны
Сесар Аспиликуэта командаластарының Бакуде өтетін Еуропа лигасының финалына тас-түйін дайын екенін мәлімдеді. Футболшы Лондон командасының көшбасшысы
Эден Азар мен бас бапкер
Маурицио Сарридің өзге клубтарға кетуіне қатысты түрлі әңгімелерге құлақ түрмейтіндерін айтады. Италиялық маман үшін Еуропа лигасының финалы соңғы матч болуы мүмкін. Сарриді «Челси» жанкүйерлері жиі сынға алып жүр. Биыл Лондонның командасы премьер-лигада үшінші орыннан көрініп, Англия кубогы мен Еуропа лигасының финалы шықты. Британиялық ақпарат құралдары Маурицио Сарридің «Ювентусқа» баратынын жазып жатыр. Алайда жаттықтырушы баспасөз мәслихатында ешқандай командамен келіссөз жүргізбегенін мәлімдеп, "Челсимен" арадағы келісім-шарт мерзімінің аяқталуына әлі екі жыл бар екенін айтты.
Сесар Аспиликуэта - «Челси» ФК капитаны:
"Мен команданың менеджері емеспін. Маурицио Сарри жағдайды өзі түсіндіріп берді. «Челсиге» қатысты жел сөздер ылғи да айтылады. Алайда біз алдағы финалдық кездесуді ғана ойлап жүрміз. Қыркүйек айынан бері талай қиын ойындар артта қалды. Енді финал күтіп тұр. Сондықтан біз тек жеңіс туралы ойлап жүрміз. Ал Баку қаласын УЕФА таңдады. Әрине, ол жаққа жету қарапайып жанкүйерлерге қиын. Біздің фанаттардың көбі финалға бара алмайтыны өкінішті. Бірақ қолдаушылаымыз көп болады деген сенімдеміз".
«Челси» айналасындағы қауесеттің бірі Эден Азарға қатысты. Футболшы жаңа маусымда Мадридтің «Реалына» ауысады деген әңгіме бар. Бельгиялық ойыншы да қазір финалдық сынға дайындалып жатыр. Бұл туралы Сесер былай дейді:
"Біз жаз айында түрлі әңгімелер айтылатынын білеміз. «Челсиде» мұндай жағдайларға үйренген. Азар мен өзге жігіттер қазіргі уақытта тек финалды ойлап жүр. Ал, одан кейін не болатынын уақыт көрсетеді. Эден біздің команданың көшбасшысы, оған сенеміз".
Соңғы мәліметтерге қарағанда «Челси» сапына Н-Голо Канте қосылу тиіс. Футболшы жарақатынан айығып, финалдық ойынға дайындықты бастады. Ал, қорғаушы Антонио Рюдигер мен жартылай қорғаушы Рубен Лофтус-Чик шешуші сынға қатыса алмайды. Футболшылар жолдастық ойында жарақаттанып қалды.
Естеріңізге сала кетейік, Еуропа лигасының финалы 29-шы мамыр күні Баку қаласында өтеді.
Шамкен БАЙЫРБЕК.