![](https://sun9-3.userapi.com/c540100/v540100103/4167c/vP6l9hT4eWA.jpg)
«Астана» - «Атырау» (2:0) арасындағы кездесу аяқталғаннан кейін елорда командасының бас бапкері Роман Григорчуктың қатысуымен баспасөз жиыны өтті:
- Жалпы алғанда, ойын тәжірибесі аз ойыншыларды алаңға шығару арқылы маңызды жеңіске қол жеткіздік. Сондықтан, бүгінгі кездесу көңілімнен шықты деуге болады.
- Бүгін алаңға шыққан Кабананга мен Янганың қайсысы «Мидтьюлландқа» қарсы жауапты ойында алаңға шығуға қауқарлы?
- Біз оларды күн сайын арнайы бақылап келеміз және әрі қарай да бақылауымызды жалғастырып, Даниядағы кездесуде бізге кімнің көмектесетінін шешетін боламыз. Ал былайша, ол екеуі де ойынға 100% әлі де дайын емес.
- Бүгін команда стандарттық жағдайларда өте жақсы ойнады. Юрий Логвиненконың Даниядағы кездесуде алаңға шығу мүмкіндігі қаншалықты?
- Мен сіздің бұл пікіріңізбен толықтай келісемін. Алайда, команда стандарттық жағдайларда бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге қауқарлы. Ал Юраға келер болсам, оның жаттығу жұмыстарында жасап жатқан еңбегі мені шынымен де таң қалдырады. Ол өз ісінің нағыз шебері. Негізгі құрамнан орын алуға барлық команда ойыншыларының мүмкіндігі бар.
- Марин Томасов маусымның алғашқы бөлігімен салыстырғанда, соңғы ойындарда көп қателікке бой алдырып жүр. Бұл немен байланысты деп ойлайсыз?
- Көп ойыншылар алаңда қателеседі. Бұл жағдай тек Томасовқа қатысты емес. Қателікке бой алдыру жағдайы барлық футболшыларда кездеседі. Біз әр ойыннан кейін арнайы талдау жасап, жіберген қателіктерді түзетуге тырысамыз. Бұл футбол болғандықтан, қателеспейтін ойыншы жоқ. Егер ойыншы шабуылға жиі араласатын болса, оның қателікке бой алдыруы заңдылық деп ойлаймын. Біз Томасовқа сенеміз, оны әрдайым қолдауға дайынбыз. Біз әрдайым ілгері жылжып, үйреніп, мықты болуға талпынамыз. Бұл тек Маринға емес, барлығымызға қатысты.
- Алаң жиегінен қарағанда, «Астана» және «Атырау» арасындағы кездесу өте төмен жылдамдықта өрбіді. Бұл туралы Сіздің пікіріңіз қандай?
- Біз бүгін өткен кездесумен салыстырғанда, шынымен де төмен жылдамдықта ойнадық. Мен қарсылас команда туралы пікір білдіре алмаймын. Алайда, біз жылдамырақ ойын көрсетуді жоспарлаған едік.
- Сіз осыған дейін бес қорғаушы жүйесімен ойнап көрдіңіз бе? «Мидтьюлландқа» қарсы кездесуде бұл жүйемен ойнау ойыңызда бар ма?
- Мен өз еңбек жолымда бұл жүйені қолданып көрген кездерім өте көп болған. Алайда, мен бұл жүйені үш орталық қорғаушымен ойнау деп атаған болар едім. Бұл жүйеде орталық қорғаушылардың қимылы өте жоғары маңызға ие. Сондықтан бұл схема маған белгілі, және оны болашақта қолданатынымызды жоққа шығару мүмкін емес.