Жарнама
Жарнама

ҚПЛ: Тур өткен сайын жанкүйер қатары артып келеді. 18 тур ойындарын стадионнан қанша адам көрді?

15.07.2019, 21:00
Жарнама
Жарнама

Құрметті оқырмандар, Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы ұсынған деректерге сүйене отырып, 18 турдағы жанкүйерлер статистикасын назарларыңызға ұсынамыз.

Талдықорғандағы "Жетісу" - "Ертіс" арасыдағы матчты көруге 2 500 жанкүйер келіпті. Естеріңізге сала кетейік, "Жетісу" стадионындағы ойында алаң иелері 4:0 есебімен жеңіске жеткен еді.

Ал 18 турдағы ең көп жанкүйер жинаған матч тағы да Ақтөбеде өтті. Бұл жолы "Ақтөбе" - "Шахтерді" қабылдап, тағы да екінші таймда таразы басын теңестіріп, тең ойынға жармасып қалды. "Қабыланды батыр" атындағы стадионға келген 8 000 жанкүйер өз командасына соңына дейін қызу қолдау көрсетті.

Бұл турдағы ең аз жанкүйер жиналған кездесу "Оқжетпес" пен "Тараз" арасында болды. Көкшетаудағы небәрі 1 700 тұрғын осы ойынды көруге келіпті.

Негізі "Қайрат" пен "Қайсар" матчы турнирлік кестеде екі ұжым үшін де өте маңызды болатын. Себеп, жеңгені чемпиондық таласты жалғастыра түседі. Біріншіліктің екінші айналымында ес жиған "Қайрат" 5:1 есебімен Сыр өңірі командасының салын суға жіберді. Дегенмен, бұл ойын Алматы тұрғындарын қатты қызықтырмаса керек. Орталық стадионға 6 500 жанкүйер ғана жиналыпты. Ал өткен маусымда дәл осы уақытта "Қайраттың" ойынын көруге 7-8 мың фанат келетін-ді.

Сонымен қатар, "Ордабасы" - "Тобыл" матчы да екі клуб үшін 3 емес, 6 ұпайлық маңызға ие тұғын. Ал сайып келгенде екеуі де жалғыз ұпайды қанағат тұтты. "Тобыл" үшін осы бір ұпайдың өзі 39 ұпаймен көш басына көтерілуге жарап жатса, "Ордабасы" 4-сатыда қалды. Ыстық ауа райын қарамастан "Қажымұқан" атындағы стадионға 5 500 жанкүйер жиналды.

Бұл турдағы "Астана" - "Атырау" кездесуі ел чемпиондарының еуро бәсекедегі матчтарына байланысты сонау 3 сәуір күні өтіп кеткен болатын. "Астана-Аренаға" жиналған 2 100 жанкүйердің алдында Роман Григорчук жігіттері 3:1-мен жеңіске жеткен еді.

Сөз соңында, 18 турда бас-аяғы 26 300 жанкүйер жиналса, 17 тур ойындарын алаң жиегінен көруге — 29 300 жанкүйер келген болатын. Яғни, соңғы турдағы нәтиже сәл төмендеу. Дегенмен, 16 турдағы көрсеткішпен салыстарғанда жоғары екенін айта кеткен жөн. Ол кездегі адам саны - 25 800 болатын.

Шамкен БАЙЫРБЕК.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров