"Реалдың" негізгі ойыншысы жаңа келісім-шартқа қол қойды
28.05.2019, 15:21
Жарнама
Жарнама
«Реал» жартылай қорғаушысы Тони Кроос "Реал Мадрид" клубымен келісім-шартын 2023 жылға дейін ұзартты. Корольдік команда биылғы маусымды сәтсіз өткізіп, барлық жүлдеден сырт қалған еді. Соған қарамастан неміс футболшысы «Реал» сапында тағы төрт жыл қалуды жөн көріпті. Жаңа келісім-шартқа қол қойған соң жартылай қорғаушысы былай деді:"Біздің командадағы барлық ойыншылар биыл өз деңгейлерін көрсете алған жоқ. Мұндай кезде жетістікке жету мүмкін емес. Біз де адамбыз. Чемпиондар лигасында қатарынан үш мәрте жеңіске жеткен соң мұндай құлдырау қалыпты жағдай. Ал, чемпиондар лигасында үш рет топ жару мүмкін емес жағдай еді. Бірақ біздің қолымыздан келді". Маусым аяқталған соң «Реал» бірнеше футболшысымен қош айтысып, құрамын жаңартуды жоспарлап отыр. Биыл Мадрид командасы Ла лигада үшінші орынға ие болып, чемпиондар лигасының 1/8-ші финалында жарыстан шығып қалды. Қазір корольдік клубтың басты назары "ПСЖ" шабуылшысы Киллиан Мбаппеге ауып отыр. Жас француз ойыншысына келгенде Тони: "Маған ойыншы ретінде Мбаппе ұнайды. Алайда оны сатып алу менің қолымдағы іс емес. Қазір командамен жақсы келісім-шартқа қол қойдым. Ал, өзге сұрақтардың жауабын клуб басшыларынан біле аласыздар", -деп қысқа қайырды. Тони Кроос «Реал» сапына 2014 жылы «Бавариядан» ауысып келген болатын. Осы уақытқа дейін ол командада 233 матчқа қатысып, 11 турнирде топ жарып үлгерді.