Португалия құрамасы өз жерінде өтетін Ұлттар Лигасының финалдық кезеңіне қатысатын құрамын жариялады. Таңдаулы 23 ойыншының қатарында «Ювентус» шабуылшысы Криштиану Роналду мен «Бенфиканың» жас таланты Жоао Фелиш бар. Фернанду Сантуш шәкірттері жартылай финалда Швейцариямен кездеседі. Бұл матч 5 маусымда Порту қаласында өтпек. Жартылай финалдың келесі жұбында Англия мен Нидерланды құрамалары финалға берілер жолдамаға таласады.
-"Әрине бұл жарыс ұпай үшін ойнайтын іріктеу турнирлері емес. Мұнда қателесуге болмайды. Мүлт кетсең жарыстан шығып қаласың. Егер жеңіске жеткіміз келсе, жартылай финал мен шешуші кездесуді ұту керек", - дейді Португалия құрамасының бас бапкері - Фернанду Сантуш.
Құрамаға 34 жастағы Роналду біраз үзілістен кейін қосылғаны белгілі. Футболшы жаттықтырушылардың келісімімен Еуро-2020 іріктеу турнирінің күздегі матчтарына қатыспаған еді. Роналдудың құрамаға қайра оралуы туралы бас бапкері былай дейді:
-"Менің ойыншыларым өз елінің атынан алаңға шыққанды мақтан етеді. Олар әр матч сайын, жолдастық кездесу болсын, ресми ойындар болсын аянбай тер төгіп жүр. Біз өзге үш команда секілді жеңіске жеткіміз келеді. Сондай-ақ өз үйімізде ойнаймыз. Бұл бізге қосымша жігер береді".
Осы ретте ұлттық құрамаға енді қосылған Жоао Фелиш «Бенфика» сапында биылғы маусымда тамаша өткізіп, жұрт назарын өзіне аударғанын айт кетейік. Қазір футболшыға Еуропаның алпауыт клубтары көз тігіп отыр.
Шамкен БАЙЫРБЕК.