Күндердің бір күні миллиардер атанып, кәсіби футбол клубтың иесі болу деген бала күнгі арманыңызды жүзеге асырғыңыз келді, делік.
Алдымен сіз қай лигадан клуб таңдау керектігін анықтайсыз: АПЛ немесе Англия футбол лигасы. Себебі, АПЛ-дың клубтары АФЛ-дың мүшелері емес, тиісінше, ішкі ережелері де әртүрлі, бірақ, ұқсастық бар.
Лига мен клубты таңдадық, енді сізге кезігетін пункт - клубты басқара алу(менеджмент) және тұлғаны (сізді) толыққанды тексеру.
Қарапайым тілмен, сіздің Англиядағы футбол клубтың директоры немесе иесі бола алатындығыңызды анықтайтын тест.
Тест екі маңызды бөлікке бөлінген
Бірінші бөлім. “disqualifying events” атты чеклист. Былайша, сіз лиганы келесі сұрақтарға жауап беру арқылы сендіруіңіз керек: Сіз британдық заң бойынша компанияның директоры бола аласыз ба? Басқа ағылшын клубына бақылау немесе ықпалыңыз бар ма? Қандай да бір қылмыс дерегі тіркелген жоқ па? Адам құқықтарын бұздыңыз ба? Сіздің ақшамен елге кіруге рұқсат бар ма? Бәс тігуге байланысты қылмысқа қатысыңыз бар ма?
Осы секілді бірнеше сауалға жауап беру міндетті және оны әрбір лига өзі тағайындаған сарапшылар қадағалайды. Себебі, қай ұйым болсын имиджіне кір келтіретін келеңсіз жайттардан аулақ болғысы келеді.
2017 жылы Премьер Лиганың экс-басшысы Ричард Сквадмор ВВС-ге берген сұхбатында, ұйым басшылы клуб сатып алуға қатысты біршама өтініштен бас тартқандығы туралы айтты. Соңғы 10 жыл ішінде 20 клиент лигадан рұқсат ала алмапты.
АПЛ басшылығы ұнатпайтын бір мысал - итальяндық кәсіпкер Массимо Целлино. Ол “Лидс Юнайтедтің” 75% акциясын сатып алып, жарты жылдан кейін лига оны мұқият зерттей бастады. Анықталғандай, Кальяриде Целлиноға қатысты сот тергеу жұмыстарын жүргізіп, ол бірнеше айға созылып келе жатқандығы белгілі болды. Бұл лига басшылығы Целлинодан лицензияны қайтарып алу үшін жеткілікті еді.
Артынша, 2015 жылы Массимо “Лидс Юнайтедті” Андреа Радриканниге сатып, Италияның В сериясынан “Брешиаға” қожайын атанды.
Сондай-ақ, әскери төңкерістен кейін құлатылған Таиландтың бұрынғы премьер-министрі Шинаватраның ісі біраз дүрбелең тудырған еді. Ол “Манчестер Ситиді” 2007 жылы шейхтер келместен бұрын сатып алды, оны жергілікті тұрғындар қуана қабылдаған-ды. Бірақ Таиландта ол адам құқықтарына қарсы қылмыстарға қатысы бар деп іс қозғалған. Лига өзін аталмыш әрекеттермен байланыстырғысы келмей, Шинаватраны клубты сатуға мәжбүр етті.
Осылайша АПЛ басшылығы жағымсыз кейіпкерлерге клуб сатып алуға мүмкіндік беріп қойды. Сондықтан, бүгінгі таңда әрбір сатып алушының ісін майшаммен қарайды.
Екінші бөлім.Ендігі жерде сіз командаға қаражат салу мүмкіндігіңіз бар екендігіне лига басшылығын иландырасыз. Мысалы, клубтың құны 200 миллион. Сіз сатушымен келісіп, депозит қалдырдыңыз. Алайда, бұл бастамасы ғана. Лига сіздің клубқа құятын тағы 100 миллионыңыздың бар-жоғын тексереді. Арнайы комиссия сіздің банкке хабарласып, шот бойынша көшірмені сұрау жөнінде ресми өтінім жібереді.
Осы тексерістен аты аталмаған миллиардер де құлаған. Себебі, кейіпкеріміздің барлық активі жылжымайтын мүлікте болыпты.
Бір кездері Луис Томлинсонның да(“One Direction” поп-тобының жұлдызы) ақшасы жетпеді. Ол сатушымен келісіп қойып, үш тарап келісім-шартқа қол қояр тұста, лига одан инвестиция ретінде тағы 100 миллион талап еткен. Бұл әлі күнге дейін Англия жұртшылығының есінде.
Осы тексерістің байланысты арабтар “Ньюкаслды” Аманда Ставли мен ағайынды Рубендер арқылы сатып алады және әрқайсысына клуб акциясының 10%-ын береді.
Сауд Арабиясының мемлекеттік инвестициялық қоры Англияда тікелей клубқа иелік ете алмайды. Олар балансында Англияның солтүстігіндегі клуб тізімге алынатын британдық инвестициялық компанияны сатып алады. Сол арқылы ханзада Мұхаммед бен Салман “Ньюкаслға” жол аша алады.
Сондықтан, катарлықтардың саудиялық ақшалардың заңсыздығы туралы айтқан сөздері қисынсыз және олар енді нарықтағы бәсекелестерінің клубты сатып алуын тоқтата алмайды.
Мұхаммед бен Салман деген кім? Оған “Ньюкаслдан” келіп-кетері не?
Мұхаммед бен Салман - Сауд Арабиясындағы екінші адам. Ол – мемлекеттің ханзадасы және соңғы жылдары елде болған барлық реформаларға жауапты. Іс жүзінде Сауд Арабиясының имиджі көтеру үшін жұмыс жасауда: туризмді дамыту, әйелдер туралы заңнаманы жұмсарту және мұнайдың экономикаға әсерін әлсірету. Бірақ ханзаданы батыс журналистері тым қатыгез деп айыптайды. Олар патшалық отбасы мүшелерінің қамауға алынуы жалған деп санайды. Тіпті, ханзадаға елдегі оппозицияны өлтірді деген айып тағуда.
Десек те, біз клубты кім иеленетінін емес, оны қалай басқаратынын түсінуіміз керек. Сауд Арабиясы инвестициялық қорының басшысы - Ясир аль-Румайян. Ол әлемдегі ең қымбат “Saudi Aramco” атты мұнай компаниясын басқарады. Компанияның капиталы биыл 2 трлн доллардан асты. Сонымен қатар, соңғы жылдары “Saudi Aramco” мемлекеттің қолайлы имиджін сақтау үшін әлемдік спортқа көп қаражат бөлуде.
Дегенмен, ақша футболдағы жоғары нәтижеге кепілдік бермейді. Мәселен, шейхтер “ПСЖ” мен “Манчестер Ситиді” сатып алып Чемпиондар Лигасын әлі күнге дейін жеңе алмай келе жатыр.
Бірақ, екі клубтың ұлттық және еуропалық аренада алға нық қадам басуы байқалады. Осыны алдағы жылдары “Ньюкаслдан” да күтеміз. Сондықтан, мейнстрим болмас бұрын, аталмыш клубқа жанкүйерлік етуді бүгіннен бастаңыз.
Біздің серіктес: FONBET