Жарнама
Жарнама

«Ордабасының» жеңілісі сенсация емес заңдылық

24.07.2024, 11:46

«Ордабасының» еурокубоктердегі «жорығы» тәмамдалып қалған секілді. Көпшілік, Люксембургтегі кешегі сәтсіздікті, әсіресе, шетелдік БАҚ сенсацияға теңеп жатыр екен. Күтпеген нәтиже дейді. Әрине, сырттағы сарапшылар біздің жағдайымызды, «Ордабасының», жалпы айтқанда қазақстандық командалардың хәлін жете танымайды. Сондықтан, бюджеті, футболшыларының жалпы құны деген секілді көрсеткіштерге сүйенеді. Барлық жағынан басым болса, басым-ақ  шығар, бірақ ең маңызды компонент – ойын тұрғысында ондай ештеңе де жоқ. Қалай дегенде де кешегі ойыннан ешқандай үстемдікті байқай алмадық.

"Дифферданж 03" - "Ордабасы" кездесуі
Жарнама
Жарнама

Былтырғы КПЛ жеңімпазы Чемпиондар Лигасындағы мардымсыз ойыны үшін ұялғандай көрінген. Футболда түрлі жағдай болады, барлығын енді Конференция Лигасында жуып-шаяр деген үміт бізде де болды. Иә, үмітіміз ақталды, жуған жоқ, бірақ «шайды». Осыдан біраз жылдар бұрын УЕФА өзінің кең қанатының астына алған шағын мемлекет-қалалардың (Мальта, Сан-Марино, Люксембург) командалары жартылай кәсіби делінетін. Алайда, шымкенттік клубтың осы кезеңдегі қарсыласы – «Дифферданж» жайлы ресми ақпараттар арасынан ондайды көзіміз шалған жоқ. Десе де, неге екен бізге, футбол әлі де люксембургтік ойыншылардың жалғыз кәсібі еместей көрінді. Кеше қаңғырған допты Игнатовичтің қақпасына салып кеткен Жоржиньоның тағы біраз жерден нәпақасын айырып жүрмегеніне кім кепіл? Зейнетақы салмыдарын тексерген ешкім жоқ дегендей. Жарайды, оны қойшы. Нені меңзеп тұрғанымызды өздеріңіз де түсінген боларсыздар. Ең жанға бататыны, шымкенттік команданың дәл осындай қарсыластың өзіне қайратын өткізе алмауы. Барлық мәселе де, өкпе-реніш, ыза да осында.

Сенсация болатын түгі де жоқ. Александр Седнев команданы еурокубоктерге жеткілікті деңгейде дайындай алмады. Осыны мойындайтын уақыт жетті. «Петрокубпен» екі ойын және кешегі кездесуді қосқанда 270 минуттың ішінде бір де бір гол сала алған жоқ. Голды қойшы, гол кіретіндей 100 пайыздық мүмкіндік естеріңізде ме осы үш матчта. Иә, менің де есімде жоқ. “Кеше Шахбоз Умаровтың екінші таймдағы мүмкіндігі ше” дерсіз? Жарайды. Бірақ, сонымен болды бітті. Иә, бір гол айырмасы соншалықты жеткізбейтіндей меже емес. 2-3 доптық гандикапты да қайтарып жатады. Бірақ, Яхшибоев, Бесединдерден ондай әлеует табылар ма екен? Шымкент пен Молдовадағы масқаралардан кейін сіздер де “Ордабасы” ес жияды деп ойладыңыздар ғой, мойындаңыздаршы? Кешегі кездесуден кейін не айтасыздар? Өз басымыз жұлқынып тұрған ешкімді ерекшелей алмаймыз. Команда сынның астында қалған. «Ордабасыны» ерінбегеннің бәрі сынайтын болған. Кешегі 0:1-ден кейін «келесі ойын» деген үмітті сөздер айтылып жатыр екен. Әй қайдам, «аузы күйген үріп ішеді» «Петрокубпен» бірінші матчтан соң біз де оптимистер қатарында болғанбыз. Ақыр аяғында не болды? Сондай тәтті қиялдарыңыз болса, асықпай ойланып алыңыздар! Ертең өкініш өзектеріңізді өртеп жүрмейтіндей.

                  Келесі кезеңге өту үшін қанша гол керек?

Айтпақшы, люксембургтік команданың ресми атауы «Дифферданж 03». ҚПЛ чемпионы келесі кезеңге өту үшін де шамамен 3 доп айырмасымен ұтуы тиіс. Екеу де жетіп қалады, бірақ сонда да... «Ордабасының» қорғаныстағы ойынын білген соң осылай деп тұрмыз. Сол үшін голды артығымен салған жөн. Шымкенттік ұжымның жауапты матчқа жоспары да шамамен осындай болатын шығар. Ал қарсылас оған келісе ме? Сондай еңбекпен жеткен кешегі жеңістерін олар қызғыштай қорғайтыны анық. 1-тамыздағы теке-тірестің қалай өрбитінін ешкім білмейді. Бір анығы - «Дифферданж 03» жауапты матчта жанкештілікпен ойнайды. Кеше қарсыласының әуселесін байқап алды. Қазір олар үшін үшінші кезеңге өту соншалықты абстракция емес, қолдан келетін қалыпты міндетке айналған.

Люксембургтегі сәтсіздіктен кейін Бауыржан Исламхан әлемжелі арқылы жанкүйерлерден қолдау сұрапты. Еуротурнирлердегі үш матчтағы ойыны көпшілік көңілінен шыққан жалғыз осы Бауыржан ғана ма дейміз. Қалғаны әшейін жүргендей көрінеді. Сырт көз сыншыл дейді, бізге солай байқалады енді. Команданың ішінде не болып жатқанын кім білсін? Ол жақтағы жағдай да алаңдағыға ұқсас деседі. «Ордабасы» футболшылары арасында әлдебір түсініспеушілік бар дей ме, бапкерлік құраммен қарым-қатынастың дұрыс емес дей ме... Анығы ешкім білмейді, әйтеуір небір алып-қашпа қауесеттер жүр. Береке қашқаны ақиқат болса, жағдай шынымен де мәз емес деген сөз.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров