Қазақ футболы дегенде футболшылардың деңгейі мен стадиондардың нашарлығынан бөлек тағы бір мәселе көрермендердің аздығы немесе белсенділіктерінің төмендігін айтуға болады.
Премьер-лига ойындарында стадиондардың жартысы да толмайтыны белгілі. Мәселен, ең көп көрермен жинайды деген «Ақтөбе» клубына 2019 жылғы премьер-лигада өз алаңдарындағы ойындарына бір матчта орта есеппен 7280 адам жиналған. Көрермендердің келу көрсеткіші бойынша екінші орындағы Қайраттың өз алаңдарындағы ойындарына орташа есеппен бір маусымда ойын сайын 6394 көрермен, Ордабасыға 4288 көрермен, Таразға 3973 көрермен, Астанаға 3856 көрермен жиналған.
Аталған алаңдардың жалпы сыйымдылығына тоқталар болсақ, «Ақтөбенің» стадионы 12 800 адамдық, Алматыдағы Орталық стадион 23 804, Шымкенттегі Мұңайтпасов атындағы стадион 20 000, Тараздағы стадион 12 525, Астана Арена 30 000 адамдық екені белгілі. Жоғарыдағы сандарды ескерсек, ең көп көрермен баратын бұл бес клубтың ішінде тек «Ақтөбенің» алаңы ғана жартысынан артық толады екен. Ал Қайрат, Ордабасы, Тараз стадиондары шамамен 25 пайызға ғана толса, елордалық клубтың стадионы тек 13 пайызға ғана толады.
Осыдан-ақ көрермендердің көп жиналмайтынын көруге болады. Бірақ бұл шынымен де қазақтар футбол көргісі келмейді деген сөз бе? Футбол федерациясының Youtube желісіндегі ресми арнасында 82,4 мың адам жазылған екен. Бір қолданушы бір ойынды ғана тамашалады дегеннің өзінде бұл әр клубтың ойынын тағы 7 мыңға жуық адам Youtube арқылы тамашалайды деген сөз. Биыл Федерация Youtube-тегі арнасында ойынның трансляциясын жасамайтын болды, есесіне ҚазСпорт арнасы көрсетпек. Алайда, екі-үш ойын қатар болған жағдайда ҚПЛ ойындарының жартысынан көбі көрермендерінен айырылады деген сөз.
Федерация Youtube-тегі трансляцияны тоқтатқаннан кейін ойындарды интернет арқылы тамашалайтын көрермендер енді алаңдарды толтыра ма? Трансляцияны тоқтату туралы шешімнің көрермендерді алаңға жинау үшін бе, әлде ҚазСпортпен келісімнің бір шарты ма, белгісіз. Бір анығы, көрермендер алаңды толтыру үшін бірқатар үлкен жұмыстар атқарылуы керек.
Біріншіден, стадиондардың сапасы. Көгал мен жасанды көгалдың сапасынан бөлек, көрермендер отыратын орындықтан бастап стадиондарда үзіліс кезінде бой жазатын асхана мен әжетханалардың заманға сай болуы өте маңызды. Сонымен қатар, кеңес одағының «үнемшіл» саясатымен жасалған әмбебап стадиондар да көрермендердің көңілінен шыға қоймайды. Бұл – ойын алаңдарын айналай қоршаған жүгіру алаңдары. Көрермен ойынды барынша жақыннан қарай алмаса, қызығушылығы да жоғары болмайды. Мүмкін, жүгіру алаңдарына арнайы орын салу қосымша қаражатты қажет ететін болғандықтан, стадион ішіне қоса салынуы керек деушілер де бар шығар. Бірақ бұл көрермендердің стадионға келу көрсеткішін түсіретіні анық.
Екіншіден, ойындардың уақыты. Демалыс күндері өткенімен, көп ойындар түстен кейін болатыны белгілі. Әсіресе оңтүстікте жаз айларында ауа райының 40 градустан асып кететін кездері болады. Бұл кезде ойыншылардың күн астында қақталып доп тебуі оңай емес. Көрермендердің де күн астында отырып ойын тамашалауға зауқы жоқ. Бұл тағы да стадион сапасына келіп тірелетін мәселе. Өйткені көп стадионда көрермендердің төбесін көлегейлеп тұратын шатыр жоқ.
Қорыта айтқанда, осы мәселелерді ескере отырып стадиондарды заманауи стандарттарға ыңғайлы етіп жасатпаса да, ойындарды кешкі уақытқа қойса, футболшылара да, көрермендерге де ыңғайы болар еді.
Біздің серіктес: FONBET