Жарнама
Жарнама

Патрик Клюйверт

28.12.2018, 02:50
Жарнама
Жарнама
1998 жылы Әлем чемпионатын көрдік деп едім ғой. Франция жерінде өткен додада жарқылдаған бір ойыншы болды. Шабуылшы. Голландия құрамасының 9-шы нөмірі. Кәнігі сұр мерген. Роналдо мен Шукерден кейінгі нағыз шабуылшы осы – Патрик Клюйверт еді. Нидерландының «қара қабыланы». Қорғаушылар қателігін мүлт жібермейтін нағыз «жыртқыш». Жартылай финалда Бразилия қақпасына 87-минутта гол соққан Клюйверттің ерлігін көптеген жанкүйерлер әлі ұмыта қойған жоқ. Алайда, Патрик 2000 жылы Нидерланды жерінде өткен Еурода әлдеқайда тамаша өнер көрсетті. Ол сол құрлықтық доданың 5 гол соғып, үздік сұрмергені атанды. Югославия қақпасына соққан үш добының әдемілігі бірінен-бірі асатын. Патрик жалпы футболда жас талант ретінде бірден жарқырап көрінді. Әйтпесе, онымен бір күнде, бір жылы туылған түйедей құрдасы Рууд Ван Нистелройды жанкүйерлер сонау 2002-жылдары «Манчестер Юнайтед» сапынан білді.   Ал бұл кезде Клюйверт Чемпиондар лигасын, Әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионаттарының қола жүлдесін алып үлгерген еді. Бразилиа деп аталатын ел астанасында 2014-жылғы жаһандық додаға арнап салынған Мане Гаринча атындағы стадионда Патрикпен ұшырастым. Тағы да қола жүлде үшін болған ойыннан кейін. Бұл жолы ол қола жүлдені аға бапкер ретінде алды. Голландия Германиядан 7 доп жіберіп қаралы күн кешіп тұрған Бразилияны 3:0 ұтты. Бала кездегі қаһарман әлі де сымдай тартылып, алаңға шығып кетсе қазіргі футболшылардың арасында білінбей кетейін деп тұр. Ал ең қызығы Патрик көптеген суринамдықтардың бірі. Осы Бразилиямен көршілес жатқан Суринам деген ел бар. Көп адам біле қоймас. Алайда, бұл елдегі ежелгі тайпалар, бразилиялықтар билеп ойнаған «джинга» деген ойынды ойнайды. Ал 3-4 ғасыр бұрын бұл құрлықты жайлаған голландиялықтар, жалпы еуропалықтар дәл осы тайпаның мықты зіңгіттей жігіттерін кәрі құрлыққа алып кеткен. Құл ретінде қызметке салған. Солардың көбісі еуропаны мекендеп қалады. Міне, сондай қара нәсілділердің ұрпағы Патрик Клюйверт өзінің негізгі түпкі отаны Суринам екенін біледі. Суринам осы мындағы жылдарға дейін Голландияның отары болып келген. Франк Райкард, Рууд Гуллит, Арон Винтер, Эдгар Давидс, Кларенс Зеедорф, Джимми Флойд-Хасселбайнк секілді атақты футболшылардың барлығы да шыққан тегі Суринам. Ал 500 мың ғана халқы бар Суринамның өзі Конкакаф федерациясына мүше болып, Әлем біріншілігіне берілетін 3 орынға Ақш, Жамайка, Мексика секілді елдермен таласады. Бірақ, құрамасы әлсіздеу. Жаңа «джинга» деп қалдық қой. Әңгіменің төркініне тоқталсақ. Жалпы оңтүстікамерикалықтар, олардың ішінде бразилиялықтар футболды неге қантты ойнайды дейсіздер ғой? Менің Бразилияда жүргендегі 40 күндегі анықтаған басты сұрағым осы болды. Тасқа қашалған таңбалы тастарында осы ойынды ойнап жатқан ежелгі адамдардың суреті бар. Музейлерінде тұр. «Джинга» деген бимен астасқан ойын болған. Көбінесе бидің қимылдары. Әлгі «Нэшнл джағрафиктен» көрсетіп жататын тайпалардың биі бар емес пе? Тура сол. Аяқты алшаң басып, ортекедей секеңдеп билеу. Содан тараған капуэйро, румба деген билер шықты. Марио Фильо деген журналис кісі осы туралы зерттеу мақалалар жазып, бразилиялықтардың футболға неге қатты икемді екендігін түсіндірген. Сол Марио мырза қазір «Маракана» стадионының алдында мүсін болып қатып тұр. Атақты стадионды сол кісінің атына берген. Өйткені, кейбір адамдар бұл кісіні бразил футболының пайғамбары деп те айтады. Қара нәсілді тайпаның өкілдері от шашатын таяқшалары бар (мылтық) еуропалық ақ адамдардан қатты қорықты. Зәре-құты қалмады. Оларға түбі бағынышты болды. Тып-тыныш бейбіт өмір сүріп жатқан халықты «интеллигент» еуропалықтар отарлап алды. Әбден байлыққа мастанған ақтар өздерінше футболға ұқсас ойын ойнаған. Ананасты, кейіннен какосты, сосын апельсин тепті. Себебі, аталған өсімдіктер бұл аймақта әлі күнге дейін көл-көсір өседі. Піскен соң аяққа мыжылып, сөлі шығып, жерді шырындап жатады. Соны тебе бастаған еуропалықтар қаралармен ойнайды. Қолдарында сойыл мен қамшылары бар отарлаушылар қараларды реті келсе ұрып қалатын. Қамшымен тартып жіберетін. Сондықтан билеу мен түрлі қимылдарға икемді тайпа адамдары жалған қимылдар жасап әлгі доп тәріздіні ақ адамнан алдап алып қашатын болған. Міне, осындай «көңілсіз» ойын болыпты. Содан кейіндері бразилиялықтардың кәдімгі доппен де тура осылай қимылдай беруі Бразилияның жеке дара тәуелсіз ел болғанынан кейін де жалғасады. Еуропадан Уругвайға, алғашқы әлемдік мундиальға барған журналистердің бірі осы мәселені жазады. Әсіресе, Леонидас Да Силва деген ойыншының доппен билеуі ежелгі тайпалардың «джинга» деген өнеріне келетінін айтады. Қарсы келген адамға жақындамай жатып, допты ала қашатын бұл өнердің түбі содан шыққанын меңзейді. Отаршылдық теперішті көп көрген бразилиялық тайпалар өзгелерге қарағанда футболды да қаттырақ ойнайтыны осыдан деседі. Сондай, қиын-қыстау заманды көрген бразилиялықтардың көршісі Суринамда да осындай жағдайлар болған. Әйтпесе, Франк Райкард пен Рууд Гуллит секілді футболшылар Нидерланды футболын жаңа деңгейге көтермес те еді. Солардың бірі Патрик Клюйверт.
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Алдыңғы жаңалық
Құрбан Бердыев