Жарнама
Жарнама

«Оқжетпес» бас бапкерінің легионерлерге қатысты заң жайлы пікірі: бұл - қазақстандық футболшыларға қосымша мүмкіндік

Бүгін, 14:20

Отандық клубтар дәл қазір жаңа маусым алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтауда.

Андрей Ферапонтов
Жарнама
Жарнама

Биыл ҚПЛ-де өнер көрсету мүмкіндігін алған «Оқжетпес» те осы мақсатта қарекет етуде. Көкшелік клубты тізгіндейтін Андрей Ферапонтовпен маусымға дайындықтары турасында біраз сұқбат құрудың сәті түскен. Танымал маманмен сондай-ақ, легионерлерді мемлекеттік қазынаның есебінен  қаржыландыруды тоқтатуға арналған заң жобасы жайлы да әңгімелескен едік.    

- Андрей Святославұлы, бүгін «Оқжетпестің» ойынын тамашаладық. Байқағанымыз, командада біраз жастар доп теуіп жүр. Құрамдарыңыз кәдімгідей жасарған, қорғаныста жас ойыншы Нұрлан Дайыровты көріп қалдық. Тәжірибелі тағы бірқатар футболшы өнер көрсетті. Жалпы, жаңа маусымға дайындық қалай өтуде?

- Иә, өте дұрыс айттыңыз, команда құрамын жаңарту үстіндеміз. Қатарымыз жаңа ойыншылармен, жастармен толығуда. Бұл қатарда сол Нұрлан Дайыровты айтсақ болады. Десе де, былтырғы командадан қалған футболшыларға арқа сүйейміз. Команданың негізін жасақтайтын да солар. Жігіттер биыл премьер-лигада ойнау құқығына ие болып отыр. Біз оларға сенеміз, енді әлдеқайда жоғары деңгейде өздерін көрсетуге мүмкіндік беріп отырмыз. Ал бұл жақтағы оқу-жаттығу жиындарын 21-нде бастаған едік, әзірге барлығы ойдағыдай. Мұндағы күн-райы да септігін тигізуде, бүгін міне соның арқасында бақылау бәсекесін өткізіп алдық. Жалпы, команданың дайындығына көңілім толады. Жігіттердің жаттығуға деген ынтасы зор, барын салып жатыр. Аянып қалып жатқан ешкім жоқ. Көптеген позициялар әлі де болсын күшейтуді қажет етеді. Ол енді селекцияның еншісіндегі шаруа. Бұл жұмыстар әлі толық аяқталып біткен жоқ. Енді жаңа басшылықпен ақылдаса-кеңесе отырып, бұл мәселелерді де біржақты етерміз деп үміттенемін. Бұл жерге бір айға келдік, енді осы уақыт аралығында біраз шаруаны қайырып қалармыз деп ойлаймын.

- Биыл ҚПЛ-дің бірнеше клубы легионерсіз өнер көрсетуге бел буып отыр. Баршаға аян, қазір осыған қатысты мәселе талқылануда, егер сол күшіне енетін болса, легионерлерді мемлекет қазынасынан қаржыландыруға заң жүзінде тиым салынбақ. Осы тектес өзгерістер клубтардың жасақталуына, жалпы командалардың деңгейіне қалай ықпал етуі мүмкін?

- Біріншіден, мұны жеке өз басым әлі толық түсіне алмай отырмын - бұл күшіне енген толыққанды заң ба әлде тек жоғарыдан келіп түскен ұсыныс қана ма? Жарайды, енді оны алдағы уақытта біле жатармыз. Бірақ бір анығы, шеттен келетін ойыншылар санына шектеу қойылса, бұл жерде жоғары деңгейлі легионерлерді айтам, онда әрине чемпионаттың сапа тұрғысынан тоқырайтыны анық. Ондай жағдайда көптеген команда біріншілік көшбасшыларымен бәсекелестік таныта алмайды. Себебі, жалпы біріншіліктің деңгейі чемпиондыққа бес-алты команда таласқанда ғана емес, ортаңқол ұжымдардың да фавроиттермен терезесі тең ойнай алатын дәрежеге жеткен кезінде өседі. Қысқасы, барлығының құрамында бірдей сапалы легионерлер болғанда, премьер-лига клубтарының деңгейі теңесетін еді. Екінші жағынан, әрине, бұл қазақстандық футболшыларға қосымша мүмкіндік. Олар өздерін жақсы қырларын көрсетіп қалатын еді. Қазақстандық футболшылар жастар, жасөспірімдер құрама командаларының бапкерлерінің назарын аудартуға күшті мүмкіндік алмақ. Мәселен, премьер-лигаға шығып, жоғары деңгейде өнер көрсеткелі отырған біздің клубтың футболшыларына секілді бұл барша жергілікті ойыншылар үшін тамаша мүмкіндік. Сондықтан, бұрынғыға қарағанда, футболшыларға өздерін көрсетіп қалуға қолайлы уақыт туатын еді деп есептеймін. Енді барлығы да олардың өз қолдарында...

- Әңгімеңізге рахмет, сәттілік тілейміз.

- Сіздерге де сәттілік!

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров